АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ХАЛЫҚ АҒАРТУ ЖƏНЕ ƏДЕБИЕТ САЛАСЫНДА

23.05.2022
Бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған, бар бақытын содан тапқан, табиғаты бөлек жандар болады. Ахмет Байтұрсынұлы сондай адамдар қатарындағы ұлағатты ғалым. Ахмет Байтұрсынұлы мəдениетіміз бен ғылымымызға қалтқысыз беріле қызмет сіңірген, таланты мен тағдыры, жан дауасы тек сол мақсаттан тапқан жан. Ахаң – күрделі тұлға, зерделі ғалым. Шындығында да, Ахаң өзінің бүкіл саналы өмірін сарып еткен қазаққа өзі білген нəрсесін ұтымды жеткізуден жалықпады. Сол үшін жанын сала тер төкті. Сондықтан да болар, оның еңбегінің өнімді жағы ағарту алқабында. Осыған дейін ел ішінде оқу-ағарту ісіне дəл Ахмет Байтұрсынұлындай еңбек сіңірген ешкім жоқ. Жаңа қазақ алфавитін жасауы іс жүзіндегі ішкі жəне сыртқы жаулармен күресінің көрінісі болатын, біздің тіліміздегі барлық дыбыстарды сақтай отырып, дыбыс үндестігінің заңдылығы бойынша жаңа əріптер белгілеп, ана тіліміздің синтаксисі мен этимологиясын жасап шықты.

Қазақ тілінде қолданылмайтын, мүлдем қажетсіз он екі əрпін əліппеден алып тастады.

Бұл жазу емлеміздегі көптеген қиыншылықтарды жойды.

...Міне, осы тұрғыда Ахаң өлшеусіз көп қызмет етті. Біздің тілдің тереңдігі мен шеберлігін, тіл мəдениетінің мəнін, қасиетін дəлелдеп, тілімізді құрметтеуге мəжбүр етті. Оның тіліміздің тазалығы мен дербес өмір сүруі үшін күресі бұл саладағы аса зор еңбегі – кеңінен мəлім, кім-кімнен болса зор.

...қазақ тілінде материалдардың жетіспеуіне, жұтаңдығына, көмектескендердің жоқтығына қарамастан, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттерді тарату жөніндегі техникалық жұмыстарды өз жары мен қызы атқарады, өйткені экспедитор мен хатшы жалдауға алғашқыда қаражат та болмайды. Газет қазақ өмірін жан-жақты əр қырынан алып, үкіметтің арам пиғылын жоғарыдан бастап урядниктерге дейін сынап-мінеп отырды, сол үшін де газетке бірнеше рет айыппұл салынып, редакторы түрмеге жабылды. Қазақтар газет пен журнал оқуға осы уақыттан бастап үйренді.

Мұның да бастаушысы – Ахмет Байтұрсынұлы.

Ахметтің мəдениетімізге сіңірген еңбегі орасан зор, жазған кітаптары да аз емес, ол кітаптар ағарту мақсатында қызмет етумен қатар, ғылыми тұрғыдан да аса құнды.

...Өзімнің шағын шолуымды ақынның белгілі «Адамдық диқаншысы» өлеңімен аяқтайын:

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың.

Иə, Ахмет Байтұрсынұлы адамдық дəнін, қайырымдылық, махаббат мəйегін септі. Міне, қайырымдылық дəнін себуші мүлде жаңа жағдайда, өзі күрескен өмірден түбірінен өзгеше қоғамда 50 жасқа толып отыр. Туған əдебиетіміз бен халық ағарту ісіне пайдалы ұлы еңбек сіңірген қазақ халқының ірі əдебиетші-ағартушысын шын жүректен құттықтаймыз.

Телжан Шонанұлы

Наурыз, 1923 жыл.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру