«АЛАШ» АВТОНОМИЯСЫ ХАҚЫНДА
Алаш идеясы, оны шындыққа айналдыру үшін ақтық айқасқа түскен алаштық буын қызметі – бұл жалпы ұлт болып қорытатын, жалпы ұлт болып түсінетін тақырып. Оны қорыту ісіне кезінде тыйым салынды, шектеулер қойылды. Тәуелсіздік жылдары Алаш ұлт-азаттық қозғалысы, алаштықтардың қайғылы тағдыры туралы ойланатын, бұл тақырыпқа қалам тартатын ғалымдар, журналистер, ақын, драматургтер қатары өсуде. Тіптен алаштықтар ұстанымын жалғастырып, батыл тұжырымдарын мәлімдеп, сол үшін абақты есігін көріп жүрген отандастарымыз да бар.
Алаш тарихын ғылыми тұрғыдан қорыту ісі «тиесілі арнаға түсе қоймады, ол бұрмалауға ұшырауда» деп даурығуға, қоғамдық ойды дүрліктіруге негіз жоқ. Біз қазір көп нәрсеге басқаша қарайтын болдық. Тарихи таным жаңа сапаға көтерілді. Бұл өзгеріске Әлекең бастаған алаштық буынның да қосқан зор үлесі бар. Кезінде олардың қаламынан туып, бізге жеткен мұралары бүгінгі ұлт танымына қызмет жасауда. Менің бұл пікіріммен көзі қарақты оқырман келіседі деп білемін.
Әрине Алаш ұлт-азаттық қозғалысы – сан қырлы күрделі құбылыс. Оның тереңіне өмір көшіндегі ұлттың әрбір буыны бойлап, өз тұжырымын жасайтын болады, оның тарихи тұлғаларының болмыс-бітіміне, қызметіне ой жүгіртіп бой түзейтін болады.
Сонымен бірге соңғы отыз жылдан астам уақытта Алаш қозғалысына қатысты мынадай тенденциялар бой көрсетті. Бірі – бұл мәселені ғылыми негізде талдауға алу, қорыту ісіне бұрынғыдай түрлі кедергілер қою, қозғалысқа қатысты құжаттық материалдарды зерттеуші ғалымдарға беруге тыйым салу байқалды, алаштық тұлғаларды атауға, олардың мұраларын жариялауға қарсылық болмаса да олардың есімі мен қызметінің төңірегінде үнсіздік біржола сейіле қоймады. Тек соңғы үш-төрт жылда ғана Президент Қ.Тоқаевтың саяси репрессия құрбандарын толық ақтау туралы шешіміне байланысты бұл мәселеде жаңа серпіліс туды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтегі қайсыбір шенеуніктер, шығармашылықтағы жеке адамдар тарапынан Алаш тақырыбын саудаға салу, тақырыпты қанау, оны жеке бас мүддесіне пайдалану әрекеті де төбе көрсетті.
Сондай-ақ осы кезеңде өткен тарихты, мейлі ол ел өміріндегі маңызды кезең немесе құбылыс болсын, оны ғылыми негізде әділ де қатал түрде қорыту деңгейіне көтеріле алмай, оған тек сұқтана қарауға әдеттену де байқалды. Ал ондай күйге енген жеке адамның, тіптен бүтін бір қоғамның өмірдегі өзінің шынайы болмысын қабылдай білу қабілеті кеміп, жалған, алдамшы түсінік жетегінде кетуі де әбден мүмкін. Мұндай күйді ғылымда «боваризм» деп атайды. Яғни Г.Флобердің кейіпкері мадам Боваридің өмірдегі болмысын шынайы қалпында емес, жалған, алдамшы күйде қабылдау қасиеті болған. Мұндай күйге бүтін бір халықтың да түсіп кетуі ықтимал ғой (Л.Сеа). Өз ретіне қарай айта кетелік, біздің қоғам кеңестік кезеңінде өз өткеніне байланысты сондай күйдің құлдыққа бастайтын вариантын басынан өткерді.
Аққұлыұлы Сұлтан Ханның Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысты іс-әрекеті, «Жас Алашқа» берген сұхбаты еріксіз соңғы жағдайды еске салады. Тарихи тақырыпқа қалам тартуға ұмтылыс жасаушының ең үлкен кемшіліктерінің бірі – өмірдегі объективті қиыншылықтарды түсіндіруге келгенде өзінің әлсіз жақтарын көре алмауында. Оның Алаш автономиясы 2,5 жыл өмір сүрді, қазақтарда осы мезгілде республикалық құрылыс болды» деген мағынадағы тұжырымдарға келіп, қайыру бермей өбектеуі тарихи фактімен жұмыс жүргізу машығының, тіптен факті туралы түсінігінің кемшіндігінен туындайды.
Осы ретте тарихшыдан талап етілетін мынадай азбукалық жағдайды ескертуге тура келеді. Біріншіден, тарихи фактісіз тарихи құбылысты баяндау мүмкін емес. Тарихи факті – тарихи баяндаудың бастапқы элементі, ядросы. Екіншіден, тарихи шындықты сол тарихи құбылыс, оқиға, процеске қатысты фактілердің жиынтығы ғана бере алады. Үшіншіден, тарихи фактілер жай қарапайым, күрделі, сондай-ақ қорытылған ғылыми болып жіктеледі...
Тарихи фактіге қатысты бұл әліппелік түсініктерді келтіруге мәжбүр болып отырғанымның мынадай себептері бар. Мен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбын базбіреулер сияқты төтеннен келіп, аптығып-адасып жүргендерден емеспін. Бұл тақырыппен 1989 жылдан бері үзіліссіз айналысып келемін. Екі мәрте мемлекеттік комиссияның (1991-1992, 1997-1998 (сенатор С.Қасымов басқарған) құрамында болып, олардың қорытынды құжаттарын даярлауға қатыстым. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының шешімімен 2020 жылы құрылған мемлекеттік комиссияның құрамында жұмыс жүргізіп келемін. Аталған комиссиялардың құрамында болу маған жабық архив қорлары материалдарымен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Осы отыз жылдан астам уақытта архив құжаттарымен, тақырыпқа тікелей қатысы бар саяси репрессия материалдарымен таныстым. Алаш тақырыбына қатысты жабық қор материалдарын жарыққа шығару туралы мәселені көтеріп, Мемлекет басшысы, Парламент комитеттері атына бірнеше мәрте хат жолдадым (Қараңыз: М.Қойгелдиев. Тарих – күрес алаңы. А., 2015, 357-381 бб.). Бұл әрекеттің бәрі ізсіз кетті деп айта алмаймын. Бұл – еңбек. Сонымен бірге ғажайып мүмкіндік. Мәселені фактілік және теориялық тұрғыдан қорыту мүмкіндігі.
«Алаш» автономиясы туралы мәселенің қойылуына оралайын. Иә, рас, азаттық қозғалыс басшысы Әлекеңнің, Әлихан Бөкейханұлының 1937 жылы 6 тамызда тергеушіге берген жауабында «Съезд (1917 жылғы желтоқсандағы жалпықазақ съезі – авт.) объявил национальную автономию казахских областей под названием – автономия «Алаш» деген көрсетуі бар. Ал осы қозғалыс басшысы тарапынан берілген фактіге зерттеушінің қатынасы қандай болмақ? Яғни зерттеуші осы фактіні сол күйінде айналымға қоса ма? Қосса, бұл фактінің қандай астары мен қырларына назар аударуға міндетті? Өйткені құжат НКВД түрмесі қойнауында өмірге келген, кәнігі тергеушінің қолынан өткен. Басқаша айтқанда, тергеу материалдарындағы әрбір факті зерттеушінің сараптауынан өтіп, басқа фактілермен өзара байланыста талдауға алынғанда ғана ғылыми фактіге айналмақ.
Ә.Бөкейханұлы – ұлт-азаттық қозғалыс лидері, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің төрағасы. Яғни тергеудегі мұндай биік мәртебелі саяси тұлға ісіне байланысты даярланатын құжаттық материалдарға да артылатын жүк сол деңгейге лайық болуға тиіс. Саяси репрессия құжаттарымен жақын таныс зерттеушіге бұл белгілі жағдай. Тергеуші «айыптау қорытындысына» енетін тұжырымдарды алдын ала тергеу хаттамасына сыналап енгізіп, хаттаманың әрбір бетіне (кейде әрбір жолдарына), сондай-ақ соңына айыпталушының қолын қойғызып, өзі даярлаған құжатты алдымен тергеудегі кісінің өзіне бекітіп алады. Бұл ОГПУ-НКВД түрмелерінде қалыптасқан тәртіп болатын. Бұл жолдан қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары мен оған атсалысқан тұлғалары түгелдей өтті.
Сондықтан да Ә.Бөкейханұлының тергеу материалдарында кездесетін «националистическая партия Алаш», «Алаш была буржуазно-националистической партией», «Алаш выражала интересы казахского байства», «Алаш объединяла казахскую буржуазию и буржуазную интеллигенцию», тағы басқа осы мазмұндағы сөз тіркестерін тергеушінің көздеген мақсатымен өзара байланысты қарастырған жөн. Сол сияқты «съезд объявил национальную автономию» деген мәліметті де осы арнада оқыған тура болмақ.
Тергеуші қазақ автономиясына қатысты бұл пікірді азаттық қозғалысының басшысы айтты деп тергеу хаттамасына енгізуінің мынадай бір астарын есептен шығаруға болмайды. Бұл арада тергеуші «Алаш» қозғалысын, оның лидерін әсіре ұлтшыл – сепаратист есебінде көрсетуді көздеп отыр. Тапшылдық және интернационализм идеологиясы үстемдік құрып, жаңа астар мазмұндағы империялық мүдделер алға шыққан кеңестік қоғамда бұл өте ауыр қылмыс түрі болатын. Бұл тақырыпты өрбітіп, жан-жақты ашып жазуды мақаланың көлемі көтермейді. Сондықтан да мәселенің өзекті деген қырларына ғана тоқталайын.
Автономия жариялау ісіне тікелей қатысты болған Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасов желтоқсанда жалпықазақ съезіне жиналған делегаттар автономияны жариялау мәселесіне келгенде екі лагерьге бөлініп, өзара айтысып кеткендігін көрсетсе, М.Дулатұлы бұл мәселенің шешімін Түркістан қаласында өтуі белгіленген Сырдария қазақтарының съезіне қалдырғандығын, дегенмен бұл мәселенің ол басқосуда да шешілмегендігін айтады (Қараңыз: ҚР ПА., № 011494 іс, 1 т., 317-318 п.п.; Сонда 6 т., М.Дулатұлының көрсетуі).
Осы арада Ә.Бөкейханұлы бастаған жақ ұлттық автономияны жариялау ісін кейінге шегеруінің себептеріне тоқталуға тура келеді. Тарихи құжаттарға сүйенсек, олар мыналар. Біріншіден, ұлттық негіздегі автономияны жариялау ісін бұл тарихи кезеңде қазақ жеріндегі үлес салмағы миллионнан асатын орыс және басқа еуропалық переселен тұрғындарға ескертіп, олардың келісімін алу маңызды еді. Ал олардың үлкен бөлігі өкімет тарапынан мақсатты түрде қаруландырылған әскери күш болатын. Қазақ саяси басшылығының бұл жағдайды есепке алмауы, әрине, мүмкін емес-тін. Съезде құрылған Ұлт Кеңесі – Алашорда үкіметіндегі 25 орынның 10-ның қазақ арасындағы басқа халықтарға қалдырылуының бір сыры осы жағдайға байланысты болатын. Ел өміріндегі тура осы сипаттағы жағдай 1991 жылы да қайталанды. Екіншіден, қазақ ұлты территориялық-әкімшілік тұрғыдан бұл кезеңде тұтас емес, шашыранды орналасқан-тын. Мәселен, тек Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында бұл мезгілде 3 миллионға жуық (2 972 725 адам. Қараңыз: М.Қойгелдиев. Алаш қозғалысы, 1 кітап, 438 б.) ұлты қазақ тұрғындары тұрып жатты. Басқаша айтқанда, ұлттық автономия жариялау алдында ұлттың бұл бөлігінің ұстанымын анықтау өзекті мәселеге айналды. Тез арада Түркістан қазақтарының съезін шақыру туралы Ә.Бөкейханұлы мен М.Шоқай қол қойып, тиісті мекенжайларға жолданған үндеудің өмірге келуі соған байланысты болатын.
Осы баяндалған жағдайлармен бірге үшіншіден, жалпықазақ съезі ұлттық автономияны жариялау ісін 1918 жылдың қаңтарында өтуге тиіс болған Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қаратқандығын да естен шығару тура болмас еді.
Ә.Бөкейханұлы 1918 жылы 12 қыркүйекте Уфадағы Мемлекеттік кеңесте сөйлеген сөзінде: «Біз ескі самодержавиялық Ресейдің құрамындағы өзге ұлттар болашақ республикалық Ресейдің демократиялық бөлігімен бірігіп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысынан халық қалағандай билік түрін алудан үміттендік, өкінішке қарай бұл үмітіміздің күлі көкке ұшты», (Д.Аманжолова. На изломе... 261 б.) деп мәлімдеді.
Ресей демократиясының қазақ ұлттық автономиясына байланысты ұстанымы келесі жылы да принциптік өзгеріске ұшыраған жоқ. Соған көзі жеткен А.Байтұрсынұлы 1919 жылдың көктеміне қарай «патшашылдардың төрінде отырғаннан социалистердің босағасында өлгенім артық» деген тұжырымға келіп, кеңес басшылығымен келіссөзге аттанады (ҚР ПА., № 011494 іс, 6 т., М.Дулатұлының қосымша жауабы).
Қалай болғанда да саяси басшылықтың ұлттық автономия құру ісін қолға алып, нақты әрекетке көшуі бұл елдің болашағы үшін жасалған батыл қадам және аса маңызды тарихи оқиға еді. Күн тәртібіне мақсатты түрде ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту міндеті қойылды. Оның территориялық ауқымы белгіленді. Автономиялық үкіметі құрылды. Ұлттық банк, әскер құру, басқару аппаратын қалыптастыру, білім жүйесін жарақтау шаралары қолға алынды.
Осымен бірге алып империяның экономикалық және мәдени дамуда артта қалған шет аймағы дәрежесіндегі қазақ қоғамына бұл міндеттерді басталып кеткен азамат соғысы жағдайында тез арада еңсеріп кету мүмкін емес еді.
Ұлт-азаттық қозғалыс басшылығы үміт артқан Комуч, Бүкілресейлік уақытша үкіметі – Директория, Колчак басқарған Омбыдағы Ресей үкіметі сияқты жалпыресейлік құрылымдар Алашорда үкіметіне белсенді қолдау жасамады, ал соңғы екеуі ұлттық автономияны мойындауға қарсылығын ашық көрсетіп, оны тарату туралы шешім шығарды.
Дербес қазынасы жоқ Алашорда әскері барлық құрылған өңірлерде ақ генералдар билігіне тәуелді болып, ақ әскердің құрамды бөлігі саналды (дело № 011020, 1 т., 57 п.). Бұл тақырып алғаш рет Б.Әбдіғали еңбегінде құжаттық негізде баяндалған (Войско Алаш. Казахские части в составе Белой армии (1918-1920 гг. А., 2017).
Азамат соғысы жылдарындағы экономикалық өмірі талауға түскен, мемлекеттік қорғанысы жоқ елдің ауыр халін М.Тынышбаев, А.Кенжин, Ғ.Бірімжанов сияқты белгілі саяси тұлғалардың ақ генералдар басқарған билік орындарына түсірген баяндама хаттарынан анық байқауға болады. 1919 жылы 23 маусыммен белгіленіп Колчак үкіметінің атына жазған баяндамасында А.Кенжин мен Ғ.Бірімжанов Торғай, Ырғыз және Ақтөбе уездерінде 1916 жылдан бері қалыптасқан өте ауыр экономикалық жағдайды баяндай келіп, жұт және эпидемиялық аурулар жағдайында өмір сүруге мәжбүр болған жергілікті халыққа ең болмаса нан, шай, сіріңке, аяқкиім, мануфактуралық өнімдерін, дәрі-дәрмек жеткізу ісінде көмек беруді өтіне сұрады, апатты жағдайдың бетін қайтару мақсатында жергілікті уездік казначействоларды жалпымемлекеттік ақша белгілерімен қамтамасыз етіп, кредит жүйесіне жол ашуды өтінеді (ҚР ПА, № 010513 іс, 3 т., 10-16 п.п.).
Осы 1919 жылы 16 сәуірде белгіленіп Колчак үкіметінің атына жолданған баяндауында М.Тынышбаев Жетісу облысында қалыптасқан ауыр жағдайға тоқталып, большевиктер билігі тарапынан жасалған түрлі қиянатқа көрсеткен қарсылығы үшін қызылдар тарапынан Лепсі уезі Садыр болысының бес ауылында бес мыңнан астам ересек адамдардың, ал жалпы уез бойынша сегіз мыңға жуық адамның өлтірілгендігін келтіреді. Өңірді жайлаған жұттың салдарынан жергілікті халықтың малының жартысына жуығынан айырылғаны аз көрінгендей, большевиктер тек Лепсі уезіндегі қазақтардың он мың жылқысын соғыс қажетіне деп тартып алады. Өңірдегі жұрттың қоғамдық өмірін ұйымдастыру ісінде белсенділік танытып жүрген О.Әлжанов сияқты азаматтың қызылдар тарапынан өлтірілгендігін, Сыртанов, Сүлеев, Төлебаев, Маметов, Ниязов, Күдербеков сияқты азаматтардың саяси қуғынға түскенін баяндайды. Халықтың басына түскен осы нәубетке байланысты араша түсуін өтініп, үкіметтен аштықты тоқтату үшін астық, ауылшаруашылық еңбек құралдарын бөлуді, халыққа түрлі алым-салық, міндеткерліктерді жүктей беруді тоқтатып, ауру қысқан жұртқа дәрі-дәрмек бөлдіріп, дәрігер және фельдшерлер жіберуін сұрайды (Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы, 2 т., 315-321 бб.).
1919 жылдың соңына қарай Әлекеңнің тергеу хаттамасында көрсеткеніндей, Алаш күштері өзектілігін жоғалтып, осы жылдың желтоқсанынан Алашорда қайраткерлері советтік биліктен ығысып, қырда жасырынуға мәжбүр болды (ҚР ПА, № 012308 іс, 1 т., 16 п.).
Жалпыұлттық платформадағы ұлттық автономияны кеңес үкіметі де мойындамады. Оның себептеріне «Алаш қозғалысы» аталатын зерттеуімнің бірінші және екінші кітаптарында, «Қиянат анатомиясы» аталатын еңбегімде тоқталғанмын.
Осы ретте мәселен, А.Байтұрсынұлының кеңестік билік берген таптық негіздегі автономияға байланысты «Біз, қазақтар Қазақ Республикасы деген атауды малданып жүрміз, ал бұл Республиканың мазмұны біздікі емес қой, оның иесі де біз емеспіз» (Ғ.Тоғжанов. Аталған еңбек, 32 б.) деген пікірін ескеруді жөн деп білемін.
Міне бұл келтірілген және басқа фактілік материалдар Сұлтан Хан дәлелдеуге күш салып жүргендей автономиялық мемлекет, республикалық құрылым қалыптастыру ісінің анағұрлым күрделі процесс екендігін көрсетеді. Бізде «2,5 жыл егеменді мемлекет, Алаш республикасы» болды, оны тарихшы мамандар тура бағалай алмай келеді деген сөзі – жұмсартып айтқанда, тарихи шындықты бұрмалап, әсерлеп көрсетудің көрінісі, боваризмге бастайтын жол. Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясына байланысты «автономия біздің алғашқы балғын қадамымыз болды» деген тұжырымға келеді. Бұл пікірді «Алаш» автономиясына да байланысты айтуға негіз жеткілікті.
Бір нәрсенің басы ашық, ұлттық саяси басшылық 1905-1920 жылдар аралығында, яғни бар болғаны он бес жылда өзінің жігерлі де мақсатты қызметі арқылы қазақ өмірін түбегейлі өзгертті. 1917 жылы Қазақ Комитеттерін, Алаш партиясын құрып, оның саяси платформасын жариялап, Бүкілресейлік құрылтайға «Алаш» партиясы атынан сайлауға түсіп, жеңіп, ал сол жылдың соңында Алашорда үкіметін сайлап, қазақ жерінің территориялық ауқымын белгілеп, оны негізге алып Алаш мемлекеттілігін жаңғыртатындығын мәлімдеп, осы мақсатта нақты әрекетке көшіп, ұлттың қоғамдық-саяси өмірін жаңа сапаға көтерді. Ұлттың болашағы үшін атқарылған бұл тарихи қызмет кеңес өкіметіне қазақ мүддесін мойындатуға негіз болды.
Сұлтан Хан мақаласының басында «қалың қазақты...Алаш қайраткерлері салып кеткен күре жолынан» тайдыру ісіне «билікпен бірге атсалысқан тарихшы ғалымдар» деген пікір айтыпты. Сенсация қуып жеңіл айтылған сөз. Өмірде сабақтастық деген ұғым бар емес пе?! Алаш өзінің алдындағы ата-бабаларымыз салып кеткен күре жолда берік тұрған жаңа күш еді ғой?! Сол жолды ұлт тарихының күрделі кезеңінде жанұшыра қорғап, мерт болды емес пе?! Алаштық буынның қызметін осы тұрғыдан түсінгеніміз абзал.
Ал халықты «адастырған» тарихшылар әулетіне келсек, олар да заманының перзенті, заманына «күйлеп», илеуге де түскен болар. Дегенмен олардың еңбегін жалқы түспен бояп, күресінге лақтыра салу біліктілікке жатпайды. Өйткені олардың қатарында Санжар Асфендияров, Ермұхан Бекмаханов, Есаға Исмаилов, және басқа біраз ұлы тұлғалар болған еді ғой?!
Сұлтан Хан осыдан біраз бұрын мені дискуссияға шақырған. Келіскен жоқпын. Өйткені қисынсыз даурығуда өткізуге уақыт тапшы. Кемеңгер Жүсіп Баласағұн бабамыз «надандардың аңсағаны дау болды» дейді. Бұл пікір ескіре қойған жоқ және ол Сұлтан Ханға қайдам, маған ұнайды.
Сұлтан Хан мақаласындағы менің атыма айтылған түрлі ғайбат пікірлерге жауап жазуды өзіме ар санадым.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
академик