«ҰЛТТЫҚ СИПАТТАҒЫ БИЗНЕС ТЕРМИНДЕРІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

22.10.2022

Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Терминология басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлттық сипаттағы бизнес терминдері» атты республикалық онлайн байқауының үшінші кезеңі онлайн форматта өтті.

Байқаудың бұл кезеңі «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталып, қатысушылар өлкенің берекесін келтіріп, ырысын арттыру, кәсіптің көзін ашу, әлемдік және қазақы бренд қалыптастыру, заманауи бизнес жетістіктеріне қатысты тақырыптар аясында онлайн режимде Jamboard онлайн тақтасында эссе жазды. Жазылған эсселер PDF форматында сақталып, қазылар алқасына жіберілді.

Бұған дейін өткізілген «Термин талқы» аталатын алғашқы іріктеу кезеңіне қатысуға 26 адам ниет білдірген еді. Әр түрлі жастағы әр саланың мамандарын қамтыған қатысушылар арасында студент, магистранттардан бастап ғылым докторы, аудармашы, іс жүргізуші, мұғалім т.б.

Байқауға қатысушылар «Теrmincоm.kz» сайтындағы «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» электрондық алаңына тіркеліп, «Сауалнамалар» бөлімінде орыс тілінде ұсынылған 15 терминнің бірнеше қазақша баламасының ішінен  біреуін таңдап, дауыс берді және не себептен сол нұсқаны таңдағандығын түсіндіріп, басқарманың электрондық поштасына жолдады.  Осы кезеңнен өткен 18 үміткер келесі кезеңге жолдама алды және олар өздері ұсынған терминнің түсіндірмесін «Алаңға» жариялады.  

Екінші кезең – «Терминдер сөйлейді». Байқауға қатысушылар үшін бизнес саласындағы шеттілдік 15 термин ұсынылды. Үміткер осы тізбедегі терминдерді таңдап, қазақша баламаларын, оның ғылыми анықтамалары, этимологиясын және дереккөздерін көрсетті. Бұл кезеңнен 12 үміткер келесі кезеңге жолдама алды.

Байқаудың келесі соңғы кезеңінде қатысушылар бизнес саласында қате қолданылып жүрген терминдердің тізбесін береді және дұрыс баламасын дәлелдейтін болады.

Байқаудың марапаттау рәсімі салтанатты түрде Астана қаласында өткізіледі. Жеңімпаздардың жол, тәуліктік шығыны ұйымдастырушылар тарапынан төленеді, қонақүйге орналастырылады.

Естеріңізге сала кетсек, байқаудың өтетіні туралы ақпарат бұған дейін БАҚ-та жарияланған болатын (9 қыркүйек).  

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру