БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЗАҚТІЛДІ КОНТЕНТ НАСИХАТТАЛДЫ

23.06.2022
Әртүрлі жастағы баланың бәрі мультфильм көргенді ұнатады. Мамандардың айтуынша, балалар уақытының 30 пайызын теледидар алдында өткізеді екен. Бұл – орта есеппен мектепке дейінгі өмірінде 5 мың сағат сиқырлы қораптың алдында отырады деген сөз. Шетелдерде осы мүмкіндікті бала тәрбиесі мен баланың танымын арттыруда өте сәтті пайдаланады. Интернет дереккөздерінен білгеніміздей, балаларға арналған танымдық бағыттағы мазмұнды беру АҚШ-та дұрыс жолға қойылған екен. Жапонияда мультфильмдер арқылы елдің салт-дәстүрін, өзін-өзі ұстау мәдениетін үйретсе, Қытайда отаншылдық сезімді дамытуға қызмет етеді. Жалпы, аннимациялық фильмдер шетелдер үшін мықты идеологиялық қаруға айналған. Балаға ең қажеттісін, ең керектісін беріп, дамуына жағдай жасалынған.

Бала бақыты бәрінен де маңызды. Олай болса, бүгінгі жас бүлдіршін, ертеңгі еліміздің болашағы үшін барлық бағытта ауқымда шаралар қолға алынуы керек. Соның ішіндегі ең өзектісі –мемлекеттік тіл мәселесі. Қазіргі уақытта қазақы отбасында туып, тәрбие алғанмен, тілі орысшаға бейім ұлты қазақ, алайда орыстілді балалар үлкен алаңдатушылық туғызады. Сонда қарап отырсақ, қай балабақшаның да басты мәселесі кішкентай бүлдіршіндерді қазақша сөйлету екені белгілі. Қазақ, орыс және аралас балабақша балаларының тілі мемлекеттік тілде неге дамымай жатқанын сұрасақ, ата-аналар қауымы балаға арналған мемлекеттік тілдегі қызықты контенттің жоқтығын алға тартады. Бұнымен келіспеске болмайды. Қазіргі қоғамда әжесінің ертегісін тыңдап, атасымен мазмұнды сұқбат құрудан гөрі теледидардағы мультфильмдерді көруді ұнататын бала көп.Осының нәтижесінде ешкім үйретпесе де, балабақша бүлдіршіндері орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп алады. Ал қазақ тіліне келгенде сөйлей алмай, тіпті білгенін ұмытып қалатын бала саны артып келеді. Біздің болашақ балаларымыздың тілі қазақша шығуы тиіс. Дәл осы миссияны күштеусіз-ақ телеарналар орындап бере алады. Бұл ретте тәрбиелік, танымдық және тілдік мақсаттар көзделген қазақтілді контентнағыз қажетті ресурс болмақ.

Бала мейлі қазақ отбасында өссін, өзге ұлт өкілдерінің отбасында өссін – қалай болғанда да мемлекеттік тілде сөйлеп үйренуге аннимациялық фильмдер зор ықпал етеді. Оның осы ерекшелігін ескере келе соңғы жылдары қазақ қоғамында барлық телеарналардағы балалар мультфильмдерінің тілін қазақшаға көшіретін уақыт жеткені туралы дүркін-дүркін мәселе көтерілгені белгілі. Еліміздегі ең басты мәселе – қазақтілді контент санын, балаларға арналған арналар мен бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру мақсатында әзірге шетелдік арналарды қазақшалау мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, биыл соның нәтижесін көруге мүмкіндік туды. Көріп отырғанымыздай, дәл қазір балалар үшін талапқа сай келетін мультфильмдер шығару оңай емес. Оған қыруар қаржы керек. Алайда шет тілдеріндегі бар дүниелерді қазақшалап кішкентай бүлдіршіндер назарына ұсыну арқылы мәселені шешу жағы үкімет тарапынан қолдау тауып отыр. Соның нәтижесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және балалар контентін мемлекеттік тілде дамыту аясында балалар арасында жоғары сұранысқа ие «TiJi» және «Nickelodeon» телеарналарының хабарын балалар қазақша көру мүмкіндігіне ие болды. Жақында ғана әлеуметтік желілерде осы жаңалық туралы ақпарат берілді.

Мультфильм көру арқылы қай тілді болсын бала тез қабылдайды. Сондықтан бұл бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің ең тиімді жолы болмақ. Енді осы жасалған дүниенің пайдаға асуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін негізгі үміт – балабақша тәрбиешілері мен ата-анада. Қазақ балабақшасында да, орыс балабақшасында да мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың бір жолы ретінде қарап, балабақшалардағы ата-ана жиналысында «Nickelodeon» және «TiJi» арналарына жарнама жасалуы керек. Аталған арналардағы өнімдер бала ұғымына сай жатық тілмен аударылған. Қабылдап түсіну қиындық туғызбайды.

Тілге қатысты әлеуметтік зерттеулерінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «жұмсақ күш» деген терминді қолданады. Осы «жұмсақ күштің» рөлін қазіргі қоғамда Димаш Құдайбергеннің атқарып жүргенін жан-жақты дәлелдейді. Әншінің талантына табынатын, даусына ғашық адамдар қай мемлекетте тұрса да, қай ұлттың өкілі болса да Димаштың қазақша айтатын әндерін үйреніп қана қоймай, қазақ тіліне де қызығушылық танытып, тіл үйреніп жатқандары бар. Біздің айтпағымыз, кішкентай бүлдіршіндер үшін осы «жұмсақ күштің» рөлін атқаратын ең өнімді құрал ол – мультфильмдер. Сондықтан да үлкен еңбекпен жасалған дүниені, бар дүниені жарнамалап, ата-анаға да, балаға да көруін өтініп, ескертіп отырған дұрыс.

Бала бастапқыда тіл білмесе де, өзіне ұнаған фразаларды, жекелеген кейіпкерлердің сөздерін жаттап алады. Көре келе ептеп қазақшаны түсінетін деңгейге жеткенде жекелеген сөздері, одан кейін сөз тіркестерін мағынасын түсініп қолданатын болады. Қызықты эпизод, сұқбаттардан кейіпкерлердің ерекше жауаптарын жатқа айтуы мүмкін. Тіпті тұтастай сұқбаттың өзін қазақша айта бастайды. Сонда ақырын ғана қазақша үйрену үдерісі іске қосылып, нәтижесінде баланың тілі сынады. Тіл үйренуге деген қызығушылығы артады.

Жағымды жаңалықпен бөлісу мақсатында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен 22 маусымда «Бала тілін дамытудағы қазақтілді контенттің рөлі» тақырыбында облыстық әдістемелік семинар өткізілді. Семинар биылғы атаулы жыл – Балалар жылына орай ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттырып, балалар жылы аясында республикалық деңгейде жүзеге асырылған жобалармен таныстыру әрі балабақшадағы бүлдіршіндердің тілін дамыту үдерісінде мультфильмдер мен кітаптардың маңыздылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған әдістемелік семинарға Қарағанды қаласындағы балабақшалардың қазақ тілі мұғалімдері мен тәрбиешілері қатысып, біліктіліктерін арттырды. Жаңалықтан хабардар болды.

Ұйымдастырушылар тарапынан балалар контентін мемлекеттік тілде дамыту аясында қазақшаланған «TiJi» және «Nickelodeon» телеарналарындағы мультфильмдерге, «Сөзотау» қазақ балалар ақын-жазушыларының сайтына және «Бала тілі» интерактивті онлайн платформасына жарнама жасалып, балабақшаларда жаңалықты таратуға, насихаттауға тапсырма берілді.

Осыдан бір апта бұрын ғана Ресурстық тіл орталығы тарапынан «Балаларға жыр арна» онлайн байқауы ұйымдастырылған болатын. Балабақшадағы балаларға тарту болсын деп байқауға келіп түскен өлең-тақпақтардың талапқа сай келетіндері электрондық жинақ ретінде шығарылып, балабақша мамандарына таратылды.

Сөздің реті келгенде айта кетейік, әдістемелік семинарға жиналған қазақ тілі мұғалімдері қордаланған мәселелерді ортаға салып, алдағы уақытта сол мәселенің шешімін күтетіндерін жеткізді. Бұл өзі қазақ және орыс балабақшаларындағы тілдердің оқытылуына байланысты екен. Жақында ғана ҚР оқу-ағарту министрлігі тарапынан қазақ мектебіндегі бірінші сыныптарда орыс тілінің оқытылмайтындығы туралы ақпарат берілген болатын. Ал логикаға қайшы жағдай: қазақ балабақшаларында орыс тілі әлі оқытылады екен. Сонда бұдан не ұттық? «Оқиды-оқымайды-оқиды» деген мәселе толық шешілмейінше, бүлдіршіндерге мемлекеттік тілді үйрету мәселесі күн тәртібінде өткір тұра беретіні даусыз. Сондай-ақ қазақ балабақшасында қазақ тілі пән ретінде оқылмайтын көрінеді. Нағыз парадокс. Балабақшадағы балалардың қазақша сөйлемеуінің себебі көп. Әйтсе де көрсетілген мәселе шешімін тауып, қазақ балабақшасында қазақ тілі пән ретінде оқытыла бастаса, баланың тілді меңгеруіне көмегі болар еді. Осының бәрін балабақшаның қазанында қайнап, күнделікті өмірде мәселелермен бетпе-бет келіп отырған тәрбиешілер мен қазақ тілі мұғалімдері жеткізіп отыр. Ал біздің міндет –көтерілген мәселені ортаға салу ғана. Алдағы уақытта мәселенің шешілу жолдары құзырлы органдар тарапынан қарастырылып қалар деп біз де үміттіміз.

Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі болашағымыз. Олай болса, тіл үйрету, тіл үйрену үдерісінде ешқандай күштеусіз мультфильмдердің мықты қызмет атқаратынын естен шығармай, қазақ баласы үшін де, өзге этнос өкілдерінің балалары үшін де осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға асығу керек. Қазақ ақындарының «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлең-ертегілерінің де насихаты жасалуы керек. Ең бастысы, жақсыны бөлісуден, жарнамалаудан шаршамайық.

 

Жұпар Рысқұлқызы Жақанова,

Қарағанды облысының тілдерду дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру