ТҰЖЫРЫМДАМА ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНУДА

14.03.2023

2023 жылғы 14 наурыз күні Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, белгілі ғалым Е.Тілешов Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын талқылау жөнінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ базасында Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының тілші ғалымдары, тіл жанашырларымен өткен кездесуге қатысып, Жоба туралы жан-жақты баяндады.

Маңызды құжаттың жобасында мемлекеттік тілді дамыту мәселесінің өзекті мәселелері мейлінше көрініс тапқан. Оны жүзеге асыру барысында негізінен күнделікті тәжірибеге сүйенуден бастап, әлемдік деңгейдегі озық заңнамалық базалар ескерілген.

Баяндамашының айтуынша, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуден бастап, тіл үйрету әдістемесін жетілдіруге дейін қамтылған екен. Әсіресе, күні бүгінге дейін қолбайлау болып келе жатқан әртүрлі кедергілерге кеңінен талдау жасалып, бірінші кезекте, оларды еңсеру жағы көзделген.

Бас қосуға қатысушылар тарапынан ана тіліміздің тағдырына, әсіресе, ғылым тіліне айналдыру мәселесіне алаңдаушылық болмай қалған жоқ. Термин төңірегінде қызу пікір айтылды.

Мұндай келелі кеңес жақында Қонаев қаласында өткен болатын. Бұдан әрі өңірлерде жалғасатын болады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий