А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ МӘТІНДЕРІН ЖАРАТЫЛЫСТАНУ САБАҒЫНДА ҚОЛДАНУ

11.05.2022

Мәселен, ұлт ұстазы Телжан Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралының» кіріспесінде балалар үшін: «Табиғат құбылыстарын қысқаша түсіндіру, түрлі ырым, ертегі, өтірік нәрселерге сенуді жою, табиғаттың керекті заңдарын түсіндіру, пайда, зиянын ұғындыру» - керегін атап көрсеткен. Өздері мақала деп атаған мәтіндерді баланың түсінігіне барынша икемдеп, ұғынықты етіп ұсынған. Қазір бастауыш сыныпта оқытылатын «Жаратылыстану» пәні мазмұнының басым бөлігі А.Байтұрсынұлы мәтіндерінде қамтылған десе артық айтқандық емес. Мысалы, тұқым таралуын оқығанда «Оқу құралдағы» (1927) «Өсімдіктің жер жүзіне таралуы» мәтінін, жануарлар класының өкілдерін ажырату үшін «Бақа-шаян», «Құрт-құмырсқа», «Құс» тәрізді мәтіндерін, қанайналым жүйесін оқығанда «Титтей жұмыскерлер», пайдалы қазбаларды өткенде «Мұнай», «Саз», «Тас көмір», «Тұз», ғарыш денелерімен танысқанда «Күн», «Құс жолы», «Құйрықты жұлдыз», «Жұлдыздар», электр энергиясы көздерін талдағанда «Күн күркіреуі мен найзағай неден болады?» мәтіндерін қолдануға болады. Бұл көрсеткеніміз мәтіндердің аз ғана бөлігі.

А.Байтұрсынұлының мәтіндерімен жұмысты жаратылыстану сабағының барлық кезеңінде: тақырыпты меңгеруге қызықтыру, бастапқы білімді жаңғырту, негізгі тақырыпты үйрену, бекіту, бағалау үшін, кіріктіруді, саралауды жүзеге асыру үшін жүргізуге болады. Мәтіндерді үй тапсырмасы, сыныптан тыс жұмыс ретінде де ұсыну мүмкіндігі мол. Мысалы, 3-сыныпта 3.2.1.1 өсімдіктердің фотосинтез процесінде оттек бөлуін түсіндіру оқу мақсатын орындау үшін сабақ басында «А.Байтұрсынұлы «Жапырақ» әңгімесінде «Ағаштардың аузы мен қарны жапырағында» - деп жазыпты. Неліктен олай деді екен?» - деген сұрақты қою оқушыны тақырыпқа қызықтырады. Бұл мәтінде А.Байтұрсынұлы фотосинтездің жердегі тіршілік үшін маңызын баяндап, өсімдіктің бойында пайда болатын қоректік зат пен жанама өнім – оттектің Жер бетіндегі тіршілік көзі екенін бала ерте жастан түйсініп өскенін дұрыс деп тапқан. Сонда өсімдікті, табиғатты қорғау өз өмірін қорғаумен бірдей деп түсінетін, экологиялық мәдениеті жоғары азамат тәрбиелей алатынымыз мәлім.

Ғалымның «Жер құйқасы» деген мәтіні мазмұнынан 3.3.4.2 топырақтың негізгі құрамын зерттеу оқу мақсатын жүзеге асыру үшін жүргізілетін бірнеше тәжірибе нұсқаулығы құрастырылады. Мысалы, тәжірибенің біреуін жүргізу реті былайша берілген:

1. Қалайы сауытқа топырақ толтыралық. Соны қолдан таразы жасап бір басына салалық, екінші жағын бір нәрсемен теңелік (Бұл жерде тек эксперимент қана емес, модельдеу де бар. Бала таразыны және теңгеретін жүкті қолжетімді ресурстармен модельдейді. Бұл қазіргі «Жаратылыстану» пәнін оқып үйрену ұстанымдарына әбден сәйкес).

2. Сонан соң қалайыны ыссы жерге қойып, топырағын кептірелік.

3. Енді топырақты таразының басына қайта салсақ...

Нәтижесі сипатталады: «...жеңіліп қалады, екінші жағы басып кетеді».

Қорытындыланады: «Ол ішіндегі суы кеуіп кеткендіктен».

Осылай бала тақырыпты практикалық жұмыс арқылы оқып үйренеді әрі зерттеу жүргізуге машықтанады. Сонымен қатар, тәжірибе жүргізердің алдында оқушыларға «Жер құйқасы деген не?» сұрағын қойып, болжам жасау ұсынылса, тақырыпты оқып үйренуге қызығушылығы арта түсетіні сөзсіз.

А.Байтұрсынұлының оқулықтарында пәнаралық, деңгейаралық, бөлімішілік байланысты жүзеге асыруға қолайлы мәтін өте көп. Мысалы, «Жандықтар» мәтіні 4-сыныптағы 4.2.2.1 өз өлкесіндегі жануарларды жіктеу оқу мақсатын жүзеге асыруға қажет білімді жаңғырту үшін таптырмас материал. Өйткені мәтін арқылы оқушы төменгі сыныпта оқып үйренген жабайы және үй жануарлары, жануар топтары, көбею жолдары, омыртқалы, омыртқасыздар тақырыптарын еске түсіреді. Мұндай мәтінді қалыптастырушы бағалау үшін де қолдануға болады.

Мәтіндердің негізінде тапсырма құрастырып ұсыну да тиімді. Мәселен, «Жандықтар» мәтінінен алынған «Дүниедегі жандықтардың бәрі тапқа бөлінеді: хайуан, құс, балық, бақа-шаян, құрт-құмырсқа» үзіндісін «Ұғымдарды қазіргі уақытта қолданылатын ұғыммен ауыстыр және қажетінше толықтыр» - деген тапсырмамен берсе, оқушы өз тарапынан мынадай мәтін ұсынуы мүмкін: «Жануарлар топтарға бөлінеді: бунақденелілер, балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер». Сөйлемді оқушы «бауырымен жорғалаушылар» сөзімен толықтырады. Сондай-ақ, балаларға «жандық» сөзінің мағынасын білу де өте қызық болатыны сөзсіз. «Жандық» сөзін қандай ұғыммен алмастыруға болады?» - деген сұраққа олар «жәндік», «жануар» деген нұсқаларды айтуы мүмкін. Тіпті пікірталас ұйымдастыруға болады.

Оқыту процесіндегі ең маңыздысы – оқушыны білімді ақылмен қабылдауға, санасымен қорытуға үйрету. Ахмет Байтұрсынұлының мәтіндері осы мәселені толығымен қамтиды. Ұлт ұстазының оқушының дүниетанымын кеңейтуге бағытталған мәтіндері мен тапсырмалары баланың оқылым және ғылыми сауаттылығының қалыптасуына ықпал етеді. Ғалымның мәтіндерінде күнделікті өмірден алынған мысалдар жиі кездеседі. Яғни ғылыми ұғымды, құбылысты, үдерісті баланың өмірлік тәжірибесін басшылыққа ала отырып, күнделікті тұрмыспен байланыстыра түсіндірген.

Бұл қазіргі оқытуға қойылатын басты талаптардың бірі. Мұны А.Байтұрсынұлы өз заманында-ақ мәтіндері арқылы енгізуге тырысқанын көреміз. Ғалымның мәтіндері баланың тілін дамыту, сөздік қорын байыту, оқылым сауаттылығын қалыптастырумен қатар, оқушы бойына құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан ұлт ұстазының мәтіндерін жаратылыстану сабағында қолдану өте тиімді.

 

Перизат Құрманғазықызы Биғазина

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ

Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру