ЗЕЙНЕТКЕ ҚҰРМЕТПЕН ШЫҒАРЫП САЛДЫ

15.07.2022
2022 жылғы 15 шілде күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұжымы есімі елге танымал белгілі журналист, Орталықтың редакциялық баспа басқармасының бас редакторы, қоғам белсендісі Қойшыбай Есентаевты құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Орталықтың Бас директоры Е.Тілешов Қойшыбай Құтжанұлының ұжымдағы ұзақ жылғы жемісті еңбегіне алғыс білдіріп, иығына шапан жапты.

Салтанатты жағдайда Құттықтау хат табыс етілді. Онда былай деп жазылған: «Құбылмайтын құбылаңыз іспетті – Тәуелсіз қазақ журналистикасының қалыптасу дәуірінде – Сіздің айшықты қолтаңбаңыз сайрап жатыр, есіміңіз ерекше аталады. Сынаптай сырғыған уақыт легіне көз жүгіртсек,Алатаудың бөктерінен жер кіндігі Сарыарқаға ат байлап, Елордамыз Есілге қонғанда, киелі көш басынан көріндіңіз.

Қызмет бабымен қай салаға барсаңыз да, қолыңыздан қара қаламыңыз түспей, қоғам мен бұқараның арасында дәйім алтын көпір бола білдіңіз. Әсіресе, біздің тіл саласындағы кең қанат жайып, ерекше шабытпен жасаған жұмысыңыз ел жадында жатталады. Өйткені, оның астарында туған халқыңыз бен ана тілімізге деген ақ махаббат жатыр еді.

Сіздің ашық жарқын мінезіңіз жұртты тез баурап алады. Үлкенмен де, кішімен де емен-жарқын араласып, әзілдесіп жүрген кездеріңіз біз үшін қимас сағыныш болары хақ. Өмір ағысында толас жоқ, қоғаммен қарым-қатынастың ендігі есейген жылдарында халқымыздың асыл қасиетін бір бойына жиған асқар тұлға ретінде таныла беріңіз. Лайымда шаңырағыңызға шаттық ұяласын!»

Өз кезегінде Қойшыбай Есентаев ұжым басшылығына, нәсіп еткен жылдар көшінде бірге қоян-қолтық қызмет жасаған барша әріптестеріне риясыз көңілден шынайы ризашылығын білдірді.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру