АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ, НАМЫСТЫҢ НАРКЕСКЕНІ

20.10.2022

2022 жылғы 20 қазан күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов ұлы жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты шараға қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында шараның маңызы туралы жан-жақты айтылған: «Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті».

Осындай абыз тұлғаның ескерткіші Жамбыл даңғылы бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты алдына орналасты. Іс-шаралар аясында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, жазушының туған ауылы – Талаптыда Шерхан Мұртаза әдеи-мемориалдық үйі ашылды. Бұдан басқа «Шынның жүзі – Шераға» республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталып,  «Ақиқаттың ақ туы» республикалық қаламгерлер байқауының жүлдегерлері анықталды.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру