АҚЫНДАР МЕН БАТЫРЛАР ЕЛІНДЕ
«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болдық,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған», – деген болса, сол өртті өшіретін де, ұлт мерейін өсіретін де Ыбырай мен Ахмет үміт артқан кейінгі буын, жастар болатын.
Ақаңды қазақ халқының көсемі, ұлтымыздың ұлы ұстазы деп танитын болсақ, «Қазақ» газеті де ұлттың ұйтқысы болғаны тайға таңба басқандай анық.
Ақындардың жырына арқау болған қоғамдық оқиғалар ақын тілімен айтылғанда айтары анық, бояуы қанық болатыны сөзсіз. Ахмет ақындар мен билердің сөздерін зерттеуші ғана емес, сондай билер аузынан шығатындай сөздерді өзі де айтушы. Мәселен, «Жұбату» деген өлеңіне назар аударайық. «Еркін дала, Еркің қайда? Еркіндегі көркің қайда? Тулы, нулы жерін қайда? Сулы, шулы көлің қайда? Еркін көшкен елің қайда? Ел қорыған ерің қайда? Тура айтатын биің қайда? Би бардағы күйің қайда?» Үзіндіні өлең түрінде емес, әдейі қара сөз секілді беріп отырмыз. Мұнда ақындықтан көрі шешендік үрдістің басымдығы көзге шалынады. Енді осы өлеңдегі алдыңғы және соңғы бунақтардың орнын ауыстырып оқып көрейік:
Еркің қайда, еркін дала?
Көркің қайда еркіндегі?
Жерін қайда тулы, нулы?
Көлің қайда сулы, шулы?
Елің қайда еркін көшкен?
Ерің қайда ел қорыған?
Биің қайда тура айтатын?
Күйің қайда би бардағы?
Шынында да, «қайда?» деген сөздің қайта-қайта қайталануы тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Кейінгі вариант шешендік үлгі жағынан алғашқы варианттан кем түспейді. Тек қана ұйқас жоқ демесе, ырғақ жәнеекпін сақталады. Немесе «Тілек-бата» өлеңіндегі:
«Жақын жерден жау шығып,
Мақұл сөзден дау шығып,
Дұшпан ұстап қолымнан,
Иттер тістеп тонымнан,
Маған тосу болған шақ,
Тұтқын болып тарығып,
Жалғыз жатып зарығып,
Ашу қысып, ойды алып,
Өт жайылып, бойды алып,
Дерт жүрекке толған шақ», – деген жолдар шешендік үлгіде жасалғаны көзге айқын көрінеді.
Ахмет сөздерінде оның өзі айтқан шешендік өнердің қанды қыздыратын, намысты келтіретін, жүректі тулатып, естен айыратын уытты, лепті сөздерінің қолданылғанын көреміз.
Екі дүниенің сардары Мұхамбет ғалайсаламның шын есімі – Мұхамбет, Інжілде айтқан бір есімі – Ахмет, ел есіндегі бір есімі – Мұстафа, тағы да бір есімі – Махмет. Осы есімдер атадан балаға мирас болып, ықылым заманнан бері ат қою дәстүріне берік енген деп айтуға болады. Ыбырай мен Абайдың да азан айтып қойған есімдері Ибраһим. Яғни, пайғамбардың аты.
Мұстафа Шоқайдың, Ахмет Байтұрсынұлының есімдерінде ислам дінінен тамыр алған осы қазақы дәстүр бар. Қазақ тіпті қосарланған есімдерді де жиі қойған. Мысалы: Мұхамбетрақым, Мұхамбет-Қанапия, т.б.Мұхамбет пайғамбардың хадистерінің бірінде: «Қиямет қайымда әркім аттарымен және әкелеріңнің есімімен шақырылады, сондықтан жақсы ат қойыңдар» –делінген. Расул (елші деген сөз, көрнекті ақын Расул Ғамзатовтың есімі әлемге әйгілі) деген тамаша есім пайғамбар құрметіне қойылғаны да белгілі.
Ата-бабаларымыз өзге ұлттан әйел алғанда да әуелі оны ислам дініне кіргізіп, есімін өзгертіп, құлағына азан айтып, қазақша ат қоятын болған. Соның бір жарқын мысалы Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы. Торғайда жүрген күндерінде оның орыстан әйел алғанын бетіне салық қылған ауыл адамдары: «Аха, сізді қазақтың сөзін сөйлейді деуші еді, кәпірден әйел алғаныңыз қалай?» – десе керек. Сонда Ақаң мүдірместен:
«Мына отырған Александра Ивановна,
Ризамын маған оны тағдырдың қиғанына,
Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса,
Татиды он қазақтың иманына», – депті.
Осы орайда Ақаң үйіндегі жеңгеміз мұсылман дінін қабылдап, өз есімін өзгертіп, Бәдірисафа атанғанын білеміз. Кейін оны Ақаңның інілері Бәдеш апа деп атап кеткен.
Ал осы шумақтың соңғы жолын кейбір авторлар «татиды он молданың иманына» деп жазып жүр. Мүлде дұрыс емес. Ақаң сөзіне қиянат. «Әлхамдилла, аз емеспіз, алты миллион қазақпыз» – деп жазған ұлы ұстаз ислам дініне де, оны насихаттаушы молдаларға да құрметпен қараған. Оның олай деп айтуы мүмкін емес. Сөз он молда туралы емес, он қазақ туралы. Осыны жадымыздан шығармауымыз керек. Біздің бала кезімізде ақсақалдар: «бай бол, молда бол!» – деп бата беретін. Молда бол дегені өте кең ұғым, шариғат заңына жетік болумен қатар шәкірт тәрбиелейтін ұстаз бол деген емеуірін болатын.Осы қателік жақында жарық көрген «Ұлт ұстазы» киносында да орын алды. Онда Бәдірисафаға айтқан шумақ қате айтылған. Өйткені, «Дәреті жоқ аяқтар, қорсылдаған саяқтар» деп өлең жазған Ахмет «он молданың иманына» деп айтуы мүмкін емес. Молданы қазіргі жастардың қайсыбірі сыйламаса да, Ахмет заманында оларға деген құрмет ерекше болған. Әңгіме дүмше молдалар туралы болса, онда сөз басқа.
Тағы бір тоқтала кететін мәселе, Ахметтің кітабындағы дауға айналған жыр.
Ой ұқсастығы көркем әдебиетте жиі кездеседі. Түрлі ұлттың көптеген қанатты сөздері де ұқсас. Орыстар «У семи нянок дитя без глаза» – дейді. Қазақша баламасы: «Қойшы көп болса, қой арам өледі». Ал «ағама жеңгем сай» деген тіркесті орыс тіліне аудара қалсаң, оның мағынасы «Два сапога́ пара» болып шығады. Өмірде де әртүрлі жағдайлар болады.
Көзілдірікті мұрын көтереді, пайдасын көз көреді. Таяқты қол ұстайды, пайдасын аяқ көреді. Қазақ ондайда: «Күріш арқасында күрмек су ішеді» – дейді.
1970 жылы жарық көрген «Алдаспан» атты (құрастырған Мұхтар Мағауин) кiтапта Асан Қайғының:
«Таза, мiнсiз асыл тас –
Су түбiнде жатады.
Таза, мiнсiз асыл сөз
Ой түбiнде жатады.
Су түбiнде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбiнде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады» – деген шымыр шумақтары жарық көрді. Қазақтың шешендік сөз саптауы негізінде жазылған жыр екені дау туғызбайды.
Осы өлең туралы Сауытбек Әбдірахманов арнайы мақала жазып, «1989 жылы Ақаңның кiтабы да шықты. Қарасақ – осы өлең сол кiтапта жүр. Басына «Ю.Жадовскаядан» деп жазып қойыпты. Бар айырмасы: бiрiншi жол – «Мiнсiз таза меруерт», үшiншi жол – «Мiнсiз таза асыл сөз», бесiншi жол – «Су түбiнде жатқан зат» деген мысал келтіріп, бұл өлең орыс тілінен аударылған» деген ұйғарым жасапты. Ал орыс тіліндегі нұсқасы мынандай:
Лучший перл таится
В глубине морской;
Зреет мысль святая
В глубине души.
Надо сильно буре
Море взволновать,
Чтоб оно, в бореньи,
Выбросило перл!
Надо сильно чувству
Душу потрясти,
Чтоб оно, в восторге,
Выразила мысль.
Сауытбектің:«Аударманың мiнсiздiгi, сөз саптауының қазақылығы сондай, 1970 жылы Ахмет аудармасын бәрiбiр бастыра алмайтынын бiлген Мұхтар Мағауин Асан Қайғы бабамызға басыбайлы етiп бергенде күмән келтiрген ешкiм болған жоқ» – деген уәжімен де келісу қиын.
Ақын Мырзан Кенжебай «Ұлт» порталында жарық көрген «Сауытбек Асан Қайғының жырын кімге телімек?» (8 қаңтар, 2014 жыл) деген мақаласында: «Әртүрлі халықтар әдебиетінен мол хабардар Жадовская сонау Алтын Орда, Қазақ, Ноғай, Қырым хандығы дәуірлеріндегі ақын-жыраулардан немесе жалпы Шығыс әдебиетінен аударма жасамады, соларға еліктемеді деудің өзі жөн білетін адамға өте ұят. Қайталап айтар болсақ, Асан Қайғының бұл толғау үлгісі Жадовская түгіл бүкіл арғы-бергі орыс поэзиясына тән нәрсе емес. С.Абдрахманов мырза Асан Қайғының бұл атақты толғауын не мақсатпен біресе Жадовскаяға, біресе Ахметке теліп, өзі «өзекті» деп атаған мақала жазғанын өзі білсін» – деген ой айтыпты.
Назар салып қараған оқырман нені аңғарады? Біріншіден, аталмыш жыр орыс тілінен қазақшаға аударылған дегеннен көрі, қазақшадан орысшаға аударылған жырға ұқсайды. Ахмет Байтұрсынұлы бұрын естіп жүрген жолдарды аударма кезінде пайдалануы да мүмкін. Ал Жадовскаяның осы Асан Қайғы айтқан жырды естіп, өлең қылмасына кім кепіл?! Немесе олардың ой ұқсастығы бір арнада тоғысқан деуге де негіз бар.
Тағы бір мысалға назар аударайық. Ахмет Байтұрсынұлының:
«Ауыз біреу, қол екеу,
Ол неліктен бұлай?!
Көп істеуші, аз жеуші,
Жаратқаны ол солай!» – деген шумағы аз сөзге көп мағына сыйғызған ойлы шумақ.
Таяуда Татьяна Петухова деген орыс ақынының «Интересно, почему?» деп аталған өлеңін оқыдым.
Папу спрашивает сын:
-Интересно. Почему
Уха два, язык один.
Ну никак я не пойму?-
-Хорошо, что ты спросил,
Поясню, Илюша,
Чтоб ты поменьше говорил,
А побольше слушал!
Ахмет айтқан ой орыс ақыны жырында айнымай қайталанып тұр. Бірақ, ол Ахметтің өлеңін оқыды деп айту қиын. Осындай ой ұқсастығы ақындар жырларында жиі кездеседі. Бірақ, кейде соны түсінбей, «пәлен ақын түген ақыннан ұрлап алған» деген сөздерді естіп қаламыз. Бұл қате түсінік болып қалуы екеніне мән бермейміз.
Герценді Еуропаны оятқан қоңырау, яғни, колокол деп атағаннан ба екен, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді де даланың алып қоңырауы деп атау тілімізге сіңіп, қалыптасып кетті. Ғафу ақынның «Дала қоңырауы» деген дастаны да осы ұғымды құлағымызға сіңісті қылды. Мектеп шәкірттері арасында тұңғыш қоңырау, соңғы қоңырау деген ұғымдар пайда болды. Осы қоңырау әлі күнге дейін білім ордаларындағы орныққан орнынан айырылатын емес.
«Герцен своим «Колоколом» пробудил Европу» десе, Алтынсаринды даланың қоңырауы емес, оның өзінің «Таза бұлақ» әңгімесінде айиылғандай «даланың таза бұлағы» деп атаған орынды енмес пе?
Қоңырау деген сөздің байыбына баратын болсақ, біздің қазақ артынан сөз ерген адамды соңыңда қоңырауы бар дегенін естігенбіз. Шынында да даладағы қазаққа өрістегі алысқа ұзап кеткен малдың төлдерін іздеу үшін мойнына қоңырау тағып қойғаны болмаса, қоңыраудың басқа қажетке керегі шамалы. Мен де кезінде Қостанайда «Қазақ тілі» қоғамының атынан «Дала қоңырауы» деген газет шығарған болатынмын. Кейін қоңырау туралы ойымнан айныдым.
Шоқанды орысың да, қазағың да аққан жұлдыз деп жазыпты. Сәбит Мұқановтың ол туралы романы да «Аққан жұлдыз» деп аталады. Морис Симашко «Колокол» деп аталатын роман жазды. Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев «Алғашқа қоңырау» деген деректі хикая жазды. Ғалымның құрметіне ұйымдастырылатын көрмелер мен экспозициялардың атауын «Аққан жұлдыз» немесе «Промелькнувший метеор» деп жазғанын күнде көзіміз көріп жүр. Менің ойымша, Шоқан аққан жұлдыз емес, қазақтың көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдыз.
«Күйдің пайғамбары», «жырдың пайғамбары» деген жаттанды сөздерге әуес болып барамыз. Кім болса да, олардың ешқайсысы да пайғамбар бола алмайды.
Ұлт ұстазы, ұлт ұйтқысы деген сөздер осы күні Ахмет Байтұрсынұлына байланысты жиі айтылатын болды. Менің ойымша, ұлт ұстазы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Ұлт ұйтқысы Ахмет Байтұрсынұлы дегенмен келісуге болады. Ал ұлт ұраншысы Міржақып Дулатов.
Сонымен бірге кез келген болмаса да, аты шыққан кейбір қаламгерлерді әдебиеттің әртүрлі жанрының Құлагері деген тіркес те әдеби сында жиі қолданылып жүр. Құлагер Ақан серінің Құлагері ғой. Олай болса осы Құлагер туралы дастан шығарған Ілияс Жансүгіровты «қазақ поэзиясының Құлагері», ал Ақан сері туралы роман-дилогия жазған Сәкен Жүнісовты «қазақ прозасының Құлагері» десек жарасады. Басқалар туралы айтсақ, өзге теңеулер де жетіп артылады.
Ақылбек Шаяхмет,
филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры.