ТҮРКІ ЖАЗУЫ КҮНІНЕ ОРАЙ ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫС ӨТТІ

19.05.2022

2014 жылдан бастап еліміз 18 мамырды «Түркі жазуы» күні ретінде мерекелеп келеді. Түркілердің ортақ мұрасын ұлықтаған мереке жыл сайын кең көлемде атап өтіліп, түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Осы орайда айтулы мерекені атап өту мақсатында 17 мамырда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бастамасымен «Қазақ жазуы және түркі руханияты»зияткерлік сайысы өткізілді. Іс-шараны ұйымдастыру барысында Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы үлкен қолдау көрсетті.

Зияткерлік сайыс 18 мамыр– Түркі жазуы күніне және қазақ жазуын түрлеген Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай қала/аудан білім бөлімдерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне жауаптыәдіскерлері және мамандандырылған мектеп-интернаттарының қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің жетекшілеріарасында ұйымдастырылды.

Екі кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиін түрлеген реформатор» тақырыбында 300 сөзге дейінгі көлемде эссе жазды. Эссенің талабы бойынша тақырыптың ашылу деңгейі, ойдың логикалық бірізділігін сақтау, қосымша дерек беру, сілтеме жасау деңгейі басты назарда болды. Сонымен қоса жалпы сауаттылық мәселесі мен жазушының өзіндік пікір білдіру деңгейі де назардан тыс қалмады.

Сайыстың екінші кезеңінде қатысушыларға тест түрінде түркі руханиятының көрнекті тұлғалары, орта ғасырларда өмір сүрген атақты әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы (Әл-Фараби, Ахмет Йассауи, Ж.Баласағұни, Қорқыт ата, Сүлеймен Бақырғани т.б.), қазақ жазуының тарихы, А.Байтұрсынұлы еңбектерітуралы тест түрінде сұрақтар қойылды. Әр үміткер google forms бағдарламасына тіркеліп, көрсетілген уақыт шегінде сұраққа жауап берді.

Зияткерлік сайысты қорытындылай келе, қазылар алқасы 23 қатысушының ішінен іріктеп алып, ең мықты деген жеңімпаздарды дипломдармен марапаттап, естелік ретінде сыйлыққа кітаптар берді.

Сайысқа төрелік еткен қазылар алқасының құрамында Қарағанды қаласындағы ЖОО ғалымдары мен білім саласының өкілдері болды.

Жалпы, кезінде дат ғалымы В.Томсен алғаш кілтін тауып, көрнекті түркітанушы-ғалым В.Радлов оқып берген балбал тастағы сына жазуының түркі халықтарының тарихы мен жазу мәдениеті туралы көзқарасты түп тамырынан өзгертерін кім білген?! Олай болса, бабалар мұрасын ұмытпай, кейінгі ұрпаққа насихаттау, дәріптеу тілім дейтін, елім дейтін әр қазақтың қасиетті борышына айналғай.

Жақанова Жұпар Рысқұлқызы,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру