БАЙҚАУДАН КЕЙІНГІ ОЙ

22.11.2022

2022 жылғы 10 қазан 2 қараша аралығында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми-практикалық орталығы «Ұлттық сипаттағы бизнес терминдері» атты республикалық байқау ұйымдастырып, сол додада ІІІ орын жүлдегері атандым. Менің ойымша, шараны ұйымдастырушылар үшін төл тіліміздің көсегесін көгертіп, мәртебесін көтеруге бағытталған қатысушылардың ұсыныс-пікірлері осы орайдағы жұмыстың тиімділігі мен маңыздылығын арттырады. Сол себепті байқаудан алған әсерім мен болашақта ескерілуге тиісті кейбір ұсыныс-пікірді білдіруді жөн санап отырмын.

Байқау өткізілу барысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының байқауды ұйымдастыруға жауапты қызметкерлері іс-шараны заманауи талаптарға сай жүргізе білді.

Байқау барысында қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда ұйымдастырушылар тарапынан уақытылы және толық жауап алып отырдым, ешқандай сұрағым жауапсыз қалмады.

Эссе жазу кезінде Jamboard онлайн тақтасымен танысып, жұмыс істеуді меңгердік. Яғни орталық байқау өткізіп қана қоймай, ІТ-технологиялар мүмкіндігін игеруге де себепші болды. Сонымен қатар әрбір қатысушының аты-жөні кодтық нөмірлермен алмастырылып, қазылар алқасына бағалауға ұсынылғанын атап өтуге лайықты. Бағалаудың осы әділ және ұтымды тәсілін алдағы уақыттағы байқауларда да қолданылады деп ойлаймын.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапттау шарасы кезінде Терминология басқармасының қызметкерлері қазақтың ұлттық киімінде жүргенін байқадым. «Тіл-Қазына» десе дегендей-ақ екен, ұлттық киім – ұлтымыздың бір қазынасы ғой. Тілмен ғана айналыспай, ұлттық киімді, мәдениетімізді де дәріптеп жүргендері көңілге жылу ұялатады.

Мен бұл байқауға 2-ші рет қатысып отырмын.

Өткен жылы ынталандыру сыйлығын алсам, биыл жүлделі орынға ие болдым. Әрбір жыл мен үшін ізденіс жылы, тәжірибе жинақтау жылы болды.

Әрбір іс-шарадан жақсы әсер алып, білім мен біліктілігің арта түсумен қатар кейбір мәселеге сын көзбен де қарайды екенсің. Марапаттау іс-шарасы кезінде ой бөліскен журналист мырзаның терминдер бойынша жіберілген әрбір қате үшін жазалап отыру керек деген пікірімен келіспеймін. Өйткені Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген.

Сондықтан құқықтық кеңістікте жұмыс істегеніміз жөн, тұлғаның құқығын шектеу, «қашан жазалайды» деген тәсілді қолдану еліміздің саясатына сай келмейді.

Сонымен қатар қазылар алқасының мүшесі тарапынан терминдерге балама табуда көнерген сөздерді қолдануға болмайды деген пікірі де біржақты деп ойлаймын.

Егер біз ұлттық сипаттағы терминдерді қалыптастырамыз десек, шеттілдік терминнің біразына қазақтың немесе түркітілдес елдердің көне сөздерінің ішінен балама табуға болады.

Байқау келесі жылдарда да жалғасын табады деген үміттеміз. Осыған орай, өз тарапымнан мынадай ұсыныс айтқым келеді:  

1) конкурс, жыл сайынғы қатысушыларға уәждеме (мотивация) ғана емес, оларды әрі қарай осы саладағы жұмыстарға тарту және терминологиямен ғылыми тұрғыдан айналысуына жолдама ретінде жалғасын табу керек деп есептеймін.

2) заңды күші бар терминологтардың құрамын немесе резервін жасақтаса тіпті жақсы болар еді; осы құрамдағы/резервтегі тұлғаларды іріктеу шарттарын заңнамамен реттелуі қажет. Яғни байқауға қатысушылар іс-шараға тек бір рет қана қатысып, кейін ұмытылып кетпейтіндей әрекет қажет.

3) Келесі жылғы байқау қатысушыларына терминком сайтындағы терминдерге шолу жасап, саралап шығу тапсырмасы берілсе, жақсы болар еді.

4) Мемлекеттік тіл – мемлекеттік мекемелердің мәселесі ғана емес, әр саналы азаматтың мәселесі. Тілдерді дамыту басқармаларының әлеуметтік желілері мен сайттарындағы ақпараттың мемлекеттік тілде сауатты жазылуын қадағалап, тексеріп отыру қажет. Осы мәселені байқау қатысушыларына байқаудың бір кезеңі ретінде де ұсынуға болады.

 

Ерболат Қалымжанұлы Асылбеков,

 «Павлодар педагогикалық университетi» КеАҚ 

әкімшілік департаментi құжат айналымы және

бақылау бөлiмiнiң мемлекеттiк тiл жөнiндегi маманы

 
Пікірлер (0)
Пікір қалдыру