АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ ЖӘНЕ ТІЛДІК МҰРАТ

19.04.2022
Сөздің әсері деген керемет. Сөз дегеніміз – рухани қару. Бұл жөнінде халқымыз: «жылататын да, жұбататын да – сөз», - дейді. Тілдің, сөздің қуат-күші туралы айтылған ой-пікір қаншама! Халық даналығынан бастап, ел билеген көсемдердің, көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, сөзді кие тұтқан ақындар мен жазушылардың аталы сөздерінің қай-қайсысында болмасын, тілдің маңызы мен рөлі, сөз өнері туралы ой қозғалған. Сөз – киелі, сөзде энергия, күш, құдырет бар. Сөз заттанады. Содан да болар, қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, сөздің күшіне, сөздің құдыретіне сенген. Сөз заттанбаса, қазақтың батасы қайдан шықты, қарғыс мәнді сөздері қайдан шықты? Сөздің осындай құдыреті нақыл сөздерде де сақталғанын айта кету керек.

Биылғы жылы туғанына 150 жыл болған Ұлт ұстазы, мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтетін көрнекті қоғам қайраткері, қазақ сөзін түзеп, түрлеген, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан да сан алуан нақыл сөздер туған. Тақырыптық жағынан ұлттық мүдде, ғылым-білім, тәрбие, тіл туралы болып келетін нақылдардың басым бөлігі тілге арналған.

Профессор С.Жұмағұлов ғалымның нақыл сөздеріне «Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері – ояну дәуіріндегі рухани және саяси күрестегі елшілдік рух, ұлтшылдық сезім, мемлекетшілдік сана көрінісінің қайнары» деп баға береді.

Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат ұлтты ұйыстырумен қатар ана тілімізді сақтау мәселесі болғанын білеміз. Өткен ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тіл мәселесін айналып өтпеген. Танымал тұлғалардың бәрі дерлік сол кезде қазақ ғылымының дамуына, қазақша оқулық жазу ісіне, қазақ басылымдарын дамытуға көңіл бөлді. 1917 жылы Бірінші Жалпықазақ сиезінде «Алаш» атты партия құрылып, 14 мәселе қаралады. «Алаш» партиясы бағдарламасында бастауыш мектептердің ана тілінде оқытылуы, қазақ тілінде орта мектеп, университет ашу, қазақ тілінде газеттер мен кітап шығару ісі баса көрсетіледі. Қазақ тілінің өркен жаюы Алаштың ұлы мұраты болатын. 1924 жылы маусым айында Орынборда Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезінде де тіл, оқытумәселелері талқыланады. Дәлірек айтқанда сиезде жазу ережелері, әліпби мен қазақша пән сөздер мәселесі, ауыз әдебиетін жию шаралары, бастауыш мектептің бағдарламаларын дайындау мәселелері қаралады.

Қанатты сөздерді тудыру үшін де айтушысы жан-жақты, болмыс-бітімі өзгеден ерек, көргені де, тоқығаны да, оқығаны да көп, танымы жоғары тұлға болуы керек. Ахмет Байтұрсынұлына келетін болсақ, ол – өткен ғасыр басында тарих сахнасына шығып, бар өмірін, білгені мен түйгенін халқына арнап, артына өлшеусіз мұра, терең із қалдыра білген тұлға. Кезінде Бауыржан Момышұлы: «Патриотизм де­геніміз – әке-шешеңді құрметтей білуің, ауыл-аймағыңды ардақтай білуің, өз ұлтыңды сүюің, ана тіліңді ардақтауың, өз халқыңның өткен жолы мен тарихын құрметтеп, оған тіл тигізбеуің мен өз Отаныңды жаудан қорғауың», - деген сөз қалдырған екен. Біз сөз етіп отырған Алаш арысы да ұлтты сүюдің, тілді сүюдің жарқын үлгісін көрсеткен қайраткер ретінде ғасырлар өтсе де жаңғырығып, ұрпақ жадынан орын алар бірегей тұлға.

Ол қазақтың тіл ғылымы мен әдебиеттану ғылымын қалыптастырып,әлемдік үлгідегі мықты еңбектермен теңдесер дәрежедегі оқу құралдарын жазып, ғылымды түрледі. Өзінің зерттеу мақаласында тіл туралы: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», - деп жазды.Қазақ тілін өркендетіп, ғылым тіліне айналдыруды мақсат еткен ғалым ең алдымен қазақ әліпбиіне реформа жасады. Ол турасында І.Ахметұлы: «Қазақстаннан шыққан Ахмет бұрынғы араб әліппесін өзгертіп, қазақ әліппесін жазды. Неше жылдай қазақ елін шоқындырмақ болған миссионерлер, қазақ еліне үлгі көрсетіп, әліппе жасап бермек болған орыс білімпаздарының қолынан келмеген нәрселер Ахаңның ғана қолынан келді. Ахаңның дәйекшесін орыс білімпаздары да ілім жолындағы үлкен табыстың біріне қосып отыр» деп баға береді. Осы әліпби негізінде түзілген емле ережесіне келетін болсақ. Ә.Ермекұлы: «Ахаң емлені түзеп, қазақ тілінің негізін орнатқанына біз түгіл орыстар да қарсы емес. Емлеміздің дұрыс шешілгендігі, басқа елдердің көбінікінен артық екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан біз Ахаң мәселенің қиынын шешті дейміз», - деп тоқталады. Ғалымның осы еңбегі не үшін, кім үшін жасалғанын өз сөзімен айтқанда, «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын» білгендіктен туған ерлікке парапар қадам деуге қисыны келеді.

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі», - дейді ғалым. Негізі, тілге байланысты нақылдарынан қазақ тіліне көзқарасы,тіл туралы азаматтық ұстанымы, ғылым туралы ой-тұжырымы, ұлт қайраткері ретіндегі мақсат-мүддесі көрініс береді.

