АХМЕТ ЕСІМІ – КИЕЛІ ТҮРКІСТАН КӨГІНДЕ

16.11.2022

2022 жылғы 16 қарашада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық түркітанушылар конгресі өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оқып берді. 

Мемлекет Басшысының құттықтауында былай делінген: «Ұлт ұстазы  атанған Ахаң  түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі».

Конгресте ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары  Рамос Габриеланың  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы көрсетілді.

Халықаралық басқосуда ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндады.

Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Ресейдің белгілі ғалымдары қатысып, терең мазмұнды баяндама жасады.

Конгресс аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағының, Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармаларының 4 тілде  (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) әзірленген кітабының, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 3 томдығының, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының  тұсаукесері ұйымдастырылды.

 

ТҮРКСОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісімен Қазақстан, Түркия, Өзбекстан ғалымдары марапатталды.

Пленарлық отырыс секциялық жұмыстарға ұласты. Атап айтқанда, «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі тілдерінің теориясы мен тарихы» секциясына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы жетекшілік етсе, «Ахмет Байтұрсынұлы және сөз өнері» секциясын «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы жүргізді.

Қазақстан Республикасы Білім академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» секциясына басшылық жасады.   

Конгресс қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды.

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру