АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – АЗАТТЫҚ КҮРЕСКЕРІ

20.06.2022
Ұлы Ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы тек ғылыми шығармашылықпен, ағартушылықпен шектелмей, отарлық қамытта тұншыққан халқының елдігін жаңғырту жолына да көп күш-жігерін жұмсады. Ол бүгінде өзіміз Алаш деп атап жүрген қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бағдарламасы іспетті құжатты – атақты Қоянды петициясын жазды. Қозғалыс мүддесі үшін терең де жан-жақты жұмыс жүргізген, халықтың «көзі, құлағы, тілі» бола білген «Қазақ» газетін шығарды. Монархия құлаған жылғы алғашқы қазақ съезінің жұмысын басқарды. Екінші Жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының құрылуына атсалысты. Оқу комиссиясының төрағалығына сайланды. Азамат соғысының шырғалаңдары кезінде басқаруды оңтайландыру мақсатымен екі бөлім құрылғанда, Алаш-Орданың Шығыс бөліміне қарасты Торғай бөлімшесінде істеді.

Алаш-Орда атынан совет үкіметімен келіссөзге барды. Нәтижесінде ол Ресей Федерациясының Халкомкеңесі құрған Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің құрамына енгізілді.

Қазревком құрамында өлкенің советтік автономиясын дайындау ісіне белсене кірісті. Қазаққа азаттық әпереді дегенмен сеніммен большевиктер партиясы қатарына кірді. Бүкілресей Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланды.

Бірақ жақынырақ білген сайын совет өкіметінің қазақ ішіндегі іс-әрекетіне, Қазақ өлкесін басқаруды ниет еткен революциялық комитеттің жұмысына көңілі толмайды. Жариялы ұран мен нақты практика арсында жер мен көктей айырмашылық бар екенін көреді. Содан 1920 жылғы 17 мамырда Мәскеуде пролетариат көсемі, предсовнарком Владимир Ильич Ленинге арнайы хат береді.

Бұл қазақ тіршілігіне күштеп таңылған советтік биліктің неоимпериялық сипатын әшкерелеп, оны түзетудің жолын нұсқаған, содан бері 100 жыл өтсе де қорытқан ойлары өзектілігін жоймаған, тіпті бүгінгі саяси элитаның да мұқият оқып, зерделеп, басшылыққа алуына тұратын өте кемелеңбек еді.

Мұнда Ахаң Қазревкомның он айдан бері «ештеңе тындырмағанын» айтады, нәтижесіздіктің негізгі екі себебін атайды. Бірінші себеп ретінде – Қазақ өлкесін басқаруға қойылған Орталық өкілінде де, Орталықтың өзінде де қазақ мәселесі жөнінде айқын көзқарас, өлкенің әлеуметтік жағдайының ерекшеліктерін елеп-ескеретін бағыт-бағдар жоқтығын айтады. Екіншісі себеп – Орталық өкілі мен халық арасында өзара сенімнің жоқтығы дейді.

Сосын Ресей патшалығы негізгі халқының қолымен «қазақтарды ғасырлар бойы тонап, езгіге салып келгенін» Лениннің есіне салып, енді осы негізгі халықтың пролетариаты өзін «кешегі қаналған халықтардың мойнына мініп, құлдыққа салғысы келетін жаңа мырзалар емес, қайта, оларды азат етуші екенін» іспен дәлелдеп, көрсетуге тиіс дейді. Алайда «жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, қитұрқы, айлалы саясатқа салып, еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын советтік негізде құруға туысқандық көмек берудің орнына, әртүрлі қулықтар арқылы өздерінің үстемдіктерін көрсетіп отыр» деп, қолданыстағы іс-дағдыны әшкерелейді.

Осындай кейіптегі бүгінгі орыстар «өздерін интернационалист-коммунист» деп әспеттегенмен, ғасырлар бойы патша үкіметінің айлалы саясатын бастан кешіп келе жатқан өзге текті ұлттар сеніміне кіре алмайды деп мәлімдейді. Айла-шарғылы саясатпен көмкерілген алдамшы үміт ұзаққа апармайды, патша өкіметі кезіндегідейқанауға, озбырлыққа деген іштей өшпенділік пен жиіркенішке тұнған қазақтардың наразылығын арттыра түседі дейді.

Мұндайды болдырмау үшін совет өкіметіне екі жолдың бірін таңдауы керек, бірі – «барлық жерде патша губернаторлары мен генерал-губернаторларының орнына жаңа диктаторлар тағайындау», екіншісі – «қазақтың еңбекші халқының сеніміне ие болу». Бірінші жолды таңдаған жағдайда советтік құрылыстың сәтсіздікке ұшырауы мүмкін, ал екіншісін таңдаса – жаңа құрылыстың іргетасы берік негізге қаланатын болады деп,оны Ленинге былай түсіндіреді: «қазақтардың арасында халқы толық сенетін және жазатайым жаңылса да, өз халқын ешқашан да жеке басының игіліктері мен пайдасын көздеп саналы түрде сатып кетпейтін зиялылардың белгілі бір бөлігі бар. Қазақтардың сеніміне ие болғысы келетін орыс пролетариаты үшін ең төте жол осы зиялылар арқылы өтеді. Бірақ бұл үшін осы зиялыларға Совет өкіметі сенім көрсетуі керек».

Алайда Ахмет Байтұрсынұлы мұның қиын екенін айтады. Өйткені шет аймақтарда «судай таза интернационалистер» жоқтың қасында дейді.«Өздерін интернационалистерміз деп атаушылардың көбі шын мәнінде националистер, империалистер» дейді. Бұған Ахаң шүбәланбайды.

Лениннің есіне большевиктер тарапынан әбден мойындалған белгілі жәйтті салады: күні кешегі патшалықта орыстар бұратаналарға ойына келгенін істегенін, ал бұратаналарда ешқандай құқ болмағанын, қылмыс жасады деп айыпталған бұратаналарды патша әкімшілігінің дәлелсіз-ақ қатаң жазалай бергенін бүгінгі коммунистік билік даусыз факт деп мойындайды. Ендешеғасырлар бойы орыс халқының осы рухта, яғни бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленіп келе жатқаны да даусыз факт ретінде мойындалуы тиіс деп есептейді Ахаң, Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери ревком мүшесі, Ресей большевиктер компартиясының мүшесі коммунист Ахмет Байтұрсынұлы.

Ресейде коммунист көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, ал шет аймақтарда мүлдем жоқтың қасы деп біледі ол. Мұны да Халкомкеңес төрағасы Ленин жолдастың жадынан шығармағаны дұрыс деген ойдағы Байтұрсынов: сондықтан да «коммунист емес, бірақ адал ұлтшыл, зиялы қазақтарға Совет өкіметі толық сенуі тиіс, – деген пікірде, – өйткені олар халқын шын сүйеді, ұлттық мүдделеріне қол жеткізу мақсаты оларды Совет өкіметіне иек артуға мәжбүр етеді». Байтұрсынов екпін қоя айтады: пролетариат көсемі еш күдіктенбесін, қазіргі таңдаөз халқын азат етуді шын жүректен тілейтін «қазақ зиялылары Интернационалдан өзге жол таңдай алмайды». Ал өзара сенімге қол жеткізу үшін «алғашқы қадамды Совет өкіметі жасауы керек», бұл ойының дұрыстығын Ахаң хатында дәлелдеп жазады.

Екі жақтан да сенім болмайынша, Қазақ өлкесінде жұмыстың дұрыс жолға қойылуы мүмкін емес, мұны Қазревкомның Ахмет Байтұрсынұлы тікелей араласып келе жатқан 10 айдағы өмірі көрсетті. Байтұрсынұлы мынаған сенімді: «...қазақтардың нені қалайтыны белгілі, әрі онысы әбден табиғи нәрсе. Империализмнің сан ғасырлық езгісінде болып келген халық ең алдымен осы езгіден азаттық алуды ойлайды».

Ол осы пайымдарын пролетариат көсемі түсінуге және ескеруге тиіс деп санаған-тын, сол себепті ойларын хатында тарата жазған еді. Сосын тез жүзеге асырылуы қажет деп тапқан ұсыныстарын жеті тармаққа тұжырымдап тізіп берді. Әттең, оларды совет үкіметінің басшысы Ленин мен оның үзеңгілестері ескермеді.

1903 жылғы екінші партсъезде өмірге әкелгеннен бері Ленин отынын үстемелеп салып, алауын лаулатып жағып келе жатқан большевизм тап туын көтеруші ретінде Байтұрсынұлы айтқан ұлт зиялыларына түбегейлі сенім артуды, әрине, ойына да алмайтын. Әрі Байтұрсынұлы нұсқаған «ғасырлар бойы орыс халқының ...бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленіп келе жатқаны» жаңа империя құрып жатқан большевиктер үшін патшалықтың айыпталуға тиіс қасиетіне жатпайтын. Керісінше, тап осы «артықшылықты» жаңа идеялық қызыл бояу жағып, өзге тектілерді «аға халықтың туысқандық көмегі» арқасында жаңаша біріктіру ісіне пайдалану көзделген-тін...

Қазревком құрамындағы ұлт қайраткері Ахаң Совет үкіметін басқарып отырған нөмірі бірінші большевик Ленинге тапсырған аталмыш хаттан төрт ай өткенде, 1920 жылғы қазанда Қазақстанның Құрылтайшы Советтер съезі болды. Советтік автономия жарияланды. Қазақ Республикасы құрылып, оның Орталық Атқару Комитеті (ҚазОАК, КазЦИК, Қазатком) сайланды. Содан, қазақ өкіметінің жұмыс істей бастағанына екі айдай ғана уақыт болғанда, Қазақ облыстық партия комитетінің хатшысы Кулаков пен Қазақ Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Радус-Зенькович орталық мекемелерде істейтін жауапты қазақ қызметкерлерінің жалпы жиналысын шақырды.

Жиналыста баяндама жасаған обком хатшысы алда тұрған міндеттер тұрғысынан қазақ қызметкерлеріне сын садағын бағыттады, оларды мәселені бұрмалауға әзір тұрған ұлтшылдар деп ғайбаттады. Сонда жарыссөзге бірінен соң бірі құлшына шыққан шешендер – Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшелері Смағұл Сәдуақасов пен Дінше Әділов бастаған жас қайраткерлер үкіметтің жүргізіп отырған саясатын күні кешегі отаршылдық жолдың жалғасы ретінде әшкереледі. Бұл саясат ұлттылық сипатты сақтау, ұлт мүддесін қорғау мағынасындағы ұлтшылдықты қыспаққа түсіруде, тіпті ығыстырып тастауда деп ұққандықтан, аталған басшыларға (Кулаков пен Радус-Зеньковичке) қарсы қатты сыни сөздер айтты.

Қызу жүрген жиналыс обком хатшысын орнынан алу туралы қаулы алды. Соған сәйкес 1921 жылғы 20 қаңтардағы Қазақ облпарткомының пленумы Кулаковтың Қазақ Республикасында бұдан әрі жұмыс істеуі мүмкін емес деген шешім қабылдайды. (Бұл ұлт қайраткерлерінің алғашқы, сонымен бірге соңғы да саяси жеңісі болатын. Одан кейін мұндай ірі жеңіске қол жеткізілген емес, ұлттық мүддені күйттеушілер негізінен жеңіліс тауып жүрді).

Аталған саяси жеңістен бір апта өткенде, 1921 жылғы27 қаңтарда, Қазақ Халкомкеңесінің төрағасы Виктор Радус-Зенькович Ағарту халық комиссары Ахмет Байтұрсынұлына мінездеме жазды. Мінездемесінде оның комиссарлық қызметін теріс бағалай отырып: «Жалпы дайындығы жақсы, дәріскерлік, әдебиетшілік жұмысқа неғұрлым жарамды», – деп бір қырына тәуірірек баға береді, сосын одан әрі: «Ұлтшылдық сезімдері күшті, онысы алдағы мақсатты дұрыс түсінуге кедергі келтіреді. Терең емес, ұсақ-түйекке күш сарқады», – деп теріс сипаттай келе, оған партиялық тұрғыдан мүлдем сенім артуға болмайтынын тұжырымдайтын қорытынды жасайды.

Ресей Федерациясы Халкомкеңесінің төрағасы, большевиктер партиясының серкесі, бас коммунист Владимир Ленин бұратаналардан шыққан қатардағы коммунист Ахмет Байтұрсыновтың патшалық империядан мұра боп қалған ұлттық астамшылықты даусыз факт ретінде мойындау қажеттігі хақындағы ескертпесін, жоғарыда айтқанымыздай, елеусіз қалдырды. Содан үлкенді-кішілі чиновниктер мен қара халықтың патша заманынан бері өзге тектілерге шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленіп келе жатқан өмір салты совет заманында да сабақтастық тапты. Тек оған басқа реңк, жасампаз ұран телінді. Нәтижесінде «интернационалдық бағытқа» бірден көндіге қоймаған «ұлтшылдық» көріністер күйдіргі боптез көзге түсіп жатты.

Осындай көзқарас салдарынан Совет билігі ұлт мәселесіне бұрмалаңқы тұрғыда қарады. Сөйтіп азаттық күрескері Ахмет Байтұрсынұлына және жалпы ұлтшыл делінетін зиялыларға қарсы қуғын-сүргінді 1928–1932 жылдарғы саяси репрессиялармен, сосын 1937 жылғы Үлкен террормен түйіндеді. Біз біршама тілге тиек еткен Ахаңның Ленинге ұлт мәселесін шешу жолын көрсеткен маңызды хаты совет өкіметі тарих сахнасынан кеткенге дейін архив қойнауында жасырылып жатты.

Бұл саяси мәні зор құжатты тек Ұлы Ұстаздың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында атап қана қоя салмай, бүгінгі жастар, тіпті билік буындарындағы қызметкерлер де, өздерінің азаматтық позициясын бекемдеуіне пайдаланса жақсы болар еді.

 

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру