ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ: ТАНЫМ МЕН ТҰЖЫРЫМ

14.03.2023

Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Сонымен бірге түркілік таным бойынша 12 жылдық мүшелдік цикл басталатын күн Наурыз мейрамына сәйкес келеді. Әлі күнге бұл дәстүрлі мереке елдің бір бөлігінде наурыздық Амалдың келуімен бірге мүшелдік жыл басы түрінде тойланып келеді.

Наурыз мейрамының қос сипаты

Наурызды ежелгі түркілік онекімү­шелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған.

Жалпы, скиф-сақтардың «аңдық стилі» олардың зергерлік, мүсін өнеріндегі жан-жануарға деген ерекше құрметтері ғана емес, ол – ең алдымен олардың дүниетанымдық мәдени көрінісінің мәйегі. Ал мүшелдік күнтізбеге арқау болған аңдық бейнеленім болса, бұл – олардың дүниетанымдық көрінісінің өмірге тығыз енгізілу дәйегі, бейнелеу өнеріндегі олардың дүниетанымдық параллелі.

Наурыздың мәні де – осы бейнеленім түріндегі табиғи, ғарыштық құбылысты дәріптеу, танымды паш ету. Сайып келгенде, Наурыз – прототүркілік онекімүшелдік күнтізбенің рәсімі.

Наурыз мейрамына қатысты екі та­ным­ның қабаттасып келе жатуының мәні ашылмай жүр. Бұл ежелгі мерекенің мазмұнына күн мен түннің теңелуі ғана емес, сонымен бірге түркілік мүшелдің де алмасу сәті қабат келетіні сіңісіп кеткен. Ғаламдық жарық пен түнектің теңе­лі­мінен бұрын мүшелдік уақыт алмасымы орын алады, ол Юлиан күнтізбесі бойынша 1 нау­рыз, ал Григорианша 14 наурызға келеді. Ежелден келе жат­қан прототүркілік таным бойынша жыл мезгілі 90 күндік төрт маусымнан тұрады: көктем, жаз, күз, қыс. 90 күндік қыс 13 наурызда шығып, 14-не мүшелдік жаңа жылмен бірге көктем мезгілі кіреді. Міне, осы қос айтулы танымды ата-бабамыз шеберлікпен жымдастырып, тұтастыра мейрамдаған. Бұны зерттеуі толық болмағандықтан, идео­логиясы ашылмағандықтан соңғы кездері ұшқары, қате, шатасқан ұғымдар мен атау­­­лар шығып кетті. 21-22 күндері Теңесім мерекесі делінеді де, ал ешбір үзілмей аталып келе жатқан мүшелдік жыл басы «амал», «көрісу» деген қарабайыр атауға ілігіп барады. Шын мәнінде бұл екеуін де ертедегі ата-бабамыз біріктіріп, 8-9 күн бойы ресми атап өткен, ал бұқара бір ай бойы тойлаған.

Мерекенің прототүркілік сипаты

апрапр

Күн мен түннің теңелуі – ғаламдық құ­бы­­лыстарға тән ұлы іс. Ұлы істің ұлы­лы­­ғын ата-бабамыз ежелден байқап, ерекше атап өткен. Бұны бес мың жыл бұ­рынғы Алматының солтүстік-баты­сын­дағы 170 км жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған композициялық петроглифтен байқауға әбден болады. Күн­дидарлы Тәңір мен түнкейіпті Іңір бір-біріне құшақ жайып көрісіп тұр. Олардың ортасында сиыр жы­лының төрт маусымы бейнеленген, бұлардан төмен он екі мүшелдің кей­піндегі 12 бейне қол ұстасып билеп жүр. Бұл қола заманынан да ерте нео­лит дәуіріне жетелейтін дерек және бұны бү­гін­гі Наурыз мерекесінің толық тарихи куәлігі, төлқұжаты деуге болады.

Сақтар айтулы күнді қалай қарсы ал­ған? «Күн шығар сәтте қаған ордасының үс­ті­не күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шыра­йын келтірген. Бір жылды құрайтын әрбір тәуліктің келешегін алдын ала жақсарту үшін 365 күй тартылған. Сонан соң бүкіл елдің батагөй абызы елдің, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған» (Квинт Курций Руф. Поход Александра б.з.д. І ғ.).

Ғұндар мерекені қалай бастаған? Бел­гілі этнограф Жағда Бабалықұлы «Қазақ­парат» агенттігіне берген сұхбатта бы­лайша суреттейді: «Қытайлардың жаз­ға­нына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден күй тартады.

Түр­кілердің наурызы. Махмұт Қаш­ғари: «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір-біріне ізгі тілектерін айтады».

Қазақтардың бас таңды қарсы алуы. Қазақтар Қыдыр түнін ұйқысыз өткізіп, бас таңды қалай қарсы алады? «...Жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау та­йыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайын­­­­ша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жас­тар мәз-мейрам болысады...» (Ақселеу Сейдімбекұлы, «Қазақ әлемі»).

Наурыз бен Мүшелдік күнтізбе

апапа

Птолмейдің «Альмагест» еңбегінде Амал (амал, қамал – қазақша) жұлдызы шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан және ол жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «тоқтының екінші мүйізі» аталған.

Наурыздың қазақ үшін басты мәні – жылдың ауысуы. Күн-түн теңелімінен бұрын, наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын амал/қамал жұлдызына беттейді, «көріседі». Бұның әсері жерге беріліп, жыл маусымы ауысады – көктем шығады, мүшелдік жыл алмасады. Жыл алмасу күн мен түннің телеңелуіне қатысты емес, осы айтылған аспандық үдеріске қатысты. Бұл юлианша – 1 наурыз, григорианша – 14 наурызға келеді.

Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтіз­бе­ні үш тілде келтірген астроло­гиялық сызбасында 1 наурыздан бастайды. Ал нау­рыз айы қазіргіше 14 наурыз екені мәлім.

Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні» дейді.

Аталған жыл ауысу күнтізбесін XVIII ғасырға дейін дүние жүзі мойын­даған: христиандық рождествомен жыл ауыс­тыр­ғанға дейін Рим империясы мен Ре­сей патшалығы күнтізбесін 1 марттан бастаған. Бұл күнтізбе бүкіладамзаттық сипаты бар құндылық. Демек, Юлиан күнтібесі мүшелдік күнтізбенің басталуымен пара-пар болып тұр. Наурызды зерттеу барысында мүшелдік танымды да қамтуға тура келеді, оны айналып өту мүмкін емес. Сонда байқағанымыз, онекі­­­жылдық мүшел танымы жылға ғана қатысты емес, он екі айға да таралады екен. Тіпті ай атаулары да сол ізбен атал­ғанын байқауға болады.

«Халық календары» еңбегінің авторы М.Ысқақовтың жазуына қарағанда Бируни мен Ұлықбектің келтірген мағ­лұ­мат­тарында мүшелдік ай атаулары болған, олар былай аталыпты:

1) октябрь – кешку немесе күску (мағы­на­сы – тышқан);

2) ноябрь – ут немес ұд (сиыр);

3) декабрь – барыс;

4) январь – тувушқан немесе табышқан (қоян);

5) февраль – ұлу немесе нек;

6) март – ыйлан (жылан);

7) апрель – юнед немесе юнд (жылқы);

8) май – қон (қой);

9) июнь – бічін немесе січен (мешін);

10) июль – доқұқ немесе тақығу (тауық);

11) август – іт (ит);

12) сентябрь – лағзын (доңыз).
X ғасырдан бергі жазбаларда «лағзын» орнына «доңғұз» (доңыз) айтылатынын атап өтеді. Мүшелдік айлар революцияға дейінгі қалмақ күнтізбесінде де болған екен.

Негізі қазақ күнтізбесінде тарихта март айын амал деп те атаған. Яғни, парсылық күнтізбенің ықпалы да жүрген: һүт, март – һамал, апрель – саратан, май – зауза деп кете береді.

«Амал» һәм жыл басы

Қазақтың жаңа жылын Күн-Түн теңе­лімімен дәйектеушілер 21-22 наурыз­да дейді. Бірақ Ресейдегі 1917 жылғы рево­лю­цияға дейінгі фольклорда, тіпті қазіргі әдебиетте де жыл басының көктемге сәйкес келетіні айтылады, жырланады. Еш­бір туынды күн мен түн теңелімін бұған қатысты әңгіме етпейді. Неге? Се­бе­бі қазақтың жыл алмасымы көктем мезгілінің ауысуымен бір келеді. Бұл дәстүр ортаазиялық ғылыми-әдеби туын­ды­ларда әбден орныққан. Бұл да амал/һамал айының келуімен тікелей байланысты астрологиялық үдеріс. Қазақтағы «Амал келді – жыл келді» дейтін тәмсіл көктеммен бірге ғана жаңа жыл келеді деген ұғымды меңзеп тұр. Көктем күн мен түннің теңелуінен 8-9 күн бұрын келеді. күн мен түн күзде де теңеледі, бірақ неге жыл алмас­­­пайды?! Мәселе күн мен түн арбасуының уақыттың жаңаруына қатысы жоқтығында. Бұл ежелгі диалектикалық таным, күнек пен түнек, ақ пен қара арбасуы, үйлесімі – танымдық пәлсапалық құндылық. Алайда бұл көктемде жаңа жыл­мен қабаттаса ке­леді. Содан жұрт ша­тасады.

Амал айының Наурыз мейрамына, жаңа жылға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді:

Ғаламның Күні кезіктіріп

Тоқтыдағы Қамалды,

Қар мен мұзды ерітіп,

аласапыран басталды.

Аяз бенен қарға бөккен ел еді...

Қарашы енді:

Күн келеді, Күн келеді!

Ортаазиялық уақыт өлшеуші орын ертеден Бұқар хандығындағы жұлдыз­шы­лар­дың есебімен «Бұқар есебі» ретінде мойындалған. Өйткені көп уақыт бойы бұқарлық математиктер мен астрономдар ешкімге дес бермеген. Наурыз мерекесінің бастау уақытын нақтылап жоғарыда Шәкәрімұлы Ахаттың естелігінен үзінді келтірдік. Бұны белгілі әулие, жазушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былайша қолдайды: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның нау­рыздама тойының сегіз күн ішінде (ескіше 1-8 наурыз аралығы – С.Е.) болдым, дәл сегізінші күн «Мазар Шариф» деседі», деп Наурыз мерекесі де, ай да бүгінгі 14 нау­рыздан басталатынын және ресми 8 күн және бейресми халықтық мейрам бір айға созылады», деп дерек береді. Бұқарды билеген Абдолла хан ресми түрде Жаңа жыл мен Наурыз мерекесін біріктіріп мерекелеген. Осылайша, бұрыннан келе жатқан тартыстың шешімін әділ тапқан. Бұл бұрынырақтан келе жатқан үрдіс болуы бек мүмкін.

Белгілі фарабитанушы Ақжан Ма­шанов өзінің «Әл-фараби» тарихи дерек­ті кітабында «нау» сөзіне қатысты былайша ашып көрсетеді: «Ал айдың тоғыс (аял) жұлдыздарының туғаны мен батқанын нау деп атайды. Демек, нау туралы дау туа­ды. Ол дау – астрономдар, есепшілер арасында атам замандардан бері бітпей келе жатқан дау. Сондықтан «нау құрымай, дау құрымас» деген.

Лингвистикалық «Амал»

«Амал» – жұлдыздық күнтізбеге қа­тыс­ты рәсім және ол Наурыз мейра­мы­ның ажырамас бөлігіне ертеден-ақ айналған. Бірақ «амал» немесе «көрісу» мерекенің атауы ретінде этнографияда қалыптасқан емес. Бұл сөздер атау ретінде Наурыз мерекесінің күнтізбесі 1988 жылдан бас­тап ауысып, 21-22 наурызға ығысқаннан өзекті бола бастады. Наурызды 14-нен бастап мерекелеу дәстүрге айналған жергілікті жұрт амалсыз «амалды» алға тартты. Тіпті «нау­­­рыз» парсыша, «амал» қазақша мереке атауы деген жасанды па­йым пайда болды. Алайда осы «амалды» мерекелейтін өңірде «амалкөже» емес, «наурызкөже» аталатын мерекелік тағам бар екені ескерілмейді.

Ресей қазақтары «қамал», біздің елде «амал» дегенмен, бұл арапша жазбаларда «һамале», парсыда «хамәл» түрінде кезігеді. Бұны қазбалайтын болсақ, этимологиясы дейтүркілік һа/қа+мал сөз тіркесінен туған «қамал» сөзін інде­те­міз. Қа – маңдай, мал – қозы, тоқты. Ескілікте іріні емес, ұсақ малды «мал» атағаны кеше еді, содан орыс тілінде «малый/ая», «маленький» сөздері, ал қазақ тілінде «малта» сөзі бар. Ал «қа» сөзі «маңдай» екенін тіліміздегі қа+ыс/қас – маңдайдағы күйе, қа+бақ/қабақ – маңдайды бағушы деген этимологиясын мағынасы бұлдыр болса да бүгінгі сөздер дәйектеп тұр. Тіпті, хандардың ханы да қа+қан/қаған аталды: «маңдай хан» немесе «хандардың ханы», «төбе хан» («төбе би» ұғымы кешеге дейін болды емес пе?) деген тіркес еді. Дешті қыпшақтың басты билік ошағы саналатын Кавказ, Еділ-Жайық маңында Амалдың «қамал» аталуы осыдан. Сайып келгенде, амал/қамал ұғымдары ежелгі астрономиялық танымнан болатын. Тоқты шоқжұлдызының бас жағында орналасқан жұлдыз атауы болатын. Бұл таным кешегі кеңестік дәуірден кейін бұрмаланды, басқаша интерпретацияға ұшырады.

Әдебиеттегі «Амал»

Абай Құнанбайұлы өзінің әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде амал мен көрісуге қатысты жолдары бар:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың

мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып,

мауқын басып.

Көрісуге қатысты Ахмет Байтұрсынұлы да қалам тартқан:

Келгенінше құттықтап бірін-бірі,

Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.

Көңілі түгел адамның сен келген соң,

Самарқанның елжіреп түскен тасы.

 

Тарихтағы «Амал»

Тарихи жазбаларды еске алсақ, амал­ға қатысты алдымыздан молынан де­рек­тер жолығады. Шәкәрімұлы Ақат өзі­нің Наурыз туралы естелігінде былай дейді: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март (14 март – ескіше 1 март), қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні» дейді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (20 томдық жинағының 8-томында) 8 күндік Наурыз мерекесіне куә болады. Бұл турасында былай жазады: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!», десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен».

Ғұрыптағы «Амал»

смсм

Көрісу – мереке емес, ғұрып. Бұл ғұрыптың тарихы өте ежелгі дәуірден басталады. Көрісу тек қана Наурыз мейрамына қатысты емес. Ай жаңарғанда да, жыл жаңарғанда да түркілердің осылайша көрісу ғұрпымен бірін-бірі құттықтауы ертеден келе жатыр. Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір-біріне құшақтарын жайған құдыреттердің сұлбасына қара­ған­да оны да көрісу ғұрпының ежелгі нұсқасы ре­тінде мойындауға тура келеді.

Бұл ғұрыптың тарихы тым әріде. Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түр­кіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқ­жұлдызындағы қозғалмайтын амал/қамал жұл­дызына беттеп, «көріседі». Қазақ­тар­дың көрісу дәстүрінің астро­но­миялық мәні осында жатыр. Өйткені дәстүрдің түбінде мифологиялық негіз болады да, халық соны дәстүр етіп сіңіріп, оны әдеп пен тәрбие көзі етеді. Сондықтан Көрісу салтының негізі аспандық үдерісте болса, екінші жағы далалық өмір үлгісінен туындайды.

ХІІІ ғасырда құрылған Дели сұлтана­тын­да мұсылмандық айдың жаңару ке­зіндегі басты ғұрып көрісу болған. Жұрт қуанысып, бір-бірімен үш рет төс қағыс­ты­ра­ды, сұлтан оларға қазынасынан алтын-күмістен шашу шашады.

1736 жылы Әбілқайыр ханның ордасында болып, бірнеше сурет жидасын салып, тарихымызға елеулі үлес қалдырған ағылшынның суретшісі Дж.Кестел көрісу ғұрпын бейнелеген: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде.

смс

Табиғаттағы «Амал»

Наурыз – Амал – Көктем үштігі бір-бірі­нен ажырамас тұтас ұғым екенін ескер­сек, оның қазақ аңдаған табиғи нышандары бар. Ол нышандар өсімдік, аң-құс, жәндіктердің қылығымен тығыз байланыста.

Жыл гүлі. Қазақтың аңдауы бойынша Наурыз айдың 21-22 күндерін күтіп тұр­майды, 90 күн тоң кететін айдың ба­сын күтеді. Сол жібу басталар сәтте-ақ бәй­шешек гүл шешек ата бастайды. Бәй­шешек – жылтоқсанның белгісі, нау­рыз­гүл, оны халық бәйшешек атайды. «Бай» сөзі ежелгі түркілік ұғымда киелі, қасиетті ұғымын беретінін ескерсек, далалықтар көк­тем белгісіндей бұл гүлді ерекше баға­ла­ған секілді. Бәйшешектің құдыреті сонда, ол қардың еруін күтпей, қарды тесіп көктей бастайды. Бұл гүлді жапондардың сакурасындай әспеттеп, дәріптеуге лайық.

Жыл құсы. Наурыз айы «наурызек», «наурызша», «әптиек» аталып кеткен көкала торғайдың келуімен табиғатта да хабарланады. Наурызек – көктем хабаршысы. Жыл құсы – осы!

Ұлы іс

Қазақ халқы Наурыз мерекесін «ұлы іс» атаған, «Ұлы істің ұлы күні» тіркесі осыған айғақ. Мұндағы «ұлы іс» тіркесі кейін бірігіп «ұлыс» сөзіне айналып кеткен. «Наурыз» бен «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» атаулары бір бірімен синоним ретінде қолданылған. «Ұлыстың ұлы күні» деген бүкіл ұлыстың тойлайтын мерекесі деген ұғым емес, «Ұлы істің ұлы күні» –
күн мен түннің теңесуін «ұлы іске» меңзеп тұр, әйтпесе ұлыстың басқа да жаппай тойлайтын кездері аз болмаған.

Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлы­­ның жазуынша, наурыз мейрамы бұ­ры­ны­рақ­та «Ұлыс» аталған. Шәкә­рім­ұлы Ахат та өз естелігінде «Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс», дейді. Бұған А.Сейдімбектің «Ұлыс таңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді» деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі «Ұлы іс таңы» екендігі өзінен өзі сұранып тұр. «Ұлы іс таңы» тіркесі наурызда қарсы алынатын «бас таңды» меңзеп тұр. Қазақтағы «Ісің оң болсын!» деген тілек ұлыстың оң-терісі емес, істің оң-терісі бола­тынын байқатады. Демек, «Ұлыс оң бол­сын» емес, «Ұлы іс оң болсын!» деген тілек дұрыс.

Қысқасы, Наурыз мейрамының екі сипаты бар: ежелден табиғи астрономиялық күн-түн арбасуына қатысты Наурыз мерекесі мен көктеммен бірге келетін мүшелдік жыл басының біріккен нұсқасы. Бұл қос құбылысты халқымыз әуелден 8-9 күн бойы біріктіріп мейрамдаған. Түркілік жыл басының бөлек датасы мәні соңғы ғасырда көзден таса болған.

Ежелгі түркілік ғарыштың кемелдік сипаты үш принциптің жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже), жеті өң (алуан бояулы құрақ көрпе), жеті үн (жетіген, жеті қоңыраулы дауылпаз немесе жеті адамның хоры).

 

Серік ЕРҒАЛИ,

мәдениеттанушы, этнолог

https://egemen.kz/article/337534-ulystynh-uly-kuni...

Комментарии (0)
Оставить комментарий