МАҚАЛА ЖАЗ ДА, ҚАЛАМАҚЫ АЛ!

13.07.2022
Тіл – жалпы ұлтқа ортақ қазына, ал оның түйткілі мен күрмеуі тарқамаған кемшін тұсын түзетіп, өрісін кеңейту – баршамыздың міндетіміз. Осы орайда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Тіл және қоғам» электрондық альманағы мен «Терминологиялық хабаршы» электрондық бюллетенін шығарып келеді. Орталық қазақ тілін дамытудың өзекті мәселелеріне арналған ғылыми-публицистикалық мақала жазып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысып жүрген тіл жанашырларына қаламақы төлейді.

«Мемлекеттік тілдің маңызды салаларын қамтитын бұл басылымдардың сапасын арттыру мақсатында қаламақы төлеуді қолға алғанымызға көп болған жоқ. Мұндағы мақсат – еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген тілші ғалымдарды, ізденуші жастарды көбірек тарту. Мәселен, «терминологиялық хабаршының» былтырғы екінші санын жастарға арнадық. Нәтиже ойдағыдай. Көптеген жас таланттар үн қосып, тырнақалды ғылыми зерттеулерін жолдады. Есімі елге танымал ғалымдарымыз да тыс қалған жоқ»,– дейді Орталықтың редакциялықбаспа басқармасының Бас редакторы, әріптесіміз Қойшыбай Құтжанұлы.

Жақында осы мазмұнда тағы бір хабарландыру жарық көрді. Яғни биылғы жыл соңында жарық көрмекші екі журналға материал іздейді, әдеттегідей қаламақы төленетінін оқырман қауымның есіне салады.

Біз өз кезегімізде барша тіл жанашырларын бақ сынауға шақырамыз.

Орталықтың ғылыми Кеңесі мен редакциялық алқа талқысынан өткен материалдар болашақта жарық көрмек басылым беттерінен орын табады. Әрі жарияланған күнде, жанұялық бюджетіңіз белгілі бір сомаға көбейеді.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру