ҚАЗАҚ ТІЛІН ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ ЖАЙЛЫ ОНЛАЙН СЕМИНАР ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

10.11.2022

Бүгін Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме басқармасы ұйымдастырған «Қазақ тілін оқытудағы белсенді әдістер мен технологиялардың практикумы» республикалық семинарының екінші күні.

Тыңдаушылардың зор қызығушылығын тудырған семинарда КИМЭП университетінің лекторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ләйлә Ерменбаева «Ересектерге қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесіндегі оқылым дағдыларын дамытудың өзекті мәселелері» атты баяндама жасап, мәтінмен жұмыс істеу барысында пайдаланатын жаңаша әдістер мен тапсырмалардың түрлерімен, интернет ресурстармен таныстырды, мәтінді әзірлеудің алгоритмдері жайында өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті.

Түркиядағы Хаджетепе университетінің және Абай институтының қазақ тілін оқытушысы Салтанат Ұзақбайқызының «Түрік тілді аудиторияда қазақ тілін оқытудың лингвотанымдық тәсілдері» тақырыбындағы практикумы да қызықты өтті. Түрік тілді аудиторияда оқытудың өзіндік ерекшеліктерін айтқан ұстаз, мәдениетіміз бен тарихымыздың ортақ тұстарын түсіндіру арқылы қазақ тілін тез меңгерту әдістерін ұсынды. Сонымен қатар сабаққа белсенді қатысқан барлық қатысушыларға өз бетінше түрік тілін үйрену атты кеңес беру сабағыма тегін қатысуға мүмкіндік алатынын жеткізді.

 

Соңғы жылдары қазақ тілін үйренушілердің белсенділігі артып келеді. Біздің ұйымдастырып отырған бұл семинар қазақ тілі пәнінің оқытушылары үшін теңдессіз тәжірибе мен ынталандыру болды деп ойлаймыз. Қатысушылардың барлығы осындай семинарларды жиі өткізу туралы өтініштерін айтып жатыр. Осындай семинарларды өткізу нәтижесінде шетелдік аудиторияларда қазақ тілін оқытушылары үшін тәжірибе алмасатын онлайн/оффлайн алаң қалыптасып келеді. Мемлекеттік тілді дамытудың маңызды тетіктерінің бірі оқу әдістемесін дамыту, - дейді Әдістеме басқармасының басшысы Жазира Мақсұтқызы.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру