«АШ КӨЗІҢДІ ОЯНЫП»: А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ және АДАМ, МЫЙ, ТІЛ, ЕС

06.06.2022
2022 жылғы 3 маусым күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Тіл-Қазына» оқуларының» бірінші кезеңі аяқталды. Бұл туралы Орталықтың Бас директоры Е.Тілешов мәлімдеп, төрт күн қатарынан тамаша дәріс оқыған ғалым әріптестеріне алғысын білдірді. Орталықтың ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова дәрісінің тақырыбының өзі ерекше. «Ахмет Байтұрсынұлының көркем шығармашылығы басқа жазған дүниелерінен қарағанда зерттеу нысаны болу тұрғысынан кемшін десек, қате айтқандық емес. Біз «Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» немесе көсемсөздері мәселесіне жиі қалам тартқанымызбен, өлеңдері бойынша ғылыми жиындарда баяндауымыз сирек, – деді Нұрлыхан Нұроллақызы.

– Ахмет Байтұрсынұлы болсын, Абай, басқа да Алаш қайраткерлері өз шығармаларында ұлтын/адамды құтқаратын – рухани азаттық, яғни тіл, ой, сана, естілік, ар, адамшылық деп, оны жатпай-тұрмай іздеуге бар күш-жігерін салады. Басқаша да өмір сүре алар еді. Бірақ неге сол жолды таңдады?»

Осылай деп тереңнен толғаған ғалым оны нейролингвистикалық тұрғыдан талдауға көшті. Оның айтуынша, ұлт зиялыларына оралсақ, әрі көркем шығармашылықпен әрі басқа да күрделі ойлау қызметтерін жүзеге асыруда басты арманын, мүддесін айқындап, адамнан, қоғамнан, табиғаттан келетін барша кедергілер мен қыспақтарға қарамастан соған жетуге талпына жүріп олар ТІЛДІК ТҰЛҒА ретінде қалыптасты.

Сөйтіп, «Ахмет оқуларының» алғашқы кезеңі аяқталды. Алған әсерде шек жоқ. Түрлі құнды ұсыныс-пікірлер мен ағынан жарылған ақжарма тілектерде есеп жоқ. Сондай маңызды шара алдағы күзде өз жалғасын табады.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру