АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТІЛТАНУЛЫҚ МҰРАСЫНДАҒЫ АДАМӨЗЕКТІ ТҰЖЫРЫМДАР

28.09.2022

 

 

Қазіргі тіл біліміндегі жаңа өлшем адамды тірек ететін бағыт адамөзекті (антропоцентризм) болып тұр. Мұның салалары әралуан: когнитивтік тілтану, психологиялық тілтану, коммуникативтік тілтану, лингвомәдениеттану т.б. Ахмет Байтұрсынұлының тілтанулық мұрасынан осылардың лингвомәдениеттану және психологиялық тілтану жөніндегі тұжырымдарын сипатттап көрейік.

Лингвомәдениеттану тіл білімі мен мәдениеттанудың тоғысуынан пайда болғандықтан, халықтың мәдени қазынасын, олардың қолданылу жүйесін зерттейтін тіл білімінің саласы ретінде көрінетіні белгілі. «Лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттану түйісуінен пайда болған тілде бейнеленген және бекіген халық мәдениетінің көріністерін зерттейтін ғылым» [1,9]. Ахмет уәждері осыған сәйкес келеді.

Бұл жерде біз лингвомәдениеттанудың қағидалары мен ұстанымдары туралы, олар белгілі жайт болғандықтан, тоқталып жатуды артық көреміз. Мақсатымыз Ахмет Байтұрсынұлының осы төңіректе қандай ойлары бар екенін көрсетіп беру. Ол ойларды талдап, сынаудан да бас тартамыз, таныстыруды көздейміз.

А. Байтұрсынұлы «мәдениет» деген ұғымға кең ауқымда қарайтыны байқалады. Бұл лингвомәдениеттанудың мынадай сипатына қайшы келмейді: «Мәдениет – тек тілдің қызмет етуіндегі өзара байланысы мен өзара әрекеттесуін зерттейтін, бұл үдерісті жүйелі әдістер көмегімен және қазіргі құндылықтар мен мәдени анықтамаларға бағытталған тілдік және тілдік емес мазмұн бірлігін де біртұтас бірліктер құрылымы ретінде бейнелейтін жинақтаушы түрдегі кешенді пән» [2, 47]. Оқиық.

«Біздің заманымызда тірліктің ең жақсы тірегі мәдени тірек екеніне, сондықтан қазіргі озық мемлекеттерде мәдени тірекке сүйеніп өмір сүретініне, менің ойымша, еш дау жоқ. Шындығында, мәдениет әлсіз жерде жерге егін аз шығатынын, машиналар жұмысты нашар істейтінін, өнеркәсібі мен саудасы аз дамитынын, аурумен, өлім-жітіммен күресу табыссыз болатынын, табиғат аз бағынатыны я тіптен бағынбайтынын, табиғаттың дүлей күштері адамдар үшін апат пен қайыршылық әкелетінін кім теріске шығара алады!? Біздің заманымызда мәдениет – өмірдің ең қатты қажеті. Мәдениетке сүйенбеген өмір түрлі кездейсоқтыққа ұрына беруге мәжбүр. Мысалды алыстан іздемей-ақ табасыз. Жадымызда 21-22-жылдардың аштығы әлі жаңғырып тұр. Оған дейін қаншама рет аштыққа ұшырадық. Ресей өмірінде ондай аштық жиі болады. Сансыз да шексіз табиғи байлық тұрғанда мұндай құбылыстың болуын немен түсіндіреміз? Әрине, жұрттың мәдениетінің аздығымен. Екі жыл сайын қатарынан қайталанып тұратын құрғақшылық диқандарды жабайы халға қайта әкеп соғады, жайсыз қыстың бір өзі-ақ мал шаруашылығын осындай халға түсіреді. Бұл – елімізде мәдениеттің табиғатты бағындыра алмаған қауқарсыздығын айқын көрсетеді. Егіншілік пен малшылықтың мәдени түрі жоғары болса, бұл айтылған жайлар болмас еді» [3, 579].

Мәдениеттердің тоғысуы, ықпалдасуы, Ахметтің көрсетуінше, былайша болады: «Қазіргі мәдениет әлдебір ұлттың я нәсілдің жасаған нәрсесі емес, бүкіл адамзаттың бірлесе жұмсаған күші мен дағдыларының нәтижесі. Әр ұлттың мәдениетінде, өзінің жасағанынан басқа, сырттан кірген нәрселер де болады, ал олардың мәдениетінің араласуына достық пен жақтырмаушылық жағынан әр түрлі болып келетін қарым-қатынастары ықпал етеді. Мәдениетте ауыс-түйіс бір ұлтты екінші бірі бағындырған кезде әрі халықтар бір-бірімен бейбіт қарым-қатыс жасаған кезде болады. Мұндайда дін, салт, қоғамдық ұйымдардың ұқсас түрлері, әдет-дағды, инстинкт, психологияның т.с.с. жақындығы сырттан ену процесін және мәдениеттердің араласуын жеңілдетеді» [3, 579-580].

Ахмет дәуірінде мәдениетіміздің дамуына не кедергі болғанын ғалым ашық айтады: «Мәдениет тірі табиғаттағы жаратылыс дамуының жалғасы ретінде өзінің дамуы үшін жайлы жағдайдың болуын талап етеді. Дәл осындай жағдай Ресейде тұратын түркі халықтарында болған жоқ. Түркілер әлденені алып қабылдайтын жалғыз ғана халықтың бұлармен тұрмыс түрінде ешқандай ұқсастығы жоқ, оның үстіне үстемдік етуші, бұратаналарға қатысты орыстандыру, православтандыру, құлдыққа салу саясатын ұстанатын үкімет басшылары бар халық болып шықты. Осының салдарынан үкіметке мүлдем сенбеушілік және орысқа қатысты атаулыны, сонымен қатар орыс мәдениетін жақтырмаушылық шықты. Екінші жағынан алғанда, діни төзімсіздік рухын бойына жинап үлгерген кейбір түркі халықтары мұсылмандыққа жатпайтынның бәрін де жатсынатын, мұсылмандық атаулыға құлша еліктейтін болды. Бұл да олардың өздерінің мәдениетін, айталық, әдебиетін дамытуға кері әсерін тигізді» [3, 580].

Ал мәдениеттердің ықпалдастығы бұл заманда қандай болғанын мына тұжырымнан анық көреміз: «Орыс рухани мәдениеті орыс үкіметінің саясатының кесірінен соңғы он жылға дейін Ресейдегі түркі халықтарының рухани өмірінің өркендеуіне ешқандай ықпал жасаған жоқ» [3, 580].

Демек, Ресей мәдениетінен жақсылық көрмеген екенбіз, алайда «Ауыс-түйіс түркілердің өз арасында ғана болды. Дәл осы тұста болмыстың мен айтып өткен ұқсастықтары көмекке келді. Түркі халықтары бірі бірінен рухани мәдениетті орыстан алғаннан гөрі оңайырақ қабылдап жатты, бірақ олардың бір-бірінен алар ештемесі болмады. Ауысып-түйісуге жарайтыны тек қана дін ілімі мен жазу ғана болды» [3, 581].

Қазіргі лингвомәдениеттану мамандары даму кезеңдерін төмендегідей белгілейді:

  1. Тіл мен мәдениеттің арақатынасы, астарластығын бағамдайтын лингвомәдени көзқарастардың, лингвомәдениеттанымдық ізденістердің бастау алу кезеңі;
  2. Лингвомәдениеттанудың жеке сала ретінде қалыптасу кезеңі;
  3. Зерттеу нысаны, ғылыми ұстанымдары мен межелері, теориялық тұжырымдары нақтыланған лингвомәдениеттану ғылымының пайда болу кезеңі [1, 28]. Осының бірінші кезеңі түркі кеңістігінде Ахмет еңбектерінен басталатын сияқты.

Ғалым 1926 жылы Бақы қаласында өткен Бірінші бүкілодақтық түркітанулық сиезде қазақ терминологиясының қағидаты жөніндегі баяндамасында түркітанушылар арасында алғашқы болып лингвомәдениеттануға бастау тірек болатындай ойлар айтты. Ол ойлар орыс тілінде айтылған еді. Соны  қазақшалап береміз: «Мәдениеттің қай саласы болсын рухани өмірмен дәл тіл сияқты тығыз байланысты бола алмаса, дінмен және жазумен бірге діни және дүниеауи мазмұндағы әдебиет те ене бастады, мұнымен бірге елеусіз түрде жат тілден сөздер де енді. Тілдер бірте-бірте шұбарланып, тілдегі табиғи оралымдар мен қалыптар жоғалуға айналды; бір сөзбен айтқанда, төл тілдер барынша ластанып шыға келді. Мұндай сордан діні мен жазба әдебиеті тамырын тереңге жаймаған түркі халықтары ғана құтыла алды. Мәселен, қазақтар мен қырғыздарда діннің рухани құлдық ықпалы болған жоқ, ал діни әдебиет бұлардың арасында көп таралған жоқ. Осының арқасында тіл өзінің табиғи даму жолында болды.

Ресейдегі түркі халықтарының мәдениетінің дамуына олардың діни және дүниеауи өміріндегі кіріптар халы кесірін тигізді. Енді, қандай да бір құлдықтан босаған кезде, түркі халықтары қазіргі мәдени өмірдің барлық жақтарын қабылдауға ұмтылып отыр. Жоғары мәдениеттің рухани және материалдық нәрселерін қабылдағанда олар ұғымдарды да, идеяларды да қабылдауға тиісті болады.

Осы ұғымдар мен идеяларды бейнелеуге ана тілі лексиконы тіптен жетпейді. Бүкіл түркі халқының алдында жоғары мәдениеттен қабылдаған ұғымдар мен идеяларды бейнелеу үшін жат тілден сөзді я солайымен алу, я өз тілінің лексиконын бейімдеу міндеті тұр, яғни тіл терминологиясын жасап шығару міндеті тұр.

1905 жылғы революцияға дейін бізге, қазақтарға, ана тілінде баспа ісін жүргізуге ешқандай рұқсат берілген жоқ. Осы революциядан кейін ғана қазақ тілінде кітапшалар, журналдар, газеттер, оқулықтар шыға бастады. Сонымен қатар қазақ тілінің табиғатын фонетикалық және грамматикалық жағынан зерттеу, фонетика талаптарына сай әліпбиді реформалау, грамматика түзу жұмыстары жүріп жатты. Қазақ тілі аз ғана уақытта, бір сөзбен айтқанда, қолданғанда өзіңді саналы түрде бақылауға мүмкіндік беретін, өңделген, айқын түр қабылдай бастады.

Біз, қазақтар, өзіміздің баспа сөзіміз шыға бастағаннан-ақ басқалардан өзгеше принципті ұстандық. Біз үнемі бұқара халық жағын ескеріп отырдық та аз ғана сауаты бар қазаққа да, солар арқылы сауатсызына да әбден түсінікті етуге талпындық. Қалың жұртқа тасталған әрбір ойды әрбір адам іліп әкете алатындай етуге, бұқара білімге қызығатындай етуге, айналадағы болмысты дұрыс түсінуге, санасын қуаттанатындай етуге тырыстық.

Осы мақсатқа жетуге қажет алғашқы шарт деп шығармалардың тілінің бұқара халыққа түсінікті болуын санаймыз. Осыған орай бұрын халық ойында болмаған, ендігі жерде қазақ сөзімен еріксіз жамылтуға тура келетін ұғымдар мен идеяларды ана тілінде білдіруге тура келді.

Өмірдің мәдени жағы өркендеуімен және баспа сөздің өрбуімен байланысты терминдерді біріктіруге керекті айрықша ағза жасауға тура келді; мұнсыз сол бір ұғым әр түрлі құрылымда әр түрлі сөзді жамылып шыға келер еді. Бірегей терминология жасап шығару үшін, тіл шұбарлаудан аулақ болу үшін бізде Академиялық орталықта құрылған арнайы комиссия белгілі бір принциптерді қатаң ұстануға тиіс болды. Бұл принциптер 1924 жылғы маусым айында Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының бірінші сиезінде мақұлданып, қабылданды. Ол принциптер мынадай:

а) Терминдерге басқа тілден гөрі осы ұғымға толықтай сәйкесетін қазақ сөзін алу керек. Бұл тілдің жікке бөлінуінен сақтану үшін жасалады, яғни, жоғарыдағылардың тілі және төмендегілердің тілі, сауаттылардың тілі және сауатсыздардың тілі деген жік шықпау үшін керек. Біздер, қазақтар, үшін бұл – өте маңызды жайт: сауаттылардың үлесі аз, жұртқа арналып ұйымдастырылатын қоғамдық оқулар мен дәрістер әзірше жоқ; тыңдаушылар да, оқушылар да толық мәнінде кездейсоқ адамдар. Баспадан шығатын газет, журнал, кітапшалар сияқтыларды оқу, кім шығарса да, қайдан шығарса да, пайда әкелер еді, тіл қалың көпшілікке түсінікті болуға тиісті.  Осылай болғанда ғана үлесі аз сауатты адамдар саны көп сауатсыздарға қызмет ете алар еді.

ә) Қазақ тілінде ондай сөз жоқ болса, қазақ тіліне туыс тілдерден алу керек. Бұл мынадай ниет, себеппен жасалады: 1) туыс тілдердегі сөздердің көбі ортақ пішінде болмайды, бірақ түбірлері ортақ болады; демек, олар түсінуге де оңай әрі естілуі мен айтылуы да туыс емес тіл сөздеріндей бөтен емес; 2) түркі халықтары бір-бірімен үнемі қатысып тұрды, қатысып тұрады да, сондықтан сөздерінің түбірі ортақ болмаса да, басқа түркі тілінің өкілдеріне таныс болуы әбден мүмкін.

б) Ортақ қолданыстағы әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ қазақ тілінің табиғатына тән етіп өзгертіліп енгізіледі. Мұндай терминдерді ауыстыратын қазақ сөзі бар болса, қоғамға таңдау хақысын беру үшін екеуі де орналастырылуға тиіс. Ортақ қолданыстағы терминдер деп біз араб терминдерін емес, жалпыға тараған еуропалық терминдерді ұғамыз. Бұларды араб терминдерінен гөрі басым етіп отырған себебіміз – біз араб мәдениетіне емес, еуропалық мәдениетке тартылып отырмыз. Еуропа мәдениетінің жетістіктері еуропалық тілдің өзімен толық түрде бейнелене алады. Алайда кірме терминдер қазақ айтылымына бағынуға тиіс, яғни оларға біздің тілдің дағдылы артикуляциясынан келіп шығатын дыбыстық заңдары қолданылуы керек. Шет ел сөздерін өзіміздікі ету үшін бұл қажет.

в) Қазақ тілінің табиғатына үйлеспейтін басқа тіл сөздері қазақ айтылымына сәйкес нақты өзгерістерге түсірілуге тиіс. Бұл мынаны білдіреді: біріншіден, басқа тіл сөздерінің қазақ тіліне бөтен дыбыстары тиісінше қажетті дыбыстармен алмастырылады; екіншіден, басқа тіл жұрнақтары қазақ тілі жұрнақтарымен алмастырылады; үшіншіден, қосар дыбыстар кәдуілгі жай түрде қабылданады; төртіншіден, қазақ тіліне бөтен жұрнақтар тіл талабына сәйкес айтылым ыңғайына қарай өзгертіледі, мысалы: Оренбург – Орынбор, Самара – Самар, пуховой – бөкебай, покров – боқырау, Адамовской – Адамау т.с.с.

Тілді шұбарлаудан сақтайтын принциптің арқасында біз, қазақтар, қазіргі уақытта бірегей қазақ тіліне ие болып отырмыз, басқаша айтсақ, тіліміз халықтық және әдеби, қарапайым халық тілі және зиялылар тілі деп жіктелмейді. Бұлай болмағанда біздің тіліміз бұрыннан баспа сөзі бар басқа түркі тілдеріндегідей халға тап болар еді. Анадолы түріктері мен әзірбайжандықтардың бұқара халқы қалай сөйлейтінін мен білемін. Егер олар жазатын тілінде сөйлейтін болса, түркілігінен қалар нәрсе аз ғана болар еді. Олардың әдеби тіл деп аталатын тілінде түркілік сипат маған түте-түтесі шыққан, жарымжан, жат сөздерді барынша салбыратып ілген құр грамматикалық қаңқадай болып көрінеді. Анадолы түріктері мен әзірбайжан тілдерінен кейінгі алабажақ тіл, меніңше, бұрыннан жазба әдебиеті бар татар тілі. Бұл тіл де варвризмдерді қиянатпен пайдаланған тілдердің бірі. Маған өзбек тілі де жеткілікті шамада ластанған тіл болып көрінеді. Қырым әдеби тілі де осындай. Башқұрт тілінде әдеби тіл енді ғана пайда болып келеді, соған орай олардың варваризмдерден қорғануға деген ұмтылысы байқалады. Түркімен әдебиеті де осы жолға түсті. Жат тіл ықпалынан, варваризмдерден  босап тұрған тілдің бірі қырғыз тілі болып отыр, олар әдеби тіл түзуде біздің қазақ тіліндегі принциптерді ұстанып отыр.

Қорыта келгенде, біздің әдеби тіл негізіне салынған принципімізді дұрыс деп табатынымды айтуым керек, өйткені бұл – баспа сөзін халық бұқарасына түсінікті етудің ең сенімді жолы. Ал баспа сөзі, тезистерде айтқанымдай, бұқараның мәдени деңгейін көтеруде аса маңызды қызмет атқарады. Өз мәдениетіміздің деңгейін біз жоғарыдағылардың жинаған білімінің сан-мөлшерімен емес, білімнің төмендегі бұқараға жайылған көлемімен өлшеуге тиіспіз. Шаруашылық пен бәсекелестіктің қазіргі заманғы дүниежүзілік сипат алып тұрған кезінде жоғары мәдениетсіз тірлік ету үшін күресу – қаруы жоқтардың қаруы барлармен соғысқаны сияқты нәрсе. Қарекеттің кез келген саласында жетілген техника мен арнаулы білім болу керектігі күн өткен сайын айқындалып келеді. Барша жұрттың мәдениет деңгейі биік болса ғана қазіргі қоғамдық-шаруашылық жағдайды дұрыс та табысты көтеруге болады. Біздің заманның ерекшелігін көрсететін ірі өнеркәсіп жұмысшылардың мәдени деңгейінің жоғары болуын талап етеді. Біздің әл-ауқатымыз мен аман-саулығымыздың тірегі ауыл шаруашылығы ауыл жұрты мәдениетінің жоғары деңгейде болуын талап етеді. Әр түрлі «зациялар» мен «циялар» – советизация, колонизация, электрификация, индустриализация т.с.сияқтылардың бәрі бұқараның белсенді қатысуын талап етіп отыр, бұқара ақыл-санасының икемді де ширақ болуын керек қылып тұр, ал мұндай қасиеттер, адам дене еңбегімен ғана шектелсе, дамымайды. Білім мен еңбек – сол бір үдерістің сәт сайын өрімдесіп тұратын, бір-бірінен ажырамайтын екі жағы. Білім – адамның бесенді мақсаттара жұмсайтын құралы, білімсіз бұқара қоғам құрылысына белсенді қатыса алмайды, енжар болады. Бұқараны біліммен қаруландыру ісінде дұрыс жолға қойылған баспа сөзі үлкен қызмет атқарады, сондықтан ең алдымен сол – халыққа түсінікті болуға тиіс.

Бұл бір. Екіншісі тағы бар. Біз, түркі халықтары, көбіміз жоғары мәдениетті халықтардан кейін қалып тұрмыз, олармен әзірше прогресс жолында қатарласа, тізе қосып жүре алмаймыз. Олардың тұрмысындағы көптеген нәрсе мен жоғары мәдениеттеріне біздің бұқараның әзірше қолы жетпейді. Біз жоғары мәдениетті халықтардан тіл өзгешілігінің қалың қабырғасы бөліп тұр, бұл – еуропалық мәдениетке қосылуға ұмтылғанымызда еркін қозғалуымызға көп ретте бөгет болады. Түркі халықтарының мәдени күштері мен мәдени деңгейлері бірдей емес. Бір түркілер мәдени дамуда озық болса, екінші бірі кейін қалуы мүмкін. Олардың бірі бірінің ең болмағанда рухани саладағы жетістіктерін пайдалануы үшін баспа шығармалары бір-бірне түсінікті болуы керек. Осы бағыттағы алғашқы қадам түркі тілдерін варваризм үстемдігінен босату болар еді. Меніңше, түркі халықтары терминологиясы мен әдеби тілін жасауда қазақ тұрғысына тұрса, дұрыс болар еді. Осы жолмен олардың әрқайсы жат сөздің масылынан арылып, жат тілдің ықпалынан болған ластықты тазалап өздерінің баспа сөзін өз халқына да, басқа түркі халықтарына да түсінікті етер еді» [3, 581-585].

Ахмет Байтұрсынұлының дингвомәдениеттануға қатысты бір ойлары татар тілінде «Біздің юл» журналында жарияланған «Ғалымжан Ибраһимов түркі-татар ойшысы, түркі-татар білгірі, түркі-татар жазушысы» деген мақаласында айтылған. Сол мақаладан үзінділер келтірейік: «бір халық екінші халыққа түрлі жағымен жақындасады, түрлі жақтан байланысады, жалғанады, қандай халық болса да бірінің мәдениетінен бірі пайдаланып, бірінен бірі өрнек көріп, үлгі алып алға басқаны мәдениет тарихынан белгілі. Сол бірінен бірі үлгі алып пайдалану екі халық арасында тұрмыс жағынан, ғұрып-ғадет жағынан, тіл жағынан жақындық болумен де бек нық байланған. Сондай жақындық болғанда ғана бірінен бірі пайдалану жеңіл болады, – ондай жақындық болмаса, пайдалану аз болады. Сол каноннан түркі халықтары да құтыла алмаған һәм құтыла алмайды да. Бірақ бұлардың арасы жақын болғандықтан “оң қол бергенді солы білмей” қалып, өз араларындағы ықпал-әсер сезілмей қалады. Мысалға біздің қазақ халқын алсақ, маңындағы халықтан әрқайсының жақындығына қарай пайдаланғаны көрініп тұрады. Қазақтың маңындағы халықтың ең мәдениеттісі неміс, онан соңғысы орыс, оның артында татар мен өзбек тұрады. Қазақ халқы солардың мәдениетінен пайдаланғанда азынан аз алып, көбінен көп алып пайдаланған жоқ, бәлки жақындығына қарай пайдаланды. Неміс мәдениетінен қазақ, түркі де алған жоқ. Орыс мәдениетінен өз еркіменен алғаны – егін себу. Татар мен өзбектен алғаны: өзбек қазаққа ишан берді, татар мұғалім берді» [4].

Түркітілдес елдердің лингвомәдени ықпалдастығы туралы тұжырым да осы мақалада айтылған. Қараңыз: «арасында жақындық бар халық біреуі алға басса, басқалары да сонан үлгі алып алға ұмтылады екен, біріне бірі ықпал жасайды екен. Енді осы ықпалды һәм жақындықты үзбеске нендей шаралар бар? Мәселе сонда. Жолдың түрлі жаққа қарай таралуы сол жерде. Біреулер түркі халықтарының арасы ерекшеленбес үшін тілі бір болу керек дейді. Тілі бір болу үшін мәдениеті төмендері өз тілдерін тастап, мәдениеті жоғары болғандарының тілін қолданып, сол тілмен оқытып, сол тілмен әдебиет тудырсын дейді (Атақты Гаспринский 30 жыл бойы осы пікірді таратты. Жамал Вәлидиде де сондай ой бар еді. (“Татар әдебиетінің барысы” деген кітабын қараңыз) Бірақ бұлардың таратқан пікірі еш бір жеміс бермеді. Қазақ өз алдына әдебиет тудырды. Башқұрт, қырғыз сияқты саны аз халық та совет өкіметі арқасында өз тілін тірілтіп, өз әдебиетін қадам бастырды). Біреулері түркі халықтарының тілдерін бірлестіру, әуелі, мүмкін болатын іс емес, екіншіден, мүмкін болғанда да оған көп күш пен көп іс керек, ол ешбір түркі халқының қолынан келмейді, мақсат түркі халықтарының бәрін де бір тілде сөйлестіру емес, бірінен бірі үлгі алып, мәдениет жолында бірінен бірі пайланарлық ету, ол үшін тілін бірлестіргенше, бірінің әдебиетін екіншісі аңдарлық болса жетеді» [4]. Демек, бұл тұрғыда ғалым этнолингвомәдени тұрғыны жақтағаны байқалып тұр.

Қорыта келгенде, Ахмет Байтұрсынұлын қазақ лингвомәдениеттануының бастауында тұрған ғалым екенін дәлелдейтін айғақтар, уәждер бар. Осы жолы екі-үшеуімен шектелеміз.

Идеологиялық субъективизм кесірінен жанданып, дамытылмай қалған бірегей тұжырым бар. Ол – Ахмет Байтұрсынұлының: «... ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады» - деп сөйлемге тауып белгілеген талабы. Психология мен тіл білімінен хабардар адам мұндағы «ауыздан шыққан сөз», «айтушы», «ой», «тыңдаушы», «ұғарлық», «түсінікті болып айтылған» деген ұғымдарды сөйлеу іс-әрекетінің психологиясынан да кезіктірер еді. Бірақ қазақ кеңес тіл білімі мұны «жылы жауып» қойды да, «сөйлем дегеніміз – аяқталған ойды білдіретін синтаксистік тіркес» деген анықтаманы дәлелдеуді, өзгертуді қажет етпейтін қасаң қағидаға (аксиомаға) айналдырды [5, 264-б.].

А. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде әдебиетті сөзді іске жарату тұрғысынан қарайды. Сол себепті де оның пікірлері психолингвистиканың, оның келелі мәселесі ділдік лексиконның қазақ филологиясындағы бағдарламасындай әсер етеді:

«Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге.

Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ондағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау.

Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау». Мұнан соң ғалым ділдік лексиконның тұғырлы нысандарын айқындайды: «... жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек. Мүддесін тілмен айтып жеткізу қиын екендігін, оған өте шеберлік керек екендігін мынадан байқауға болады. ...Әркімнің өз салты болғанымен, ол салттар жалпы сөз тізу шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз заңынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білу қажет.

...Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келтіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады» [6, 10-17-б.]. Көріп отырғанымыздай, жеке адамның тілді жаратуы психолингвистиканың бір саласы сөз саптау (производство речи) мәселесімен ұласып жатады.

А. Байтұрсынұлы мұрасында ділдік лексиконның нақты негіздерін көрсетіп беретін пайымдамалар баршылық. Мына бір пайымдаманы ділдік лексиконның қазақ тіл біліміндегі алғашқы ғылыми түсіндірмесі деуге әбден болады: «Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бәрі бірдей пайдаланбайды. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады (қоюлатқан біз. – Ж.Ж.). Бүтін пікірін айтып шығатын әңгіме ішінде түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де әркім әр түрлі сөз қолданады. Мәселен, біреу «амансыз ба?» деп, біреу «есенсіз бе?»  деп, біреу «сәлемет жүрсіз бе?» деп, біреу «күйлі, қуатты барсыз ба?» деп амандасады. Сол сияқты, әркім пікірін сөз қылып шығарғанда да ана тіліндегі сөздерді әрқайсысы әр түрлі қолданады. Қысқасынан айтқанда, әркім сөзді өз қалауынша алып, өз оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөздер сол адамның тілі болады» [6, 18-19-б.].

Ғалым ділдік лексикондағы сөзді тану үдерісінің жалпы сипатын беруде айтушының айтатын нәрсені жетік білуі керектігін, себебі адамның мұндайда «ашық» сөйлейтінін, ал толық таныс емес сөзді «көмескі, күңгірт» баяндайтынын басшылыққа алады [6, 20-б.].

А. Байтұрсынұлы сөзді қолданудағы инсанның психикасында болатын объективті үдеріс өзектендіруді анық байқаған: «Сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде, сөзі толық түсінікті болу үшін, дерексіз заттарды деректі затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптайды. Жансыз затты жанды заттай ғамалдайды» [6, 23-б.]. 

Ойды сөзбен хабарлаудың алгоритмдік өңделуі туралы алғашқы бастау пікірді де А. Байтұрсынұлынан табуға болады. Бір дәлел: «Сөз дұрыс айтылуы деп әр сөздің, әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін керек:

1) сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну.

2) сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру.

3) сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орындастыру» [6, 19-б.].

Сондай-ақ, психолингвистикадағы гештальт мәселесінің алғашқы ұшқындары А. Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінен орын алған [5, 335-336; 364-366-б.].

Инсанның сөзді танып-білу үдерісінде сөзді көру, есту арқылы графико-фонемалық деңгейде танудың маңызы зор екені – қазіргі психолингвистика теориясында дәлелденген жайт. Мұның маңызын А. Байтұрсынұлы да тілді оқыту әдістемесіне арналған еңбектерінде айырықша атап көрсетеді [5, 324; 357-363; 368-372-б.].

Қазіргі этнопсихолингвистикадағы өзекті мәселенің бірі белгілі бір тіл әлеміне енбек инсанның мәдени-психологиялық толқыныстарының себебін А. Байтұрсынұлы мынадай жайттардан көреді: «Современная культура не есть создание одной какой-нибудь нации или расы, а результат совокупных усилий и навыков всего человечества. В культуре каждой нации, кроме  собственного творения, имеются заимствования, и на смешение их культуры влияют их отношения, которые различаются с точки зрения дружественного и неприязненного. Заимствования бывают и при покорении одной наций другой, и при мирном общении народов друг с другом. При этом сходные формы религии, обычаев, нравственности, общественной организации, сродность наклонностей, инстинктов, психологии и т. д. Облегчают процесс заимствований и смешения культур» [5, 419-420-б.].

 

Жақыпов Ж.А.,

ф.ғ.д., профессор

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру