БАУЛУ МЕКТЕБІ

28.04.2022

«Баулу» деген сөз жаңа мектептің атына да, затына да дөп келеді. Баулу мектепте балалар «баулу» түрде үйретіледі. Қазақ тілінде «баулу» деген сөз үйретудің қай түріне айтылады? Қасқыр күшігін жеуге баулығанда, қорадан қозы ұрлап апарып баулиды. Мысық баласын тышқан ұстауға баулығанда, тышқанды тірілей əкеп беріп, қашырып ұстатып, баулиды. Қазақтың ескі жырларынан, ескі сөздерінен батыр болғандарды қалай баулып батыр қып өсіргендерін көреміз, батырлар басқаларды ңбалаларын қалай баулып өсіргенін көреміз. Мəселен, Шыңғыс ханды жасында баулыған Шолақ қол батыр тас атудан бастап, садақ пен құс атуға дейін баулыған. Адам арқасына мініп қару қылудан бастап, ат арқасында қару қылуға дейін баулыған. О заманда би болғандар би мектебінде баулынған, яғни биге атшы болып, бірге жүріп, бірге тұрып, бітірген істердің ішінде бірге болып, баулынып, би болған. Үйретубастапқыкездеқайда даболса,«баулу»түрдеболған.

Оқу беріде шыққан үйрету түрі. Баулудан шығып бала үйрету, «оқу түріне түсіп кетуі, оқу түріне түскенде де жалаң оқу түріне түсуі тіршілік түріне қарай болған. Тіршілікке керектің бəрі табиғаттан алынады.Сондықтан үйрету«жалаң оқу» түрге айналуы адамның табиғат тану түріне қарай болған.

Қайжұрттың да болса, мəдениет есігінде отырған заманы болған. Мəдениет есігінде отырған шағында олардың да балаүйретуі «баулу» түрде болған. Оларда үйретудің «өлі оқу» түрінде бастарынан кешірген. Оларда «өлі оқуды» жандандырып, «төте оқу» түріне түскен. Онан бері келе «төте оқуды» да жандандыру үшін «көрнекі оқу» түріне түскен. Ақырында қайтадан «баулу» түрге түсіп отыр. Мұнысы несі? Кер жайылу ма?Болмаса басқа бір мəнісі бар ма? Сырттан қарағанда, кер жайылу сияқты да,ішінен қарағанда,тек кер жайылу болып шықпайды.Бұрынғы «баулу» мен бүгінгі «баулудың» түрі бір болғанмен, сыры бір емес, үйреткені о күндегі тұрмыс түрімен бұ күндегі тұрмыс түрі бір емес. Тұрмыс түрі басқа болған соң баланы баулығанда үйрететін істің түрі де басқа болады. О күндегі тіршілік шарасына істелетін істің түрі аз болған соң, баланы баулып үйрететін əдістің де түрі аз болған. Бұ заман – машина заманы.

Машина заманындағы тіршілік ісінің бəрі де машиналы.

Бұрын қолмен істелетін керек-жарақтың көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрын көлікпен істелетін жұмыстың көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрын күшпен істелетін қиянат, зорлық сияқты істердің көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрынғы батырлық, қайрат бұл күнде машинамен істеледі.

«Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекі оқу» – бəрінің асылы – оқу. Оқу біткеннің бəрінен алатын білім – өлі білім. Үйткені оның бəрі де нəрсенің өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек нəрсенің атымен,бернесімен ғана айналыстырып үйретеді.Бəрі де істің əдісін үйретпей, тек мəнісін үйретеді. Сондықтан оқу мектептерінен шыққандар да мəнісін білім мол болғанмен, əдіс білім аз болады.Əдіссіз тек мəніс білімі–өлі білім.

Тіршілік–тірлік шарасы.Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен əдіс білімін қатар үйренгенде білмек.

Ұлы істердің əдісі де ұлы болады. Ұлы əдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу мəнісін білгенмен, істеу əдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма?

Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қылып шығару. Бұл міндетін дұрыстап атқару үшін көздеген мақсатқа керек істерді дұрыстап істеу тиіс. Қалай үйреткенде бала көздеген түрдегі адам болып шықпақ? Мəселенің қисыны – осы жерінде. «Өлі оқу» – о дүниедегі іске үйретпеген, сондықтан о түрлі оқу тіршілік мақсатындағы іске үйлеспейтіні көрініп тұр.

«Төте оқу» нəрсенің, істің затын алмай, атын ғана алып, құр сөз түрінде үйреткен.Сөзбен үйреніп, сөз жүзіндегі іске шебер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес. Сөзге қарамайтын тіршілік істері толып жатыр.Ол істерге істеп, үйреніп, шебер болмаса, сөзбен үйреніп шебер бола алмайды.

«Көрнекі оқу»нəрсенің затын, ісін көрсетіп үйретеді.Көріп үйрету баланың табиғатына жақын дейді. Бала мектепке барғанша 5-6 жылдың ішінде бір талай білім білетіні рас. Бірақ ол білімді жалғыз көрумен ғана емес, көргенін еліктеп істеумен үйренеді.

«Көрнекі оқу» мен бала үйрету тоғай талын тамашаға апарып танытқан мыйсалды да, «баулу» мен бала үйрету тоғайдан балаға құрықша іздетіп танытқан мыйсалды. «Көрнекі оқу» мен «баулу» екеуінің арасындағы айырмасының асылы осы. «Өлі оқудан» көрі «төте оқу» беретін білім жандырақ. «Төте оқудан» гөрі «көрнекі оқу» беретін білім жандырақ.«Баулу»беретін білім бəрінен де жандырақ. «Баулу» асылында дағдылы шағындағы тіпті «бала оқыту»емес,тіршілік ісіне тігілей түсіру.

«Баулу мектеп» дағдылы мағынадағы мектеп болмай,толып жатқан ұйым, қоғамдардың бір түрі сияқты боларға керек.

Дағдылы оқу мектебін «баулу» мектепке айналдырып, қыран ұясындай ету үшін не керек болатынын алдағы əңгімелерге қалдырып, осымен сөзді тоқтата тұрамыз.

А.Байтұрсынұлы,

Жаңа мектеп» 1925.

No1. Б. 24-27.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру