Ресейде азиялық тіл білетіндерге сұраныс артуда

26.02.2018

Ресейде Орта Азия халықтарының тілдері мен қытай тілін білетіндерге сұраныс артып тұр. Бұл құбылыс еңбек мигранттарына қызмет көрсететін орталарда анық аңғарылады.

 

Әсіресе тәжік тілін білетіндерге сұраныс көп. Себебі бұл елге Тәжікстаннан жұмыс іздеп барушылардың, тіпті сонда өз жеке кәсібін ашқандардың қатары артып отыр. Тіл білетіндерді әсіресе азық-түлік қоймаларында, ірі дүкендер мен басқа да сауда орындарында, халыққа қызмет көрсету нысандарында, банктерде жиі іздейді. Яғни мұндай жерлердің көбі мигранттармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен екі жақты келістіретін тілмаш, аудармашы керек. Әрине, ол адам  жергілікті тұрғын немесе орыс тілін меңгерген мигрант болуы тиіс.

 

Бүгінде Орта Азия халықтарының бірінің немесе бірнешеуінің (тәжік, өзбек, қырғыз, қазақ, әзірбайжан, тағы басқа) тілін білетін адамдарға осындай мүмкіндіктер ашылып тұр екен. Қазақ тілін білетіндерге әсіресе Мәскеу мен Санкт-Петербургте сұраныс жақсы деседі.

 

Бұл нені білдіреді?

 

Кеңес Одағы кезінде ортаазиялық ұлт өкілдерінің орыс тілін білмейді дегендерінің өзінің «нан сұрап жерлік» орысшасы болатын, ол сол тілімен-ақ КСРО-ның кез-келген бұрышына бара алатын еді. Ал кейінгі ширек ғасырда орыс тілінің бұл аумақтардағы шеңбері тарылған, оны білмейтін бүтіндей дерлік бір ұрпақ өсіп шықты. Бүгінде солардың көбі жұмыс іздеп Ресейге барып орнығуда, олармен түсінісу үшін тілін білетін адам керек. Ресейде Орта Азия халықтарының тілін меңгерген адамның қадірі артуының басты себебі, міне, осында болып тұр.

Т. ТҰРАН.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру