ТАНЫСТЫРЫЛЫМ ӨТТІ

09.03.2023

2023 жылғы 9 наурызда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институты» бағдарламасы аясында шетелдегі қазақтарға арналып жарық көрген «Қазақ тілі» (В1-В2 деңгейлері) әмбебап оқулығының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Қазақстанда және ел аумағынан тыс жерде тұрып, қазақ тілін үйреніп және үйретіп жүрген азаматтарға қолдау көрсету міндеті бүгін таңда өткір тұр деуге болады. Осы орайда бұл шараның отандық және шетелдік қазақ тілін үйрету, мәдени орталықтарына ғылыми-әдістемелік қолдау ретінде мәні зор.

Шараны Орталықтың Әдістеме басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Искакова құттықтау сөз сөйлеп ашты.

«Әмбеге аян, қазақ диаспорасына қазақ тілін үйрететін әмбебап басылым – сандық технологияға негізделген, баспа және электрондық нұсқадағы деңгейлік кешенді мультимедиалық өнім. 2021 жылы А1, А2 (қарапайым, базалық) деңгейлерде басылып шықса, былтыр аталған оқулықтың жалғасы В1, В2 (орта, ортадан жоғары) деңгейлерін құрастыру жоспарға алынып, әзірленді. Бұлармен «Тіл әлемі» сайты арқылы толық танысуға болады»,– деді Жазира Мақсұтқызы.

Бұдан кейін сөз алған «Отандастар қоры» КеАҚ жобалар үйлестірушісі Болат Дидар оқулық дайындау ісінің басы-қасында болған мамандардың жұмысына дән ризашылығын білдірді.

«Қазақ тілі» әмбебап оқулығының (В1 деңгейі) телавторы, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, магистр Айдар Қалайбердіұлы Балабеков өздері дайындаған оқулықтың ерекшелігіне тоқталса, «Қазақ тілі» әмбебап оқулығының (В2 деңгейі) телавторлары, Адамды үйлесімді дамыту ұлттық институтының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Нығметқызы Зайсанбаева менгуманитарлық ғылымдар магистрі Жұмагүл Арапбайқызы Тұрлыбекова өз тәжірибелерімен бөлісті.

Таныстырылым барысында Анкарадағы Хаджеттепе Университетінің оқытушысы, «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамы қазақ тілі курсының үйлестірушісі Салтанат Ұзақбайқызы мен Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласынан, Абай институты жобасының қазақ тілі оқытушысы Харий Сандуғаш тәуелсіз сарапшы ретінде өз пікірлерін ортаға салды.

Комментарии (0)
Оставить комментарий