«МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

14.10.2022

2022 жылғы 14 қазан күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, өзге ұлт өкілдері арасында өткен «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды онлайн марапаттау рәсімін өткізді.

Дәстүрлі шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру. Әр үміткер Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқыған бейнематериалды әлеуметтік желіде жариялауы тиіс еді.

«Астарына үңілсек, Ахаңның ғақлия сөздерін жүрегімен жатқа айтудың ар жағында елге деген сүйіспеншілік, адалдық, еңбекқорлық, ар-намыс тәрізді үлкен адамгершілік құндылықтар жатыр. Шараға еліміздің барлық өңірлерінен 25 этнос өкілдерінен тұратын 200-ге тарта адамның қатысуы соның айғағы іспетті. «Жүзден – жүйрік» жеңімпаздарды анықтау бейнематериал астындағы «лүпіл» саны арқылы анықталды. Қатысушылардың жас ерекшелігі де әрқилы. Ең жас қатысушы Алматы облысы, Қарасай ауданы Еңбекші ауылдық орта мектебінің 4 сынып оқушысы Умеров Эмир болса, көш басында Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана Татьяна Ильина тұр,– дейді байқауды ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Айнагүл Қожаназарқызы. – Орыс, күрд, татар, неміс этносы өкілдері көптеп қатысқанын айта кеткен ләзім. Соның ішінде Атырау, Жамбыл облыстары айрықша белсенділік танытты. Әсіресе, шәкірттерін үкілеп қосқан ұстаздар еңбегі ерекше. Өзге ұлт өкілдерінің сөз маржанын құлпырта мәнерлеп оқығанын әлеуметтік желіден көрген сайын, қазақ тілінің біріктіруші факторға айналғанына куә болғандайсың, әр сәт сайын ұлт ұстазының тау тұлғасы одан әрі асқақтай түседі».

Әлеуметтік желіде ең көп «лүпілге» ие болған Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері  Гасангусейнова Виктория Магомедқызы акцияның Бас бәйгесін жеңіп алып, 100 мың теңге сыйлыққа ие болды. Бірінші орын мен 70 мың теңге  Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы №7 ЖБМ 7-ғ сынып оқушысы Халиуллина Ұлболсынға табысталды. Екінші орын мен 50 мың теңге Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы Абай атындағы ШҚГК бірінші курс студенті Игнатьева Алинаға бұйырды. Жамбыл облысы Шу ауданы Бірлік ауылы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орта мектебінің 7-б сынып оқушысы Гребенюк Роман үшінші орынды қанжығасына бөктеріп, 30 мың теңгеге ие болды.

Төрт қатысушы әрқайсысы 15 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды. Бұдан басқа мәнерлеп оқып, шеберлік көрсеткен үздік қатысушылар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының дипломымен марапатталды.

Мемлекеттік тілді насихаттау, ұлт ұстазын ұлықтауға қосқан үлесі үшін қатысушыларға «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Бас директорының Алғыс хаты табысталды.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру