ЭКСПЕДИЦИЯ: АХАҢ ЖҮРГЕН ЖОЛМЕН... Үшінші күні

15.09.2022

Ғафу Қайырбеков: "

Мұғаджардан еркін жетіп Есілге,

Ұлы таудан бөліп алып енші-ірге,

Жастап жасыл Тобыл суын жатыр ол

Қазақстан деген өлке төсінде",- деп жырлағандай, экспедиция қасиетті Торғай жеріне де келіп жетті. Бұндағы Алғашқы сапар Ыбырай Алтынсарин атындағы институтта басталды. Әуелі Ыбырай ескерткішіне гүл шоғы қойылды.

 

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөзін сөйлеп, "Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі" республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына сәттілік тіледі. Алғашқы болып мінбеге көтерілген Жандос Смағұл ахметтану ілімі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша: «бұл тақырыптағы алғашқы мақала "Айқап" журналында жарияланған. Бұл сол кездегі қазақ қоғамында қазақ тілін сақтау, жазуын тәртіпке, бір үлгіге келтіру үлкен қозғалыс туғызды».

Жантас Жақыпов Ахаңның тіл мәселесіне қатысы туралы айтты. "Ахаң ашқан қазақ мектебі дегенде, әдетте бұрын қазақ даласында мектеп болмаған ба деген сұрақ болуы әбден заңды. Әр қазақ ауылында мұсылман мектебі, Ыбырай ашқан мектеп болды. Бірақ, алғашқысы аты айтып тұрғандай, мұсылман діні уағыздалса, соңғысы орыс білім беру жүйесімен оқытылды. Ахаң ұлттық мектептің негізін қалады",- деді ол.

Ербол Тілешов "Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт өркениеті" деген тақырыпта баяндама жасады. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ҰҒП орталығының ұлт ұстазының мерейтойын ұйымдастыру шаралары туралы айта келіп, Ахаңның таңдамалы шығармаларының қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде басылып шығатынын тілге тиек етті.

"Ахаң қазақ халқының қолына мәңгілік екі қару ұстатып кеткен ұлы тұлға. Орыс халқының қаншама ғалымдары еңбектеніп, тіл ғылымын 180 жылда жасаған болса, Ахаң абақты мен айдауда жүріп жалғыз өзі он бес жылдың ішінде қазақ әліпбиін, жазу емлесін жасап, қазақ тілінің ғылыми сипаттамасын дәлелдеп берді. Жазу болғасын Қазақ топырағында ғылым, театр, әдебиет пайда болды. Екіншісі, сол қаруды қалай пайдалануды үйретті. Ол – әдіснама. Бұндай жанкештілік пен ұлы еңбек әлем тарихында сирек",- деп атап көрсетті.

Конференцияда Бекжан Әбдуәлиұлы, Ұлан Еркінбай, Сұлтан Шөптібайұлы қатарлы ғалымдар баяндама жасады.

Экспедиция мүшелері Арқалық қаласында орналасқан ұлы ұстаздың ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым етті.

Міржақып Дулатовтың кіндік қаны тамған жердің әсерін тілмен жеткізу қиын. Ата-бабаларымыздан қалған қасиетті жер деген ұғым бар. Ұлы тұлғаның туған жері мен шыр етіп дүниеге келген үйінің орнын көру, тәу ету экспедиция мүшелерін тебірентті.

Жолдамыз. Алда Ахаң туған киелі топырақ!

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру