ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНА – 25 ЖЫЛ

01.11.2022

2022 жылғы 1 қараша күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Исқақова Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының шаңырақ көтергеніне ширек ғасыр толуына орай ұйымдастырылған «Тіл тағдыры – ел тағдыры» республикалық конференция жұмысына қатысты.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның арнайы Құттықтау хатында: «Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бері тіл майданында толассыз күрес жүргізіліп келе жатыр. Сіздер соның қашанда қайнаған бел ортасындасыздар. Әсіресе, еліміздің тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасын орындаудағы атқарған жұмыстарыңыз атап өтуге тұрарлық. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту мен ісқағазды мемлекеттік тілде жүргізуді ұйымдастырудағы жаңашыл ізденістеріңіз қуантады. Сіздер дайындаған оқулықтар, оқу-әдістемелік және көмекші оқу құралдары мен сөздіктер ел кәдесіне жарауда. 25 жылдық қызметте орталық тіл үйренушілері республикалық байқаулардан бас жүлделерді қоржынға салды. Қазіргі таңда көптеген азаматтар курстан өтіп, тіл мәртебесін өз қызметтерінде қолданып жүр. Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз және ұйымшыл ұжым еңбегі әрқашан да бағалы»,– делінген.

 

 

Мерейтойға орай өткен ғылыми бас қосуда жас ғалым Жазира Мақсұтқызы «Тілді оқытудағы отандық әдістеменің үздік тәжірибесі» туралы баяндама жасады. Әлемдік тәжірибеде қандай да бір тілдің дамуы мен қолданыс аясы мемлекеттің ішкі саясатынан басталып, білім берудегі тіл саясатына жалғасады. Баяндамашы осылай деп ой толғай келе, мемлекеттік тілді ана тілі немесе шетел тілі ретінде оқытуда қолданысқа енген отандық әдістеменің үздік тәжірибесі мен зерттеулерін көпшіліктің назарына ұсынды.

«Біздің Орталық ғалымдары мен қызметкерлері осы салада тынымсыз еңбек сіңіріп келеді. Соңғы жылдары жарық көрген оқулықтар, оқу құралдары, зерттеу жинақтары мен арнайы мобильді қосымшалардың қазақ тілін оқытудағы үлесі айтарлықтай. Толассыз жұмыс бағытының негізгілерінің бірі – қазақ тілін ересектерге үйретудің үздік әдіс-тәсілдерін, әдістемесін анықтап, үйрету. Алдымен, қазіргі таңда қазақ тілін үйренушілердің географиясының сан алуандығына назар аударған азбал. Мәселен, салыстырмалы түрде алсақ, осыдан 7-8 жыл бұрын қазақ тілін тек Қазақстандағы өзге этнос өкілдері мен орыстілділер ғана үйреніп келсе, бүгінде тілімізге, мәдениетімізге қызығушылық танытып жатқан шетелдіктер қатары көбеюде»,– деді Жазира Исқақова.

 

 

Іс-шара барысында ширек ғасыр тіл майданында келе жатқан ордалы тіл оқыту-әдістемелік орталығының қол жеткен табыстары жиі айтылды. Бәрі алда да табыс биігінен табылуына тілектес ниетпен тарқасты.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру