ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ҚАТЫСТЫ

06.12.2022

2022 жылғы 6 желтоқсан күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Редакциялық баспа басқармасының басшысы Д.Құсайынов Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде өткен «Ұлттың ұлы ұстазы» дөңгелек үстелге қатысып, келелі басқосудың мазмұнына сай «Ахмет Байтұрсынұлы және мәдениет» деген тақырыпта баяндама жасады. Ұлы тұлғаның 150 жылдығы аясында жарық көрген қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жарық көрген таңдамалы шығармаларын Орталықтың атынан музейге тарту етті.

Ісшараны ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Назгүл Қадрымбетова құттықтау сөз сөйлеп ашты. Отырыс көрігі салған беттен қызып сала берді. Ақын Бақытжан Тобаяқов «Алаш қайраткерлерінің ақындық сипаты» туралы шабыттана сөз қылса, танымал суретші-кескіндемеші Алмас Сырғабаев «Сурет тақырыбындағы алаш қайраткерлерінің бейнеленуі» жөнінде қызықты ой қозғады.

Сценарист-оқытушы, белгілі ақын Ұларбек Нұрғалым ұлт ұстазы туралы түсірілген тұңғыш сериал тарихы жөнінде ой жалғап, жақсы естеліктер айтып берді. Ақын Ұларбек Дәлейдің Алаш ақындары хақында айтқан әсерлі әңгімесі тыңдаушы жүрегіне жол тартқаны анық.

Астанадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейіндегі ұлт ұстазы мұражайының жетекшісі Алтынгүл Момынқұлова ұрпақ тәрбиесіндегі Алаш қайраткерлерінің тағылымы туралы ойымен бөлісті.

 

Пікірлер (0)
Пікір қалдыру