АХАҢ АТЫ АЛАТАУДА АСҚАҚТАДЫ
2022 жылғы 11 қараша күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов Алматы қаласында өткен «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Халықаралық іс-шараның негізгі мақсаты қазақ халқының болмыс-бітіміне, келбеті мен ар-ожданына айналған, ұлтымыздың төлқұжаты болған біртуар тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ақын, ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметін, қайраткерлігі мен күрескерлігін, шығармашылық мұрасын жан-жақты насихаттау еді.
Осы мақсатқа жету үшін пленарлық отырыс барысында елімізге белгілі ғалымдар Мәмбет Қойгелді, Шерубай Құрманбайұлы, Кенжехан Матыжанов, Өмірхан Әбдиманұлы, Анар Фазылжан, Зиябек Қабылдиновтер ұлт ұстазының әр қырына жеке-жеке тоқталып, кең көлемде баяндама жасады.
Сонымен қатар түркиялық ғалымдар Нергиз Бирай, Гүлжанат Ерджиласун, Бекір Сомынжыұлы мен Германиядан Өзгежан Кесичи, оңтүстік кореялық Ким Саң Чоль, өзбекстандық Бахром Ирзаев, жапондық Хисао Команду, қырғызстандық Зухра Алтымышевалар ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлы туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Конференция жұмысы секциялардың отырысына ұласты.
Конференция қонақтары Алматы қаласының түбіндегі асыл мұрат, ізгі іс жолында жазықсыз жандардың қаны төгілген, сүйегі қалған қасіретті жердегі "Жаңалық" мемориальдық кешеніне барып, арыстардың рухына тәу етті. Алаштың асыл мұраты жолында жазықсыздан жазықсыз жапа жегіп, қандықол қасапшының қолынан қаза болғандардың біразына осы жерден бір уыс топырақ бұйырған екен. Аты-жөндері есіңе оралған сайын, жан-дүниең мұздап кетеді. Бұл жиналғандарға өте қатты әсер етті.