ҰЛТ ҰСТАЗЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Келелі бас қосуда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Ахмет Байтұрсынұлы және әдебиеттану әдіснамасы» деген тақырыпта баяндама жасады.
«Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасында тілтанудың және әдістеменің әдіснамалық мәселелері әдебиеттануға қарағанда біршама ашық, анық. Оның себебін түсіну оңай – Ахаң тілші ғалым, ұстаз, әдіскер, сонымен қатар тіл, әдістеме салаларына әдебиеттануға қарағанда едәуір көп еңбегін арнаған. Әдебиеттануға келсек, бұл саладағы еңбегі екеу: «Қазақтың бас ақыны» мақаласы және «Әдебиет танытқыш» еңбегі. Біз осы екі еңбекті негізге аламыз. Аристотель де, Гегель де, В.Г.Белинский де әдіснамалық арнайы еңбектер жазбаған, бірақ олар әдебиеттану әдіснамасының ең басында тұрған тұлғалар. Сол сияқты Ахмет Байтұрсынұлы да қазақ әдебиеттануы әдіснамасының алғашқы тұлғасы»,– деді ол.
Белгілі ғалым қазіргі қазақ әдебиеттануға тоқталып, стильдік-тілдік, мәтіндік талдаулардың жеткіліксіздігін атап өтті. Баяндамашының айтуынша, сөз – әдебиеттің ұйытқысы, ендеше біз әдеби шығарманы немесе әдеби үдерісті дұрыс тану үшін көркем сөздің қолданысы мен эстетикалық мәніне талдау жасауымыз керек. Бірақ, мұндай талдау жасаудың орнына, көбінесе, әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын, кейіпкерлер жүйесін талдаумен тым әуестеніп кетеміз.
Әдебиет тарихын дәуірлеуде көбінесе тарихи, саяси және әлеуметтік мәселелерге көбірек назар аударылады. Ал бұл барлық жағдайда шынайы бола бермейді. Әдебиеттің көркем өнер ретінде өзінің эволюциясы бар. Осы реттен келгенде, А.Байтұрсынұлының әдеби дәуірлерді «Діндар дәуір», «Ділмар дәуір», «Сындар дәуір» деп бөлуіәдеби-эстетикалық критерийлерге негізделген.