ҚЫЗЫЛОРДАДА ІЛКІМДІ ІС АТҚАРЫЛУДА

10.04.2023

«Tilalemi.kz» сайты өңірлердегі тіл оқыту орталықтарының оқу-әдістемелік құралдар дайындаудағы тәжірибесімен танысып, өңірлердегі дайын өнімдерді көпшілік назарына ұсыну мақсатында арнайы айдар ашып отыр. Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің директоры Мартана Қонысбекқызы Дәулетбаева алғашқы болып жауап жолдады. Таныс болыңыздар!

1.Тілдерді оқыту орталығының құрылғанына қанша жыл болды?

 - Қазақтың көрнекті жазушысы, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбие басы – тіл» деген мән мен мағынаға, ұлағатқа толы бір ауыз ғана сөзі бар. Алайда, осы сөзге мұқият зер салып қарайтын болсақ, астарында терең ұғым, тағылымды тәрбиенің бастауы жатқан секілді. Өйткені, тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, тәрбиенің негізгі өзегі, бесігі, білімнің бастауы, адами құндылық пен қоғамдық сана қалыптасуының түп тамыры болып саналатыны ықылымнан айтылып келеді.

Осы ретте елдегі тіл саясатын жүргізу, тілдерді дамыту мен оқытудың маңызды қадамдарын жүзеге асыру қажеттілігі туындағаны хақ. Ортақ міндет пен мақсаттарды қолданысқа енгізіп, нәтижесінде халық игілігі жолында тиімді бастамалар мен шараларды көрсету үшін «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында елімізде «Тілдерді оқыту орталықтары» ашылған болатын.

Қызылорда облысында да 2008 жылдың 14 сәуірінде «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» құрылып, өз жұмысын бастады. 2016 жылдың 30 маусымында облыс әкімінің №509 Қаулысымен «Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы» «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і болып қайта құрылды.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і болып жұмыс жасайтын Орталықтың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.

Биыл – Орталықтың құрылып, өз құзыреті шеңберінде жұмысын үздіксіз жалғастырып, жандандырып келе жатқанына 15 жыл.

Осы уақыттан бері Орталық мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыра отырып, қолданыс аясын кеңейту және тіл үйретудің заманауи әдіс-тәсілдерін ұсынатын түрлі әдістемелік құралдар дайындауда белсенділік танытып келеді. Айта кетейік, өткен жыл Орталық үшін жетістікке толы, жаңа бастамалар үздік нәтиже көрсеткен табысты жыл болды. Халыққа білім беру деңгейлері бойынша тегін курстар ұйымдастыруда, оқытушылардың біліктілігін арттыру негізінде түрлі семинар-тренингтер өткізіп, нәтижелі бастамалар негізінде 2022 жылы республика бойынша үздіктер қатарына енгенімізді мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, республикалық «Үздік оқытушы» байқауында Орталықтың кіші ғылыми қызметкері Алтынай Орынбаева Бас жүлде иеленіп, ұжым еңбегін көрсетіп, облыс абыройын асқақтатты. Алдағы уақытта да тіл заңнамасының сақталуы мен мемлекеттік тіл саясатының жүргізілуіне байланысты жұмыстар легі өз жалғасын табады.

 

2.Тіл үйрену мен оқыту бағытында оқулық дайындау жұмыстары алғаш қай жылы қолға алынды?

 - Естеріңізде болса, бұрын тіл үйренушілер көптеген кітап оқып, ізденіс жасап, тіл үйрету курстарына да баратын. Бертін келе осы қағиданың орнын ақпараттық-технологиялық саланың дамуындағы түрлі өзгерістер басты. Десек те, бұл үрдіс тіл үйренушінің қағаз жүзінде көріп, жазып-сызып, орындап үйренетініндей болмайтыны анық.

Сондықтан тіл үйренушілер үшін Орталық оқытушылары деңгейлік тыңдаушыларға арналған тұжырымдама, оқулық пен жұмыс дәптерлерін әзірлеуде үздіксіз ізденісте жүреді.

Осындай игі бастама ретінде 2013 жылы мемлекеттік тіл үйренушілердің В2 – ортадан жоғары және С1 – жоғары деңгей тыңдаушыларына арналған «Асыл сөз» оқу-әдістемелік кешенін әзірлеп, жариялады. Оған Орталық қызметкерлері Н.Мусаева, Л.Есбосынова, Ә.Бахытова және В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Н.Құрман, облыс әкімінің кеңесшісі А.Сағымбай оқу-әдістемелік және ғылыми тұрғыдан ізденіп, авторлық етті.

Айта кетерлік бір дүние, «Асыл сөз» оқу-әдістемелік жүйесінің лингводидактикалық  стратегиясы мен танымдық әдістемелік құралдары «Тілтану арқылы Елтану» деген жолмен құрылады.

Осы айтылғандар негізінде аталмыш әдістемелік кешен оқу-әдістемелік жүйесінің бастау көздері мен оқу құралдарының құрылымдық-мазмұндық моделі айқындайтын кешен ретінде қолданылып келеді.

Тіл үйренуші қауымға арналған әдістемелік кешендер мен оқулықтар әзірлеу жұмыстары тоқтап қалған жоқ. Керісінше, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тіл оқыту орталықтарынан тәжірибе алмасу және бірлесіп жұмыс істеу мақсатында ұсыныстар түсіп, маңызды шаралар өтті. Жарқын жобалар мен игі бастамалардың жалғасы іспеттес жинақтар жарыққа шықты. Атап айтар болсақ, 2015 жылы жаңа тақырыптағы сөздерді, грамматикалық материалдарды, тұрақты сөз тіркестерін ойын арқылы тіл үйренушілердің әртүрлі жағдаятта сөз саптау мәдениеті мен өзара қарым-қатынаста белсенділік таныту әлеуетін бағалауға мүмкіндік беретін «Қазақ тілін оқытуда қолданылатын ойындар» әдістемелік кешені көпшілікке ұсынылды.

2018 жылы мемлекеттік тілді оқыту курстарында «Оқыту сағаты» бөлігін ұйымдастыруға, қазақ классиктерінің шығармаларын тіл үйренушілер арасында насихаттауға бағытталған қазақ романдарының, әңгімелерінің үзінділері мен оларды меңгеруге арналған «Қызықты әңгімелер әлемі» тілдік тапсырмаларды орындау  жинағы әзірленді.

 

3.Авторлар құрамына қысқаша тоқтала кетсеңіз...

  • Жалпы, қандай да болмасын оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен жинақтарды жасау және басып шығару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру немқұрайлықты көтермейді. Өйткені бұл құралдар – оқыту процесінде қолданылатын және оқу бағдарламаларында көзделген білімді кеңейтуге, тереңдетуге және тиянақты түрде меңгертуге арналған әдістемелік кешен түрлері. Ол тапсырмалар мен жаттығу немесе мәтіндер, диктанттар мен мазмұндамалар жинақтары немесе түрлі аудиовизуалды, мультимедиялық, электронды оқулық түрінде де жарыққа шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының ғылыми негізділігін анықтауға, тіл үйренушілердің жас және психологиялық ерекшеліктеріне байланысты жинақталған материалдарды сұрыптап, құрылымы мен дидактикалық талаптарға сәйкестігін қадағалау мақсатында білім беруде, ғылымда өзіндік үлес қосқан мамандарды тарту міндетті.

Бұл ретте Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы республикалық және жергілікті жоғары оқу орындарының педагогика саласындағы кандидат, профессор, доценттер мен докторлармен тығыз байланыс жасап отырады. Оның ішінде жоғарыда атап өткендей, В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Н.Құрман, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Абасилов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Әбілов сынды тәжірибелі мамандар тартылады.

Сондай-ақ, Орталық қызметкерлері мен мемлекеттік тіл оқытушыларына ғылыми әлеуеті мен ізденушілік қасиетін арттыру мақсатында әдістемелік кешендерді құрастыру жұмысына байланысты тапсырмалар беріліп отырады.

 

4.Тәжірибеге сүйенсек, нәтижесі туралы не айта аласыз? Жалпы кейін қайта қарап саралап, толықтырып басқан кездеріңіз болды ма?

 - Орталық құрылғалы бері атқарылған жұмыстардың барлығы қай кезде де оң көзқарас қалыптастырып жүр. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына ықпал етумен қатар, халық сұранысына сай ілкімді істер де кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүргізілуде.

Осы уақытқа дейінгі жұмыс жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталсақ, әзірленген оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар бүгінге дейін тіл үйрету курстарында тұрақты түрде қолданылып келеді.

Нәтижесінде 2022 жылы 2200-ден астам адам мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері, этнос өкілдері мен ерікті тыңдаушылар мемлекеттік тілді Орталықтың әзірлеген оқу-әдістемелік кешендеріндегі түрлі дағдылар арқылы меңгерді.

 

5.Соңғы оқулық қай кезде жарық көрді?

 - Тілдерді оқыту орталығы өз қызметін әлі де жалғастырып келе жатқандықтан алдағы уақыт еншісіне бағдарлап отырған жұмыс жоспарлары бекітіліп, мақсаты айқындалып тұр. Демек, әлі де оқу әдістемелік және ғылыми бағытта атқаратын жұмыс көлемі де ауқымды. Оның ішінде Орталықтың негізгі мақсаттарына сай келетін жобалар мен жоспарлар міндетті түрде өткізіліп, курс оқыту жұмыстары жалғасады. Ал курс жүріп тұрған уақытта оқытушылардың білімі мен біліктілігін арттыру мәселесі қатар жүретіні тағы бар. Міне, осы ретте оқыту әдістемелеріне де технологиялық өзгерістерге байланысты заманауи бағытта жаңашылдық енгізу қажеттілігі туындайды.

Осы ретте Орталық қызметкерлерінің құрастыруымен 2022 жылы қазақ тілін қарапайым деңгейден бастап, жоғары деңгейге дейін оңай әрі жылдам үйренуге ықпал етуге арналған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағы жарық көрді. Жинаққа бабалардан қалған өсиет сөздер, батырлар жыры, терме, айтыс, ән-өлеңдерден үзінді келтірілген. Бұл бір жағынан, тыңдаушылардың сауаттылығы мен есте сақтау қабілетін арттыруға септігін тигізеді.

Тілді оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолданысқа енгізу үшін өткен жылы ғана тыңдалым бағыты бойынша жарыққа шыққан  «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағының тыңдаушыларға арналған оқылым, жазылым дағдыларын дамытуға арналған көмекші құралдарын әзірлеу жоспарлануда. Өйткені, бұл жинақтың электронды нұсқасы өзге өңірлердегі тіл орталықтарына да қолжетімді болу мақсатында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтына орналастырылған (https://tilalemi.kz/tartu/one/1166).

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий