ТІЛ ТАҒДЫРЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУМЕН ҒАНА ШЕШІЛЕ МЕ? (Тіл жанашырларының назарына)

12.05.2022

Жалпыға белгілі, «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген тек заңнамалық құжатта ғана жазылған сөз. Ал Қазақстанда шын мәніндегі мемлекеттік тіл – орыс тілі. Егер Ақ ордадан бастап, ауылдық әкімдіктерге дейінгі іс қағаздары орыс тілінде жүргізілсе, жиналыс-басқосулар, әкімдіктің лездемелері орыс тілінде өтсе, күнделікті қатынас тілі орыс тілі болса, оны мемлекеттік тіл демегенде не дейміз?!

Қазір солтүстік аймақтарда биліктің астуынан жем жеп, «қазақ тілінің жағдайы жақсы» деп жазып жүрген үлкенді-кішілі әріптестеріміз жоқ емес. Естеріңізде болсын, бұл жақта қазақ тілінің жағдайы жақсы деген адам қазақ тілінің жақтаушысы емес, нағыз дұшпаны.

Қарап отырсақ, сонау тоқсаныншы жылдардан бері қарай, күні бүгінге дейін тіл мәселесін талай адамдар көтеріп келе жатыр. Бір ғажабы осы адамдардың барлығын халық «ұлт жанашырлары», «тіл жанашырлары», «қоғам қайраткерлері» деп таниды. Бірақ осыншама «жанашыры» бар тілдің жағдайы бір түзелеймей-ақ қойды. Сосын еріксіз ойлайсың, тіл тағдыры деген бүгінде саяси ұпай жинаудың құралына айналып кеткен жоқ па деп...

Бүгінде тіл жанашырлары көтеріп жүрген мәселенің бірі – Тіл туралы Заң қабылдау. Өткен жылы жазда Алматыда өткен бір басқосуда жазушы Смағұл Елубай да «тіл туралы дербес заң қабылдау керек» депті. Бұл жайлы жазушы Дулат Исабеков ағамыз да, басқалар да айтып жүр. Бірақ бұл жаңалық емес, «заң қабылдау» деген отыз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Әрине, заң қабылдауға ешкім қарсы емес, қабылдансын. Арнайы заң керек!

Бірақ... бірақ бүгінде заң қабылдайық деп ұсыныс жасап жүрген адамдар қазақ тілінің шын ахуалынан бейхабар-ау деп ойлаймын. Неге дейсіз ғой?

Біздер осы солтүстік өңірде тұрғасын, қазақ тіліне қатысты кедергілермен күн сайын, сағат сайын бетпе-бет кездесеміз. Ол қиындық – қазақ тілінің қолданыста болмауы. Бұл өңірлерде қай жерге барсаң да: қоғамдық орындар, мемлекеттік мекемелер, емханалар, білім ошақтары, кәсіпорындар, қызмет көрсету орындары т.б. барлығында тіл орысша. Және орысша сөйлейтін басқа халық емес, өзіміздің қазақ ұлтының өкілдері. Сондықтан бұндай жерде жерде заңның жұмыс істеп кетпейтіні айтпаса да белгілі.

Мысалы үшін айтайын, дәл қазір күн сайын бір заң шығарып, оны Керекудің, Өскеменнің, Қызылжардың, Көкшетаудың, Қостанайдың, Астананың, Қарағандының көшесіне іліп қойсаңыз да, ол заң бәрібір жұмыс істемейді. Неге дейсіз ғой? Себебі қоғамда ол заңға жұмыс істететін мүмкіншілік жоқ. Қазақ тілінде сөйлеуге деген мәжбүрлік жоқ. Сұраныс жоқ. Мәжбүрлік, сұраныс болмаған жерде, тіл туралы он рет заң қабылдасаң да, ол жұмыс істемейді.

Егер заң қабылданса, ол заң жұмыс істеу үшін кім жауапты болады? Әрине, мемлекеттік атқарушы ұйымдар, әкімдіктер т.б. Бірақ әкімдіктерге қазақ тілінің керегі шамалы. Оларға орыс тілі қолайлы. Сосын олар тіл туралы заңды қолдай ма?

Мынаған қараңыз, сонау ХІХ ғасырда қазақ жерін күшпен иемденіп алған патша шенеуніктері мен казактардың жергілікті халыққа жасамаған қиянаты жоқ. Мәшһүр Жүсіп жазады: «Көз көрім жерде бір қазақ өтіп бара жатса, орыс мылтығын ала салып, әлгі сорлыны атып тастап, жайбарақат әрі қарай шәйін ішіп отыра береді» – деп.

Бірақ бір таңқаларлығы, осы басқыншылардың көбі қазақша сөйлей білген. Әрине, қазақтарды сыйлағандықтан емес. Олардың қазақша үйрену себебі, дала қазақтары өз тілінен басқа тіл білмеген. Сөйлессең қазақша сөйлес, сөйлеспесең қой дейді. Сөйтіп жаңағы патша шенеуніктері, әскерилер т.б. амалсыздан қазақша үйренуге мәжбүр болған. Осы мәжбүрлікті біздер қазір жасай алмай отырмыз.

Байқап жүреміз, қазақ тілінің проблемасын көтеріп жүрген адамдардың көбі оңтүстік өңірдің тумалары. Мысалы, Мұхтар Шаханов, Дос Көшім, Қазыбек Иса т.б. немес Мұхтар Тайжан секілді орыстілді азаматтар. Тіл мәселесін зерделеймін деген адам әуелі солтүстік өңірлерге келіп, тым болмаса бірер жыл тұруы керек. Сонда ғана ол адам бұл жақта құр заңмен түк те шешілмейтінін түсінер еді. Ал енді Алматыда, болмаса астанада кабинетте отырып, қазақ тілінің проблемасын шешем деу, ол басы ауырған адамның аяғын емдеумен бірдей.

«Жарайды, заң қабылдағанмен одан көмек жоқ екен, сонда не істеу керек,ақылды болсаң соны айтшы» – дейсіздер ғой. Ендеше осы жөнінде өз ойымыздыбілдіріп көрейік. Әрине, бұның бәрі басқадан ақылымыз асқандықтан емес, бала жасымыздан тіл трагедиясын бастан кешіп, бүгін де көзіміз көріп отырған соң, айтуға мәжбүрміз.

Қазір көптеген адамдар тіл туралы заң қабылдасақ, латын әліпбиіне көшсек болды, дереу қазақша сөйлеп кетеміз деп шолақ ойлайды. Және Тіл мәселесі деген өз алдына дербес тұрған жеке проблема деп біледі. Ол тіпті олай емес. Тіл мәселесі қоғамдағы – әлеуметтік қорғау, мемлекеттік қызмет, білім беру, көші-қон,құқық қорғау, ақпарат тарату, қызмет көрсету, жұмыспен қамту т.б. толып жатқан салалармен тығыз байланысты. Егер осы салалардың бірінен көмек болмаса, тіл ақсайды. Ал бізде қазір бұлардың ешбірінен де тілге деген қолдау жоқ.

Сондықтан тілді түзеу үшін ең әуелі заң емес, мемлекеттік деңгейде арнайы кешенді бағдарлама қабылдау қажет!

Енді осыны таратып айтайық. Әрине, бұның барлығы үкіметтік деңгейде шешілетін мәселелер. Және сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ қолға алынатын шаруалар еді. Егер сол кезде бұның бәрі ескерілгенде, бүгінде тілге қатысты мәселелер дәл осылай қиындамас еді. Сондықтан бұл ұсынысымыз орындалмаса да, ойларыңызда жүрсін деп, құлаққағыс қылып отырмыз.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Тарих өзі дәлелдеген бір шындық бар: кім көп болса, соның тілі жеңеді. Жоғарыдағы патша шенеуніктерінің еріксіз қазақша үйренуі, осы көптіктің жеңуінің бір мысалы. Тағы бір мысал келтірейін. Кеңес уақытында біздің жақта неміс совхоздары болды. Арасында шамалы қазақ, орыс отбасылары бар. Бір ғажабы, сол ауылдағы қазақтың кемпірлері орысша дұрыс білмесе де, немісшеге судай болатын. Бұл жерде де көптік жеңіп тұр. Олардың азаннан кешке дейін еститіндері немісше, көршілермен отыра қалып сөйлессе – немісше, сосын амалсыздан үйренген. Бұдан шығатын қорытынды, егер қазақша сөйлейтін қазақтың қатары көбейсе, тіліміз де түзелер еді деген сөз.

Ал қатарымыз көбею үшін, бала тууымыз керек. Ол үшін мемлекет тарапынан дұрыс әлеуметтік қолдау қажет. Бірақ ол бізде жоқ. Сондықтан халық бала тууға қорқады. Міне, тіл мәселесінің бір ұшы әлеуметтік қорғау қызметіне тәуелді деп отырғанымыз осыдан. Егер мемлекет тарапынан тым болмаса көршілес Ресейдегідей қолдау болса, қазақ баланы төгейін деп-ақ отыр.

Тағы бір мысал, кеңес уақытында осы өңірде қазақа тілін жоюға ашықтан-ашық саясат жүргізілді. Қала түгілі, ауылдардың өзінде қазақ мектептері жабылып, ауыл балаларына дейін орысша сөйлейтін халге жеттік. Қалалы жерлерде көшеде, не болмаса қоғамдық орындарда қазақша сөйлесең, кез келген орыстілді адам саған ескерту жасап, балағаттайтын.

Бірақ солай бола тұрса да, бұл жақта қазақ тілі жойылып кетпей, сақталып қалды. Оған не себеп дейсіз ғой? Оған себеп болған осы өңірлердегі қазақ ауылдары. Мысалы, орыс аудандары болып саналатын кейбір аудандарда төртеу-бесеуден қазақ ауылы болса, қазағы көп аудандарда 10-15-тен қазақ ауылдары болды. Бұлардың кейбірінде сирек болса да сегізжылдық, кейбірінде онжылдық қазақ мектептері сақталып қалды. Осы қазақ ауылдарындағы әр отбасында кем дегенде бесеуден әйтпесе, 10-12-ден балалар өсіп-өнді. Осылар қазақша оқып, қазақ тәрбиесін алып, кейін қоғам жұмысына араласты. Міне, солардың арқасында солтүстік аймақтарда қазақ тілі жойылып кетпей сақталып қалды.

Ал қазір ұлттың генофонды болып саналатын ауылдар азып-тозып кеткен. Халық жан сақтау үшін қалаға жылжып, қолдары жеткендер баспана алып, жетпегендері жетім бұрыш жалдап тұрып жатыр. Ауыл қазақтары қалаға келіп, орыстілді ортаға енгесін, олардың балалары да қазақ тілінен күн санап ажырап барады. Яғни жас ұрпақты өзіміз орыстандырып жатырмыз деген сөз.

Тіл проблемасының әлеуметтік салаға тәуелді тағы бір ұшы – жұмыссыздық. Жұмыссыз жүрген адамда дұрыс отбасы, бала-шаға болмасы белгілі.

Қараңыз, бұл жақта қазақ ұлтының өкілдерін мақсатты түрде жұмысқа алмайтын кәсіпорындар бар. Мысалы, мен 2011 жылы бұл жөнінде «Жас Алаш» газетіне жазып, осыдан соң Екібастұз қаласының әкімі амалсыздан ел ақсақалдарынан арнайы комиссия шығарған еді. Сонда мыңдаған адамы бар «Богатырь» көмір кенішінде он-ақ пайыз қазақ азаматары жұмыс істейді екен (қазір қалай екенін білмеймін). Кәсіпорынның кадрлар бөлімінде отырған кілең орыс әйелдері. Мысалы, бірі қазақ, бірі славян ұлтты екі жас жігіт жұмыс сұрап барса, қазақ азаматына сен бара бер деп, ал орыстілді жігітке қала тұр дейді екен. Бұл кәдімгі дискриминация бұл. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Міне, осының себебінен тепсе темір үзетін талай қазақ азаматтары такси айдап немесе 60-70 мың айлықпен күзет жұмысында жүр. Ал әкімдер бұндай ұлтаралық мәселелерден ат-тондарын ала қашады. Қара басын қалай асыраймын деп дал болып жүрген қазаққа тіл де, басқа да керегі жоғы белгілі.

Сондықтан, қазақ боламыз, тілді сақтаймыз десек, ең әуелі осындай әлеуметтік мәселелер жөнінде үкіметтің алдына ұсыныс қойылып, одан дұрыс нәтиже шықса, қатармыз көбейер еді, ел еңсесін көтерер еді. Әрине, бұл ұзық мерзімді процесс. Егер бұл іс тоқсаныншы жылдары қолға алынса, бүгінде бәрі басқаша болар еді.

 

БІЛІМ БЕРУ

Бұл енді тілге тікелей жауап беретін сала екені белгілі. Кез келген сәби балабақша мен мектепте қазақ тілін қалай оқып үйренсе, қалған ғұмырында оны қайтсе де есінде сақтайды, ұмытпайды

Сәбиді қазақ етіп тәрбиелейтін ең бірінші – балабақша. Адам сәби шағында үйренген тілді мәңгілік жадында сақтайды. Бірақ өкінішке орай, қазір үйден қазақша сөйлеп кеткен баламыз, балабақшадан орысша сөйлеп оралады. Яғни балабақшаларда сәбилерді қалай тәрбиелеп жатыр, қандай тілде сөйлейді, онда ешкімнің жұмысы жоқ деген сөз. Тек әйтеуір «қазақша балабақша» деген аты ғана. Облыстық, аудандық, қалалық білім басқармалары бұған әзірше мән беріп отырған жоқ. Әйтеуір «қазақ балабақшасы» деген атау есепте тұрса болғаны. Басқа емес, өзімнің екі немеремнің тілі балабақшаға барып бұзылды. Бұған қазірден бастап басшылық тарапынан қатаң бақылау жүргізіліп, тәрбиешілер мен балабақша басшылары жазаланбаса, онда қазақ балабақшасы дегеннің барынан жоғы жақсы. Көптеген балабақшаларда әлі де орыс халқының ертегі кейіпкерлері: Баба яга, Колобок, Репка т.б. қатысты ойындар ойналады. Ал өзіміздің халықтық фольклор кейіпкерлері Алдар көсе, Қожанасыр, Тазша бала т.б. бағдарламада жоқ секілді. Бұған қазірден бастап назар аудармаса, келер ұрпақ тілден біржола қол үзеді деген сөз.

Енді мектептерге келейік. Қазақ мектептерінде үзіліс үстінде балалар тек қана орыс тілінде сөйлейтіні жайлы сан мәрте жазылып жүр. Бұл да мұғалімдердің жауапсыздығы. Оқушы сынып бөлмесінен шыққан соң, мұғалімдердің баламен жұмысы жоқ деген сөз. Оның үстіне, біздің өңірлерде мектеп пен институтты орысша бітірген мұғалімдер қазақ сыныптарында сабақ беріп жүр. Күнделікке мұғалім жазатын қазақ тіліндегі ескертпелердің бәрі қате болатынын талай ата-аналардан естіп жүрміз. Бұл да ескерілетін жайт.

Ол ол ма, қазір кез келген қалада университеттердің филиалдары жұмыс істейді. Ақшасы бар адамдар сол жерде оқыған болып, диплом сатып алады. Және көбі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері. Осылардан оқыған балалар не болады сосын? Өзі бір сөйлемді дұрыс жаза алмайтын мұғалім балаға не үйрете алады? Осыған қарап, тілімізді сақтау үшін, қазақ мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдер арнайы сынақтан өту керек сияқты.

Тағы бір байқағанымыз, қазір қазақ мектебін «Алтын белгімен» бітірген балалардың кейбірімен сөйлесе қалсаң, қазақ тілін шала біледі. Сонда ол қалай үздік атанған? Бұдан шығатын қорытынды, мектептерде қазақ тілі пәніне аса көп мән берілмейді деген сөз. Оқушы негізгі деп саналатын сабақтарды игерсе болды, ал қазақ тілінен еңбек пен дене шынықтыру сабағы сияқты автоматты түрде бес деген баға қойыла салатын секілді. Осылай мектеп қабырғасыннан туған тілге деген немқұрайлылықты көріп өскен бала қалған ғұмырында оны ешқашан құрметтемейді. Сондықтан «Алтын белгі» алған балаға міндетті түрде қазақ тілінен жеке диктант жаздыратын тәртіп енгізсе дейсің.

Бұл да көзіміз көріп жүрген жайттар. Әйтпесе жазбаймын ғой. Бұны да түзету биліктің қолында, сосын жазып отырмын.

 

 

КӨШІ-ҚОН

Жыл санап аз-аздан болсын қандас бауырларымыз шет мемлекеттерден қоныс аударып келіп жатыр. Бұлардың қатарына арнайы бағдарламамен оңтүстік өңірлерден көшіп келіп жатқан туыстарды да қосуға болады. Әрине, ойлаймыз ғой, қандас бауырларымыз келіп жатса, тілімізге демеу болар еді деп. Бірақ олай емес. Айталық, біздің жақта қоныс аударып келген бес-алты отбасын қиырдағы бір ауылға апарып орналастырады. Бұл былайша айтқанда, құмға құйған су секілді. Себебі екі-үш жылдан кейін қарасаң, әлгі үйдің балалары орысша сөйлеп жүреді. Бұл жерде ол балалар кінәлі емес. Олар да өзнің жүргенортасына бейімделеді. Жергілікті балалардан кем болғысы келмейді. Сосын амалсыздан орысша сөйлеуге мәжбүр.

Жасыратыны жоқ, қазір қазақ тілін сақтап қалу үшін, басқа мемлекетке кету керек деп жазып жүрміз. Себебі шет елдердегі диаспора тіл мен салт-дәстүрді қатаң сақтайды. Ана бір жылы бір апай айтады: «1997 жылы Омбыдан Павлодарға қоныс аударып келдік. Немерелерімнің бәрі қазақша сөйлейтін еді. Бұл жақта екі-үш жыл тұрғасын, қазақшаны біржола ұмытты» – деп. Міне, солтүстік аймақтардағы қазақ тілінің қолдану деңгейін осы бір мысалдан-ақ байқауға болады.

Көші-қон жөніндегі біздің ойымыз: Шет мемлекеттен қандастарымызды молынан әкеліп, Ресеймен шекаралас аудандарға көптеп қоныстандырып, барлық жағдайын жасап, оларға өте көтеріңкі көмекқаржы бөліп, жұмыспен қамтамасыз етіп, осы арадан 10-15 жылға дейін ешқақайда көшпейсің, тек бала туыңдар деген шарт жасаса, туған балаға өте қомақты жәрдемақы бөлінсе дейсің. Сол 10-15 жылда әр отбасында ота есеппен 4 баладан туғанда, қатарымыз біршама көбейіп қала еді.

Бұл да мемлекеттік деңгейде шешілетін шаруа. Біздікі тек осылай болса деген арман ғана...

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ

Мемлекеттік қызметшілердің тіл білмейтіні жайлы сан мәрте жазылып жүр. Қазір өзім көріп жүрген әкімдердің көбі қазақша сөйлемек түгілі, қағазға жазып берген жарты бет мәтінді ежелеп әрең оқиды. Елдің алдына жүрген адамдардың қазақ тіліне деген көзқарасы осындай болғасын, қарамағындағы қызметкерлері тілді құрметтей ме?

Қазір әкімдіктер бір тоқсан немесе бір жыл ішінде «мемлекеттік тілде пәленбай мың дана кіріс-шығыс құжаттарын өткіздік» деп есеп беріп жатады. Бәрі өтірік. Көзіміз көріп жүр, кез келген құжат екі тілде – орыс және қазақ тілінде жүреді. Ал қызмет барысында тек орыс тіліндегі құжаттар ғана пайдаланылады. Ал қазақ тіліндегі құжат жай ғана қосымша, көз алдау ғана, оған оқымай-ақ қол қоя салады. Сосын пәленбай мың қазақша құжатты пайдаландық деген есеп береді.

Ал егер құжаттар тек қазақ тілінде ғана жүрер болса, онда Қазақстандағы бүкіл министрліктер мен департаменттердің, әкімдіктердің жұмысы біржола тоқтап қалар еді. Өйткені ол жерлерде қазақшаны түсініп пайдаланатын адамдар санаулы ғана. Жағдай осындай болғасын, тіл оңа ма? Мысалы, әкімдіктің лездеме, басқосуларында отырған елдің 90-95 пайызы жергілікті ұлт өкілдері болса да, жиналыс көбінесе орыс тілінде жүреді.

Өзім газетші болғасын, мемлекеттік қызмет жүйелерінен түрлі хабарландырулар, конкурстар, басқадай құжаттар келіп түседі. Барлығы қатеге толы, қалай болса солай жазылған немесе орысшадан сауатсыз аударылған. Бірақ ол үшін кіммен айқайласып жатасың, амалсыздан түзетіп береміз.

Тағы бір айта кететін жайт, көшедегі қатеге толы жарнаманы түзеттіруге шама келмей жатады. Ана бір жылдары: «Жарнаманы қате жазатын кәсіпкерлерді неге жауапқа тартпайсыздар?» деп сұрап едік, ондай өкілеттік жоқ, жай ғана барып ескертеміз деген жауап алдық.

Бүгінде тілді түзеймін десек, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі тілге деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. Бұл да мемлекеттік деңгейде жасалатын шаруа.

 

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Солтүстік аймақтарда халыққа қызмет көрсету орындарында: емханалар, халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН), монша, шаштараз, автокөлік жөндеу, дүкендер, түрлі шеберханалар т.б. тіл орысша. Осының себебінен қызмет алушы мен көрсетушінің арасында түсінбеушілік пен жанжалдар туып, ол әлеуметтік желілердің бетіне шығып жатады. Бірақ осы кәсіпкерлерге «мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сондықтан екі тілде бірдей қызмет көрсету керек» дегенді ешкім ескертпей тұр әзірше.

Бұнымен әзірше көпке белгілі керекулік тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі деген құрбым ғана күресіп жүр. Рузаны осы әрекеті үшін бүгінде жақтайтындар да, даттайтындар да бар. Мен өз басым оны қолдаймын. Себебі әр адамның тіл үшін күресуде өзінің таңдап алған құралы, әдісі бар. Руза осындай әдісті таңдаған екен, оған неге қарсы боламыз? Ол басқа емес, тіл үшін күресіп жүр ғой. Сотталса да, мақталса да, датталса да, бәрін бір өзі көріп жатыр. Басқаға тиіп жатқан зияны жоқ.

Бірақ шынымды айтайын, Рузаны аяймын. Оның қазіргі тірлігі қолына екі граната алып, жиырма танкіге қарсы шыққан солдат секілді. Неге дейсіз ғой? Себебі қазағы қазақша сөйлемейтін Керекуде орыстілді адамға барып, сен қазақша сөйле деп талап қойғанмен, одан нәтиже болуы екіталай.

Осы тіл тақырыбы турасында кейде орыстілді ағайындармен пікірталас болып қалады. Сонда олар: «Сендер қызық халықсыңдар, ең әуелі өздерің өз тілдеріңде сөйлеп, оны құрметтеп үйреніңдерші, сонда біздер ешқандай заң қабылдамай-ақ, өзіміз үйреніп аламыз. Ал сендер қазір өздерің сөйлемейтін тілде басқалар сөйлесін деген талап қоясыңдар. Бұл адамзат тарихында болмаған нәрсе» – дейді. Рас қой?

Таңқаларлығы, ана бір жылдары Павлодар қаласының атауын және Павлодардың түбіндегі Ленинский кентінің атауын қазақшалайық деген бастама көтердік. Сонда осы ұсынысқа қарсы болғандардың жартысынан көбі өзіміздің қазақ ұлтының өкілдері. Ойланып көріңіздерші, жағдай осылай болып тұрғанда, бұл жақта Тіл туралы Заң жұмыс істеп кете ме?

 

АҚПАРАТ ТАРАТУ

Тіл насихаттаудағы басты құралдың бірі – баспасөз. Өкінішке орай, жығылған үстіне жұдырық дегендей, кейінгі жылдары өмірімізге электронды ақпарат құралдары, қалта телефоны келіп енді. Қазір іздеген жаңалық, ақпаратын халық осы әлеуметтік желілерден табады. Бұрынғыдай жаппай газет-журнал оқу деген күн санап қалып барады. Енді бізден кейінгі ұрпақ тіпті оқымасы белгілі.

Қараңыз! Қазір солтүстік облыстардағы әр аудан бір-бірден орысша газет ұстайды (кейбір аудандарда екеуден). Олар мемлекеттік сатып алу арқылы, мемлекеттік атқарушы ұйымдардың тапсырысын орындайды. Қазір солтүстік өңірлерде қазақ тілінің аяғына тұсау болып отырған осы орыс тіліндегі газеттер. Себебі, түрлі мемлекеттік құжаттар, әкімдіктің қаулы-қарарлары, мемлекеттік жарнама, хабарландырулар т.б. осы орыс тіліндегі газеттерде жарияланады. Әрине, қазақша газетке де басылады. Бірақ оны ешкім қарап жатқан жоқ. Құжат орыс тілінде шықса болды, оны оқып, түсіну мемқызметтегілердің бәріне оңай. Ал қазақша басылғанды көбі түсініп оқи бермейді. Осы себептен, аудан, қала әкімдіктері орысша газетке иек сүйеп алған.

Біздің ұсынысымыз, егер аудандарда, қалаларда орыс тілінде шығатын газеттер жабылар болса, әкімдіктер мен мемлекеттік ұйымдар амалсыздан қазақшаға көшер еді. Барлық құжаттар тек қана қазақ тілінде жүрер еді. Сөйтіп ақырындап болсын қазақшаға көшіп кетер едік. Сондықтан аудандарда орыс тіліндегі газеттердің шығуын тоқтату керек. Әрине, бұл да мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе. Себебі, оның артында үлкен саясат тұр. Сол газетті оқымаса да, «неге жаптыңдар?» деп шулайтын орыстілді қауым бар.

Сонымен тіл турасында қозғай берсек, сөз көп. Өзімізше оймызда жүрген біраз нәрсені айтқан болдық. Халқымызда «батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген сөз бар. Кеңес билігі құрылған кезеңнен бастап есептесек, біздерге тілдің дерті жабысқалы бір ғасыр болған екен. Сондықтан бұл дерттен құр ғана заң қабылдаумен айыға алмаймыз. Оған жоғарыдағыдай мемлекеттік деңгейде жасалатын кешенді бағдарлама керек деп ойлаймын.

 

Сайлау БАЙБОСЫН

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру