ҚҰРМЕТТЕП ШАПАН ЖАПТЫ

22.04.2022
Ардақты әріптесіміз, ұзақ жылдар Орталықтың Баспа басқармасын басқарған Әлім СӘДУАҚАСҰЛЫ жақында құрметті еңбек демалысына шығып, Орталықтың Бас директоры Ербол Тілешов ата-бабамыздың ежелгі салтымен иығына шапан жапты. Әлбетте, өзі жақсы адамның артында қашанда жылы сөз қалады, жарқырап із қалады. Күліп қоштасқан – күліп кездесуге жақсы, қимастық сезім қоса жүретіні жасырын емес. Шығарып салу кезіндегі тілек білдіргендердің жүрек тебіренісіне толы шынайы лебізі сол райда шығып жатты.

Әлім Сергібаев ағамыз өз өмір жолының қызықты сәттерін әдеттегідей жарасымды әзіл араластыра әңгімелеп, ұжымға алғысын айтты. Биыл алғашқы қазақ кітабының жарық көргеніне 215 жыл. Бір қарағанда, Ә.Сергібаевтың жеке басына қатысты айтулы оқиғаның осымен тұспа тұс келіп жатуының өзі кездейсоқ емес секілді. Олай дейтін себебіміз, ұлттық баспа ісінің белгілі майталманы ретінде Әлекеңнің есімі қай жерде де құрметпен аталады. Салаға қатысты әр деңгейдегі лауазымдық қызметтерді атқару барысында жұмысқа деген айрықша қабілет пен жоғары жауапкершілік қасиеттері арқылы дараланып жүрді.

Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты.

Білімді маман, білікті басшы болумен бірге үлкен әріптермен жазылған Адам атану – зор бақыт. Ол осы абырой биігін бағындырып, айналасына шуағын шашқан жайдары мінезімен үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсетіп келеді.

Әсіресе, біздің ұжым тарихында келелі де кең құлашты іс атқарды.

Басшы болып, Орталықты өрге сүйреген кезі ұмытылмайды.

Зейнеткерлікпен бірге өмір мәні, парасат жүреді дейді.

Бұрын таң атысы, күн батысы адал еңбегі бір ғана туған Отанымыздың игілігіне арналса, Жаратқан иеміз жар болсын, енді ұрпақ тәрбиесіне Ата болып араласып, құнды ақыл-кеңесімен қазақ қоғамының баға жетпес байлығына айналып жатыр.

Ұзағынан сүйіндірсін!

Әулетіңіз аман болып, тамырыңыз тереңге жайылсын, жапырағыңыз биікте жайқалсын!

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру