«Тіл үйретудегі отандық әдістемелердің тәжірибесі» онлайн-семинары

29.03.2022

Іс-шараның мақсаты – тілді үйрету әдістемесі бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында оқытушылар мен әдіскерлерге авторлық әдістемелерді әзірлеу және қалыптастыру жайлы білім беру, үздік әдістемелік идеяларды ортаға салу, әдістемені жетілдіру.

Ағымдағы жылдың 15 наурызында басталған семинардың модераторы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, ф.ғ.к. Е.Тілешов сөз сөйлеп, алғашқы дәрісті филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің профессоры Зейнехан Күзекова «Қазақ тілінің қолданбалы грамматикасының әдістемесі» тақырыбында оқыды.

 

З.Күзекованың тілдік білім, тілдік мәдениет, бүгінгі таңда тілді оқытуға жаңаша қарауды талап ететіні туралы ойын ортаға салды. Қазақ тілін оқыту мазмұнын пәндік, процессуалдық, тіл біліміндегі құрылымдық, құрылымдық-семантикалық, функционалдық аспектілері тұрғысынан қарастырып, лексикалық бірліктерді үйретуге құрылған жаттығу түрлерімен тыңдаушыларды таныстырды.

Сонымен қатар қазақ тілі пәнінің оқытушысы Гүлмира Амандықова қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту тәжірибесінде қалыптасқан көп жылдардан бері сынақтан өткен авторлық әдістемесімен таныстырды. Г.Амандықованың әдістемесі тілдік кедергіні еркін жеңуге мүмкіндік беретін, әрбір тіл үйренушінің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын оятуға бағытталады. Тіл үйренушінің тілді үйренудегі қабілеті мен ерекшелігін анықтау арқылы грамматикалық және лексикалық оқу материалдарын «түсіну-қабылдау-ана тілімен салыстыру» механизміне негіздеп оқыту нәтиже беретіндігін түсіндірді.

17 наурызда жалғасын тапқан семинарды Әдістемелік басқарманың басшысы ф.ғ.к. Ж.Искакова ашты. Іс-шарада КИМЭП университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зәуреш Ерназарова «Сабақ құрылымын не анықтайды?» тақырыбында дәріс оқыды. Әдіскер-ғалымның ойынша, өткен шақ түрлерін тіл үйренушіде қалыптасқан когнитивті құрылымдардың негізінде белгілі бір тәртіппен, жүйемен ұсыну грамматикалық категорияны қабылдаудағы қиындықтардың алдын алып, тіл үйренушініңжаңа ақпаратты дұрыс қабылдауына, қолдануына мүмкіндік береді. Бұны әдістеме ғылымында когнитивті бағыт деп атайды. Ғалым сабақтың құрылымын анықтағанда, мәтін, мәтінмен жұмыс, грамматикалық тапсырмалардың түрлеріне, тапсырманы берудің реті туралы маңызды ақпарат берді.

 

25 наурыз күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының орынбасары Л.Есбосынова семинарды жүргізді. Спикер ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к. Мұсаева Гүлбағиза Әбіласымқызы «Қазақ тілін үйрету алгоритмі» тақырыбында баяндама жасады. Г.Мұсаева тіл үйренушіге ұсынылатын тілдік материал оқытудың мақсатына сай сұрыпталып, логикалық тұрғыда електен өтіп, белгілі бір жүйемен реттеліп берілуі туралы тәжірибесімен бөлісті. Бұл жүйе бір-бірімен байланыса отырып дамитын шағын қадамдардан тұрады. Қазақ тілін шетел азаматтарына үйрету тәжірибесі барысында қалыптасқан бұл жүйе арнайы жазылған оқу құралдарында көрініс тауып отыр.

 

Семинар барысында спикерлер авторлық әдістемелерді қалыптастыру жолдары, әдістеме мен технологияның айырмашылығы, тиімділігі, тәжірибеге енгізу механизмдері жайлы әдіскер мамандарға, оқытушыларға пайдалы ақпараттар берді.

Шараға республикалық Тілдерді оқыту орталықтарының мамандары, облыстық, қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері қатысты.

Онлайн іс-шара Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының фейсбук желісіндегі парақшасында да көрсетілді.

Аталған семинар алдағы уақытта да жалғасын тауып, үздік әдістемелік идеялар ортаға салынатын болады.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру