ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ
«Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: «Қазақ өнерсіз бола тұра, көпке шейін бөтен жұрттарға бағынбай келгенін түрлі жоруға болады: не бұрынғы заманда қазақ мықты халық болған деп, не көшпелі болғаннан сынаптай сырғып, ешкімнің қолында тұрмаған деп, не ауданы үлкен кең дала, ол замандағы айналасындағы көрші жұрттардың уысына сыймаған деп».
Қай халық та өзінің сан ғасырлық тарихына үңілгенде, әр кезеңде өмір сүрген тұлғалардың өз елінің өркендеуі жолында әртүрлі рөл атқарғанын байқайды. Оларға лайықты баға беру болашақ үшін қажетті іс»,– деп бастады тереңнен толғаған ойын Ербол Ердембекұлы.
Әлбетте, әрбір қысым өз жолында қарсылыққа душар болады.
Ресей империясы отаршылдығының өршуі сол кездегі қазақ оқығандарының қоғамдық-саяси көзқарасын мүлдем басқа бағытта қалыптастырды. Ол кезде «азамат» деген жалғыз ауыз сөздің өзі ел мұңын жоқтаушы, қоғамдық қызметтің қайнаған ортасында жүру, ұлт-азаттығы жолындағы күреске белсене араласу дегенді білдіретін-ді. Сондықтан, олар тарих сахнасына өздерінің алдындағы дәстүрді тек жалғастырушы ғана емес, бұрын-соңды болмаған ренессанстық сипатта көтерілді.
Ұлт көсемі Ахаңның алғашқы қасиеті де қайраткерлік. Халқына не қажет болса, соған қалам тербеді. Тарих толқынында танылған барлық қасиетінің бар өзегі қайраткерлігінен өрбиді.