АЗАТТЫҚ АСЫЛЫ – МӘДЕНИЕТТЕ

17.11.2022

Ахмет Байтұрсынұлы ұлт қайраткері, қаламгер, ғалым ретінде қазаққа не керек, соны көтерген, жасаған тұлға екені баршамызға белгілі. Ахаңның көптеген еңбегінде «мәдениет» ұғымы ұшырасып, оны автор адамның табиғатты игеру үдерісімен, халықтың бостандығымен тығыз байланыстырады. Бұл, біріншіден. Жалпы, «Ахмет Байтұрсынұлы және мәдениет» деген мәселеге келгенде, оған тағы да бір кеңірек қарауымыз керек. Ол Ахмет Байтұрсынұлының қазақ мәдениетінің жаңа бетін ашқан тұлға екендігімен байланысты мәселе. Бірінші мәселе бойынша Ахмет Байтұрсынұлының «Қалам қайраткерлері жайынан» мақаласын және «Қазақ терминологиясының принциптері туралы» баяндамасын арқау етпекпіз.

«Қалам қайраткерлері жайынан» мақаласы «Еңбекші қазақ» газетінің 1922 жылғы 8 шілдедегі санында жарық көрді. Бұл кезең Ахмет Байтұрсынұлының кеңес өкіметінің ұлттарға қатысты саясатын түсінген және одан көңілі қала бастаған кезі болатын. Мақаланың негізгі сарыны қазақ қайраткерлерінің қалыптасуы, кеңестік жаңа жағдайда ұлтына қызмет етуі, оған кеңестік биліктің мүмкіндік бермеуі деген сияқты мәселелер. Бұл – мақалада көтерілетін бастапқы мәселе. Екінші маңызды мәселе – қазақ мәдениеті, жалпы мәдениет тұрғысында. Осы екі идеяның басын қосатын негізгі арқау – қазақтың «бауырмал» қалам қайраткерлері қазақ мәдениетіне кеңестік жүйеде де қызмет істей алатындығында. «Қазақ баласын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйреніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал (бибауыр-мал) болып өзгере алмады, өзгелердей «алымсақтан бері» коммунист, интернационалист едім деп айтуға аузы бара алмады. Сондықтан бибауырмалдық жолға қызмет қылып, басшылық қыла алмады. Бауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуін бибауырмалдық жолындағы үкімет хош көрмейтін болды», деп жазады автор. Бұл Ахаң аңғарған кеңестік саясаттың шындығы болатын. Ол «қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері» кешегі Алаш қайраткерлерін айтып отыр. Алаш зиялыларына деген кеңестік сенімсіздік, ұрда-жық өркеуде большевиктердің әрекеті бұған дейін оның 1919 жылы жарияланған «Төңкеріс және қырғыздар» (қазақтар – авт.) атты мақаласында көтеріліп сыналған болатын. Ахаң-ның В.Ленинге жазған хаттарында да большевиктік саясаттың зорлығы, жергілікті аймақтардағы жөнсіз әрекеттері жөнінде кеңінен баяндалады.

Мемлекеттік дербес басқару формасы ретінде хандықтың жойылуы, одан бергі отарлық езгі қазақ халқын эволюциялық даму жолынан жаңылыстырды. Нәтижесінде, заман көшінен қалып, бәсекеге қабілетсіз ұлтқа айналды. Ахмет Байтұрсынұлы осыны жақсы ұғынды.

Қазақтың замана білімі мен мәдениет көшіне ілесе алмай жатқанын алғаш барынша жеткізген Абай болатын. Абай бұл мәселеге гуманистік тұрғыдан қарап, өзінің мінез философиясы арқылы көп жайтты аңғартса, Алаш зиялылары туған халқын сол білім мен мәдениет көшіне қосу үшін ісшілдік дәуірін бастады. Осыны Ахмет Байтұрсынұлы жинақтап, мәдениет категориясы арқылы ұсынды.

Жалпы, Алаш қайраткерлерінің негізгі мақсаты да қазақты басқалармен теңестіру еді. Сондықтан мақалада автор: «Қазақ мәдениеті жәуіт, неміс, орыс, хатта ноғай мә-дениетіндей болса да «қазақ» деп айыра сөйлеп, ауыз ауыртып, әуре болмай-ақ, көппен бірдей көрер деп қояр едік. Қазақ айрықша сөз болатын халі айрықша болатындықтан» деп жазады. Ол үшін Ахаңның айтуынша: «Алдымен бауырмалдық жігін жоғалту керек деп адасқандар адаса берсін, қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жұмысқа күшін, ісін сарп ету керек».

Дүниедегі әділетсіздіктің көбі халықтардың мәдени деңгейінің әртүрлі болуынан. Мәдениетті халықтардың өздерінен мәдениеттің төменгі сатысында тұрған халықтарға озбырлық көрсетуіне, отарлауына әлемдік тарихта да, өзіміздің тарихымызда да бұған мысал жетерлік. Ахмет Байтұрсынұлының аталған еңбектеріндегі «мәдениет» ұғымы қазіргі біздің түсінігіміздегі тура мағынасындағы руханиятпен байланысты мәдениет қана емес, жалпы мағынадағы түсінік. Яғни Ахаңның «Әдебиет танытқыштағы» терминдерін пайдалансақ, «тірнек өнері» және «көрнек өнері». Соған орай, ол мәдениет құбылысын халықтардың тұрмыста, шаруашылықта, кәсіпте жеткен табыстарымен де тікелей сабақтастырады.

«Мәдениет алға басуы тірнек ісі шеберленуімен, сана-саңылау күшеюімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен адаммен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен табылатын нәрсе. Үйрену дегеніміз – оқу. Сөйтіп, мәдениет жүзінде халықтың алға басуы, алдағы жұрт пен арттағы жұрт арасындағы мәдениет жігі жоғалуы оқуға келіп тіреледі... Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен». Осы сөздер Ахмет Байтұрсынұлының өмірлік мұратымен тікелей орайлас. Өйткені ол өзінің саналы ғұмырын туған халқын сауаттандыруға, білімді етуге аянбай қызмет етті. Сондықтан да өзінің замандастарынан бастап бүгінге дейін біз қазақтың тарихи тұлғаларының ішінде тек қана Ахаңды «Ұлт ұстазы» деп аса жоғары бағалаймыз.

Баку сиезіндегі баяндамасында: «Біздің заманымызда тірліктің ең жақсы тірегі мәдени тірек екеніне, сондықтан қазіргі озық мемлекеттерде мәдени тірекке сүйеніп өмір сүретініне, менің ойымша, еш дау жоқ», дейді. Осы реттен келгенде, мәдениет – тіршіліктің ұстыны, «өмірдің ең қатты қажеті». Адамзатқа мәдениет – өмірін жетілдіру үшін, «табиғаттың дүлей күштерін» жеңу үшін қажет. Бұл сиездегі баяндамасы терминология жөнінде, бірақ Ахмет Байтұрсынұлы осы мәселеге бармас бұрын мәдениетке байланысты көлемді экскурс жасайды. Себебі жалпы тілдегі терминологияның қалыптасуының өзі мәдениеттің қажетінен барып шығады. Мұны Ахаң терең түсінген.

Ахаңның ұғымында мәдениет – жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың жиынтығы. Сондықтан да ол: «Қазіргі мәдениет әлдебір ұлттың, я нәсілдің жасаған нәрсесі емес, бүкіл адамзаттың бірлесе жұмсаған қажыры мен дағдыларының нәтижесі» дей келеді де, халықтардың мәдениетінің араласуына бір жағынан ынтымақтастық, екінші жағынан жақтырмаушылық қатынастары себеп болады. Әсіресе халықтардың арасындағы дін, дәстүр, қоғамдық институттардың ұқсас түрлері мәдениеттердің араласуын жеңілдететінін айтады.

«Орыстың рухани мәдениеті орыс үкіметі саясатының кесірінен соңғы онжыл-дықтарға дейін Ресейдегі түркі халықтарының рухани дамуына ешқандай ықпал жасаған жоқ», дейді. Оның себебі, әлбетте Ресей империясының өз қарамағында халықтарға деген аяусыз отаршылдық саясаты. Осындай саясаттың әсерінен басқа түркі халықтары сияқты қазақ халқы да орыс атаулыға қарсы болды. Мұндай жағдайда әлдебір мәдениетті қабылдау табиғи болмас еді. Баку сиезіндегі осы баяндамасында орыстан қа-былдамағанмен түркі халықтарының өз арасында мәдени алмасулар болғанын айта келіп, олардың ішінде дін мен жазудың айрықша орнын бөліп айтады. Автор: «Мәдениеттің қай саласы болсын, рухани өмірмен дәл тіл сияқты тығыз байланысты бола алмаса, дінмен, жазумен бірге дін және дүниеауи мазмұндағы әдебиет те ене бастады, мұнымен бірге елеусіз түрде жат тілден сөздер де енді», деп жазады. Сөйтіп, Ахаң мәдени алмасулар үдерісінде ұғымдар мен идеялардың тілге енетінін дәлелдейді.

Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт тарихындағы айрықша тұлға – сол ұлт мәдениетінің жаңа беттерін де жазған, ашқан, тұтас ұлтқа мәдениет қаруын ұстатқан адам. Ол – жазу. Осы жазу арқылы біз сауат ашамыз, білімге бет бұрамыз, мәдениетті боламыз. Бәріміз 1909 жылы жарық көрген үш кітапты, яғни Абайдың өлеңдер жинағын, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» және Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағын!» жиі айтып, біздің әдебиетіміздің, жалпы мәдениетіміздің бетбұрысы ретінде қабылдап жүрміз. Әлбетте, бұл белгілі деңгейде дұрыс. Дегенмен, біздің ойымызша, қазақтың тарихында осы үш жинақтан да айрықша кітап бар. Ол 1912 жылы Орынборда жарық көрген Ахаңның кітабы. Толық атауы – «Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша әліппе». Бұл қазақ тілінің табиғатын ашқан, танытқан, көпті сауаттандыратын тұңғыш ұлттық мазмұндағы әліппеміз. Біздің ойымызша, осы әліппе – қазақтың мәдени тарихына, жалпы өркениеттік өрістеуіне жаңа жол ашқан, жаңа бағыт нұсқаған нағыз ұлы кітап. Осы кітап арқылы Ахмет Байтұрсынұлы қазаққа мәдениеттің нағыз қаруы – жазуды сыйлады. Яғни Ахаң өзінің ұлттық жазуы арқылы бізге өркениеттің кең қақпасын ашты.

«Ақ жол» газетінің 1923 жылғы санында «Ақаңның юбелейі туралы» басқарма атынан хабарлама жарияланды. Осында: «Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап, әліппе шығарып, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін қаламға үйреткен Ақаң еді» делінген мағынасы терең сөйлем бар. Осындағы «қазақтың жалпақ тілін қаламға үйреткен Ақаң еді» деген ойға мән берсек, мынаны ұғынар едік. Әрбір тіл ауызекі сөйлеу формасынан жазба формаға өткенде ол жаңаша стильдік қалыпқа түседі. Яғни жазу дәстүрі тілдің жаңа тұрпаттағы өмірін бастап қалыптастырады. Демек жазба әдеби тіл – тілді өңдеуші, реттеуші жаңа кезең. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің осындай жаңа дәуірін бастаған жасампаз тұлға.

Ахаңның әліппесі жөнінде айтқанда, біз мынаны мұқият ескеруге тиіспіз. Ахметтің алдында екі жазу дәстүрі тұрды. Біреуі – өзі мектебінен өткен Ыбырайдың жазуы, екінші – ескіше араб жазуы. Соның бірін таңдау керек болды. Бірақ Ахмет екеуін де таңдаған жоқ. Ахмет жаңа жол тапты. Ахаң осы жазудың негізінде қазақтың ұлттық мектебінің негізін салды. Негізін салып қана қойған жоқ, Халық ағарту министрі, Академиялық орталықтың жетекшісі болып тұрғанында қазақтың тарихында тұңғыш рет бастауыш мектепті міндеттеді. Бастауыш мектептің міндетті болуы деген сөз – ұлттың тарихындағы үлкен секіріс. Ұлттық роман жазғаннан да, зауыт, қала салғаннан да үлкен нәрсе. Бұндай нәрсеге француздар 1860 жылдары жетіпті. Еуропаның көптеген халықтары тек ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін ғана жетті. Осы күнге дейін әлемнің ондаған елдерінде бастауыш білім беру міндетті емес. Тіпті АҚШ-та да міндетті емес. АҚШ-тың сауаттылық деңгейі 31-ші орында, Қазақстан 9-шы орында. Ахаң халқымыздың тарихында тұңғыш рет қазақ балаларының жаппай бастауыш білім алуына кеңінен жол ашты. Бұл – Ахаңның бізге ұстатқан орасан мәдениет қаруы. Біз мұны көбіне ескермей жүрміз.

Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі және тілге арналған еңбектерінің барлығы – нағыз реформаторлық жұмыстар. Алаш қозғалысы арқылы сенімді серіктермен бірге қазақ жұртына саяси-қоғамдық реформа жасауға талпынды. Ахмет – саяси реформамен бірге, сана реформасын да жасаған адам. Ахмет қазаққа бұлайша өмір сүруге болмайтынын, бұлайша өмір сүру мүмкін емесін айтумен болды және сол үшін мәдени күреске шықты. Ол тек отаршылдықпен ғана күрескен жоқ, туған халқының талапсыздығымен, бейжайлығымен күресті. Мұндай қасиеттердің бәрі отар елдерде болады, азаттығы жоқ елдерде әртүрлі ұсақ нәрселер көп болады. Азаттығы болмаса, адам да, халық та, мемлекет те ұсақталады. Міне, Ахаң сондай кезеңге тап келді. «Адамдық диханшысы қырға шықтым, ...Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, Көңілін көгертуге құл халықтың», дейді. Бұл – ауыр сөз. Бірақ Ахметтің басқа амалы болмады. Өйткені «Айналайын, сен бүйте ғой, сен өйте ғой» дейтін заман емес еді. Заман қатқыл. Қатқыл заманда қатқыл сөй-леу керек болды. Жалпы, әлем тарихында санаулы тұлғалардың ғана қайраты мен жігері біліммен тең түскен. Бәріміз білеміз, білгішпіз. Бірақ қайрат пен жігер жетіспейді.

Қазір бәріміз оқу жағынан Абай заманынан да, Ахмет заманынан да ілгеріміз. Бірақ білім қорымыз көп болғанымен, ұлт үшін жұмсайтын әрекетіміз аз. Сондықтан да Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», дейді. Мінездің тірегі – қайрат пен жігер. Осылардың артында «намыс» деген үлкен сөз тұрады. Қайратты, жігерлі адам ғана намысшыл. Ахаңның табиғи дарыны, білімі және намысы ұлтқа деген зор махаббатпен суарылды. Біздің ойымызша, ұлтына шексіз қызмет істеген Ахмет Байтұрсынұлының ұлы болмысының да сыры осында.

Адамзаттың рулық-тайпалық көне замандарынан бері адам баласы дүние байлығын әртүрлі тәсілмен пайдаланудың, игерудің небір амалдарын тауып, бүгінгі күнге жетті. Бұл – адамзат мәдениетінің қазіргі зор қорытындысы. Осыған адам баласы ойы мен еңбегінің арқасында келді десек, осылардың қай-қайсысында да өзіндік мәдениет қалыптастырды. Мәдениет өмір сүрудің ерекше жетілдірілген формасы мен мазмұны болуымен бірге, адамзаттың теңдік пен бостандыққа жетуінің де үлкен кепілі. Сондықтан да ұлт ұстазы: «Азаттық асылы мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі оқу мен әдебиетте», деп жазды. Ахмет Байтұрсынұлының осы сөздері бүгін де аса өзекті.

 

Ербол ТІЛЕШОВ,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты

 

https://egemen.kz/article/328352-azattyq-asyly-%E2%80%93-madeniette

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру