Ұлт ұстазының мұрасы ұлықталды

28.03.2022
Қызылордада «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуының реформаторы және латын қарпіне көшудің бүгінгі жай-күйі» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Orda жоғары колледжінің ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің әр түкпірінен онлайн форматта қатысқан ғалымдар конференция тақырыбына сай баяндама жасады.

ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Ахмет Байтұрсынұлы және кірме сөздер мәселесі» тақырыбында баяндама жасаса, тағы бір көрнекті ғалым – академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы Ахаңның Алаш руханиятын сапаландыру жобасы жайында ой өрбітті.

Батыс Қазақстан инновациялық-техноло­гиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр Бай­тұрсынұлы көтерген білім беру саясаты туралы айтып өтті, Мемлекеттік тілді дамыту инс­титутының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек Ахмет Байтұрсынұлының бастауыш мектепте білім берудегі ұстанымдарын талдады. Тілдің әлеуметтік саралануы мәселесін Ахмет Байтұрсынұлымен байланыстыра баян­даған Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов тұжырымы да ұлт ұстазының 150 жыл­дығына орай ұйымдастырылған кон­ференциядағы қызықты тақырыптардың бірі болды.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру