ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ
Тілдік орта демекші, үйренемін дейтіндерге тілдік орта жоқ деуге келмейді. Баладан бастап үлкендерге дейінгі аралықты есепке алатын болсақ, бізде тілдік орта бар. Соңғы кезде «электрон тілдік орта» деген ұғым да пайда болды. Жанды тілдік ортамен байланыс жасай алмаған тіл үйренуші осы «электрон тілдік орта» арқылы да дос тауып, тіл үйренуіне болар еді.
2021 жылы халық санағы өтті. Деректерге сүйенсек, елімізде 19 169 550 адам болатын болса, соның ішінде қазақ ұлтының үлес салмағы 70 пайыздан асыпты. Мемлекеттің тілдік ахуалына ұлттық ерекшелік әсер ететінін ескеретін болсақ, бұл, әрине, қуантарлық жаңалық. Өйткені ұлттың басымдылығымен ұлттық тілдің басымдылығы айқындалатыны белгілі. Алайда сол 70 пайыздан асатын қазақтың бәрі қазақтілді емес екеніне де назар аударған жөн. Оның ішінде ұлты қазақ болғанмен, қазақша сөйлегісі де, үйренгісі де келмейтін қазақ; аздап қана сөйлей алатын, бірақ ниеті түзу, ынтасы бар қазақтар да барлығын және ұмытпау керек. Жоғарыда айтылғандарға қарап, демографиялық көрсеткіш көтерілсе, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі шешімін табады деген пікірді қайта ой елегінен өткізуге тура келеді.
Көпшілік қауымға белгілі, «стратегия» деген ұғым бар.Қарағанды облысында мемлекеттік тілді оқытуға байланысты жүйелі стратегиялық жоспар қалыптасқан. Жоспарлаудың нақты мақсатқа бағытталатынын ескерсек, облысымызда тілді оқытудың мақсаты пен міндеті айқындалған.Соның негізінде Қарағанды облысы бойынша ересектерге қазақ тілін оқытуда әр жылдары төмендегідей негізгі мәселелер туындап, шешімін тауып отырды:
- Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту мәселесі (2007 жылдан бастап).
- Мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқыту мәселесі (2009 жылдан бастап).
- Мемлекеттік тілді қашықтан оқыту мәселесі (2018 жылдан бастап)
- Мемлекеттік тілді кәсіпкерлік нысандарында оқыту мәселесі (2021 жылдан бастап).
Тілді оқытуда жақсы нәтижеге жету үшін, ең алдымен, дұрыс әдістемелік өнім керек. Қажеттілікті ескере келе Қарағанды облысында 2007-2008 жылдар аралығында алғаш рет үшдеңгейлік «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені әзірленді. Аталған өнім Қазтест стандарты негізіндегі бесдеңгейлік «Сарыарқа – 2» оқу-әдістемелік кешені әзірленгенге дейін мемлекеттік тілді оқыту курстарында белсенді қолданысқа ие болды. Мемлекеттік тілді оқытуға қатысты көп айтылатын бірізділік мәселесі ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы шешімін тауып отырғаны және республика азаматтарының тілді меңгеру деңгейі Қазтест тапсырмалары арқылы бақыланатыны ескеріле келе,«Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенін жаңа стандарт талабына лайықтап, қайта қолға алу қажеттігі туындады. Нәтижесінде 2016 -2018 жылдар аралығында А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінің оқу құралы мен жұмыс дәптерінен, аудиодискіден тұратын бесдеңгейлік «Сарыарқа – 2» оқу-әдістемелік кешені әзірленді. Тілді деңгейлеп оқыту мәселесі әдістемелік тұрғыдан осылайша шешімін тапқаннан кейін Қарағанды облысы көлемінде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі дұрыс жолға қойылған. Дәл қазіргі уақытта аталған оқу-әдістемелік кешен бойынша «Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы» жеке кәсіпкерлік мекемесі мен қанаттас 5 қаладағы оқыту орталығы мемлекеттік тілді оқытады.
Ал екінші мәселе бойынша айтарымыз, қазақ тілін оқыту үдерісінде түйткілді мәселелердің бірі кәсіби салаға бағыттап оқытуға байланысты туындайды. Мемлекеттік тілді оқыту курстарында тыңдаушылар, әсіресе, мемлекеттік қызметшілер тарапынан да осы орайда сөз қозғалып, қазақ тілі салаға бағытталып оқытылса деген сұраныстар үнемі туындап отырады. Осыны ескеріп келгенде Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығы тарапынан 2009 жылы «Медицина саласына арналған жұмыс дәптері» әзірленіп, қала емханаларындағы тіл мамандарына таратылды.
Қарағанды өңірінде кәсіби салаға бағыттап оқыту мәселесі 2021 жылы жалғасын тапты. Қарағанды облыстық соты тарапынан болған сұраныс негізінде аталған мекеменің қаржыландыруымен сот саласына арналған А1, А2 және В1 деңгейінде оқытатын оқу құралдары аудиоқосымшасымен бірге әзірленді. Әдістемелік өнімді әзірлеуші мекеме – Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы. Оқу құралдары оқыту ұзақтығы 120 сағатқа негізделген 5 модульден тұрады. Бастан-аяқ салалық лексикалық минимум алынып, сөйлеу әрекеті түрлеріне байланысты алынған жаттығу мазмұны, алынған мысалдар, мәтіндер де тікелей сот саласына бағытталған. Оқу құралы мазмұны тек тіл үйретуге бағытталған контенттен ғана тұрмайды, тест түрінде білімді бақылау мүмкіндігі ескерілген. 2021 жылы сәуір айында республикалық деңгейде тұсаукесері өтіп, тіл мамандары, ғалымдар тарапынан оң бағасын алды. Әдетте, тілді оқыту барысында қолданылатын әдістемелік өнімдерде тақырып пен мазмұнның тартымдылығы, тіл үйренушілерді жұмыс істеуге ынталандыру, берілген материалдың тіл үйренушіні тілдік қатысымға оңай жетелеуі, оқыту материалын меңгеру арқылы өз саласында ауызша және жазбаша қатысымға түсуіне мүмкіндік тудыратыны ең асты шарт болса, сот жүйесіне арналған деңгейлік оқыту құралдарын осы талаптың үдесінен шыққан әдістемелік өнім деуге негіз бар.
Кәсіби салаға бағыттап оқытуда белгілі бір мақсат көзделеді. Сондай-ақ мына мәселелер ескеріліп барып оқыту қолға алынса, бастама өз нәтижесін берген болар еді.
- Нақты қай саланы оқытуға сұраныс көп екендігін анықтау.
- Салаға бағыттап оқыту деңгейін нақтылау.
- Салаға бағыттап оқыту бағдарламасын әзірлеу.
- Оқытуды жүзеге асыруға қажетті әдістемелік өнімдер (оқу-әдістемелік кешен, салалық сөздіктер т.б.) әзірлеуді қолға алу.
- Курсты жүргізетін оқытушыны дайындау.
Бұның дұрыстығына Қарағандының мысалында көз жеткізуге болады. Қарағанды облыстық сотының мамандары А1, А2, В1 деңгейінің курстарын үздіксіз оқығанда осы аталған мақсатқа сай білім алып шығуға тиісті деген ойдамыз.
Жалпы, бүгінгі заман тудырған қажеттілік ретінде ақпараттың қарқынды ағыны, жоғары технологиялық инновациялар өмірдің барлық саласына еніп кеткен. Үшінші мәселеге тоқталатын болсақ, Қарағанды облысында тілді қашықтан оқыту жүйесі 2018 жылдан бастап қолға алынып, қазіргі уақытта дұрыс жолға қойылған. Пандемияға байланысты 2020 жылдан бастап оқытудың онлайн түрі басымдық алғаны белгілі. Бұл ретте Қарағанды өңірінің оқыту орталықтарында қашықтықтан оқыту тәжірибесі ертерек қалыптасқандықтан, оқытуда қиындық туған жоқ. Бұл бағытта Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік тілді оқытып отырған тілдерді оқыту орталығының оқытуды сапалы жүргізуге мүмкіндігі де, әдістемелік әлеуеті де жетерлік. Мәселен, бір ғана мысал келтірсек, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығында техникалық база, білімді бақылауға арналған материалдардың толық электронды базасы, лексикалық минимумдардың базасы, аудиомәтіндер, орталықтың Youtube каналындағы грамматиканы меңгертуге арналған бейнесабақтар базасы мен подкасттар топтамасы, лексикалық минимумдарды меңгертуге арналған шағын жағдаяттық бейнероликтер дайындалып, іске қосылып отыр.
Кәсіпкерлік нысандарда тілді оқыту мәселесі – қазіргі тіл саясатындағы ерекше мән беріліп отырған басым бағыттың бірі. Расын айту керек, бизнес өкілдерін, кәсіпкерлерді қазақша сөйлету оңай емес. Аталған мәселеге қатысты биылғы жылы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мұрындық болуымен 24 сағаттық қысқамерзімді курс бағдарламасы әзірленіп, өңірлердегі оқыту орталықтарына таратылды. Бұл бағдарлама:
- мамандардың өздері қызмет ететін мекемелерде қазақша қарым-қатынасқа түсе алуын;
- қарапайым хабарландырулар, жарнама, нұсқаулықты түсініп оқи алуын;
- өз мамандығына қатысты терминдерді түсініп, қолданысқа енгізе білуін;
- тұтынушымен қарым-қатынасқа түсе алуын;
- әріптестерімен кездескенде жұмысына қатысты қысқа әрі нұсқа сөйлесе алуын;
- өзі қызмет ететін салаға қатысты теледидар мен радио хабарларын, газет-журналдағы қысқаша ақпаратты түсіне алуы және екінші бір адамға жеткізе алуын көздей отырып, әзірленді.
Бағдарламамен қоса бірнеше саланың қысқаша «Тілашары» әзірленіп, ол да таратылды. Одан өзге 2021 жылдың қазан айынан бастап қаламыздағы ірі сауда орындарында қазақ тілін оқыту кабинеттері ашыла бастады. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласынан бастап облыстың өңірлерінде де ірі сауда нүктелерінде оқыту жүргізіліп отыр. Тіл үйрету үдерісінде кәсіби салаға бағыттап оқыту тыңдаушының оқуға деген қызығушылығын арттырудың тиімді жолы болғандықтан, бұл үрдіс жалғаса бермек. Оқытуға әдістемелік жағынан қолдау көрсету мақсатында Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы тарапынан А1 деңгейінің тіл үйренушілеріне арналған «Қоғамдық орындарда қызмет көрсетушілерге арналған оқу құралы» әзірленді. Оқу-әдістемелік құрал қазақ тілін кәсіби салада үйренушілерге арналған. Аталған оқу құралы сауда-саттық саласында тұтынушы мен сатушы арасында мемлекеттік тілдегі сөйлесім әрекетін қалыптастыруға негіз болмақ.
Қарағанды облысы Статистика департаментінің 2021 жылғымәліметі бойынша облыс тұрғындарының жалпы саны – 1 371 914 адам. Оның ішінде қазағы – 735,2 мың адам. Бұл барлық тұрғындардың 53,9 % - ын құрайды. Орыс ұлты өкілдері 469 мың адам болып, 34,2 %-ды, өзге этнос өкілдері 167 мың болып, облыс тұрғындарының 12 %-ын құрап отыр. Халық саны жағынан ресублика бойынша төртінші орында тұрған, ірі өндіріс ошағы болып отырған Қарағанды облысында жергілікті ұлт өкілінің саны әлі де болса таразының екінші басын салмағымен баса алмай отырғанда мемлекеттік тіл саясатын жүргізу оңайға соқпасы анық. Алайда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшылығымен, облысымыздағы тәжірибелі мамандардың, әдіскер ұстаздардың қолға алуымен ұтымды стратегиялық жоспар негізінде жұмыс жүргізу жолға қойылған. Оқытуды қоғам мүшелерінің сұранысы қанағаттандырылатындай деңгейде ұйымдастыру арқылы тілді оқыту, оның ішінде ересектерге қазақ тілін оқытудың әдістемелік мәселесі шешімін тауып отыр.
Жақанова Жұпар Рысқұлқызы,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м.