Тіл туралы не айтса, қандай мәселені көтерсе де, ойы мен ісі қабысып,көздегені тәжірибе жүзінде жүзеге асырылып жатады. «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолменен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын» деп балаларды қазақ тілінде оқытуды мұрат тұтқан ұстаз ұлттық мектеп тұжырымдамасын белгілеп берді. Сол мұраттың жолында оқыту бағдарламасы мен оқу құралдарын әзірлеп, оқытуға керекті әдіс-тәсілдерді айқындады. «Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ» деген ғалым, қазақ терминологиясын дұрыс арнаға бұрып, қалыптастырып берді. Шеттілдік терминдерді орайы келсе қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес дыбыстап қолдану керектігін негізгі ұстанымы етіп алды.

Бәрінен бұрын Алаш ардақтысының «Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарайтындығын біз ұмытпауға тиіспіз» деген пікірі және

осы оймен өзектес «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген пікірлері қазіргі қазақ қоғамындағы тілге қатысты мәселелердідөп басқандай. Құжат жүзінде тіліміздің мемлекеттік деп аталатын мәртебесі болғанменен, іс жүзінде қазақ тілінің лайықты тұғырына қонбай тұрғаны, ұлтаралық қатынас тіліне айнала алмай отырғаны да рас.

Ұлт ұстазының ой-пікірі бүгінгі күнмен жалғасып жатыр. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы: «Орта мектептердің барлық пәндерін мемлекеттік тілде оқыту керек. Елімізде мынау қазақ мектебі, анау орыс мектебі деген бөлуді қоятын кез келді. Жалпы орта мектептердің барлық пәндерін мемлекеттік тілде оқытуды қолға алуымыз керек», – деп мәселе көтеріпті. «Жақсы сөз – жарыс ырыс» дегендей, тілге келгенде осындай батыл пікірлердің айтыла бергені дұрыс.

«Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз» - дейді ғалым. Осы орайда айтарымыз, қазіргі уақытта қазақ бола тұра баласын орыс мектебіне берушілер саны азаймай тұрғаны қынжылтады. Ахметше айтқанда, «сиаз ашып, жиналыс жасап айта бергеннен іс өнбейді». Тірлік қылып, нақтылы әрекетке көшу керек. Тіл жанашыры ретінде қазақ баласын қазақ мектебіне тартқымыз келсе, балабақшада үгіт-насихат жұмысы жүргізілу керек деген ойдамын. Үгіт-насихат сол бақшаға жақын орналасқан мектеп басшылығы тарапынан жүргізілуі керек. Балабақшадағы ата-аналар жиналысына қатысып, қазақ мектебінің мүмкіндігін айтып, жарнама жасалуы керек. Бұған балабақша басшылығы да мүдделі болып, ата-анамен дұрыс жұмыс жүргізуі керек. Егер де ата-ана келісіп, баласын қазақ сыныбына берер болса, мектептерде осындай тілге шорқақ балалар үшін қазақ тілін тегін үйрететін қосымша сабақтар болуы керек. Аптасына 2 не 3 рет ұйымдастырылса, ата-ана баласына репетитор іздеп әуре болмайды. Тегін қосымша сабаққа барып, қазақшасын жетілдіріп жатса, баласын қазақ мектебіне беруге ата-ана да қарсылық білдірмесі анық. Тоқ етерін айтқанда, қазақ баласы қазақ мектебінде оқымайды деп айта бергеннен гөрі мәселені шешу жолын ойластырған жөн.

АҚШ Висконсин университетінің профессоры, ұлты түрік Камел Карпат «Қазақ тілі – ең таза түркі тілі. Түркі тегінің тамыры да осында жатыр» деп баға берген екен. Көнеден өзгермей жеткен мұрамызды, кезінде ұлт ұстазы түрлеген, қорғау жолында бар өмірін сарп еткен тілімізді сақтау үшін не істеуге болады?

Тіл мәселесі шешімін тауып кетпегенмен, арагідік жұртшылықты қуантатын жақсы жаңалықтар да болып тұрады. Мәселен, Білім және ғылым министрінің пәрменімен Ахметтей ұстаздың «Әліппесі» бастауышқа қайтарылды. Осы жақында ғана «Tiji» «Nickelodeon» арналары қазақ тілінде хабар тарататыны айтылды. Кішкентай көрермендердің сүйіктісіне айналған «Спанч боб», «Шаршы шалбар» мультихикаялары енді қазақ тілінде көрсетіледі екен. Сондай-ақ ең соңғы естіген жаңалық тіл саясатын жүзеге асыру бойынша комиссия құрылмақшы екен. Тіл реформасын кешенді іске асыру және мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру бағытында жұмыс жасамақшы.

Тілін қастерлеп, қасиетін сезінген, қазақ тілінің мүмкіндігі шексіз екенін еңбектерінде ғылыми тұрғыдан дәлелдеген, тілдің жоқшысы әрі шырақшысы болған Ахметтей арыстың күрес жолы кейінгіге өнеге болуы тиіс. Олай болса, ұлт бағына туған ұлы тұлғаның «Ұлттың сақталуынан да, жоғалуынан да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген қанатты сөзі Жаңа Қазақстан құру жолында басым бағытқа, негізгі ұлттық идеяға айналуы керек.Сонда ғана қазақ тілінің өзге тілге кеткен есесі қайтып, мәртебесі көтерілер. Туған тілдің, туған мәдениеттің басында тұрған ұлт зиялысының тілге деген махаббаты, тілге деген жанашырлығы қазақ баласына үлгі болмаққа керек.

 

Жұпар ЖАҚАНОВА

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру