Ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған конференция өтті

28.02.2022

Бүгін еліміздің бас қаласында Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара ҚР Мемлекеттік хатшысы Е. Қариннің кіріспе сөзімен басталды. Ол Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетіндігін хабарлады.

 

Конференцияға лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, отандық және шетелдік ғалымдар, алаштанушылар, ахметтанушылар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар қатысты.

Ұлт ұстазына арналған конференцияның пленарлық отырысында М. Қойгелдиев, Ш. Құрманбайұлы, А. Ісмақова, Д. Қамзабекұлы, Э. Ибрагимов, А. Фазылжанова және т.б. зерттеушілер баяндама оқыды. Пленарлық отырыстан кейін «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тіл білімінің мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» атты секциялық отырыстар ары қарай жалғасын тапты. Аталған секциялық отырыстардың біріне Памуккале университетінен Нергиз Бирай, Орынбор педагогикалық мемлекеттік университетінен Татьяна Тугай онлайн қосылып баяндама оқыды. Пленарлық отырыс пен халықаралық конференция секциялары жұмысының нәтижелері бойынша қарардың жобасы қабылданып, қайраткер ғалымның жан-жақты мол мұрасы, күрескерлік өмірі мен шығармашылық тұлғасына қатысты айтылған ғылыми пікірлер мен тұжырымдар жинақталып, конференция жинағы әзірленді.

 

Конференциядан аяқталғаннан соң сағат 18.00-де Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филормонияда «Ұлт ұстазы» атты әдеби-сазды кеш өтуде.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру