ОТЫЗҒА ТАРТА ОҚУЛЫҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ

17.04.2023

Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының елімізде ең алғашқы боп ашылғанын бұл күнде екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Бірақ, сонау 1997 жылдан бері қарай небір олжалы істердің орталығына айналғаны көпке мәлім деп айтуымызға толық негіз бар. Тіл мәселесінде ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды. Десе де, тіл және оны меңгеру туралы сөз болғанда, алдымен оқулықтар ойға оралары анық. Сол себепті оқу-әдістемелік оқулықтар дайындау ісі жөнінде аз-кем сөз қозғамақпыз.

 

Тәуелсіздігіміздің тарихында қалың қазақтың бөркін аспанға ата қуанып қарсы алған Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы қабылданды, тілімізге арналған мемлекеттік бағдарламалар өмірге жолдама алып жатты. Көзі қарақты оқырман біледі, қазір Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы Жобасын ашық талқылау жүріп жатыр.

Осылардың қай-қайсысын алсақ та, күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспейтін әмбеге аян даусыз бір ақиқат бар. Ол – сапалы да заманауи оқу-әдістемелік құралдар дайындау мәселесі. Қазақ тілін тұрмысқа да, саясатқа да, бизнеске де, қоғамға да толық қолданысқа енгізіп, мемлекеттік тіл ретінде аясын кеңейтіп жан-жақты дамытудың ең тиімді жолының бірі осы.

Бұл орайда, орталықта бірқыдыру ілкімді іс атқарылды.

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының бізге ұсынған мәліметіне қарағанда, тіл үйрену мен оқыту бағытында оқулық дайындауды 2006 жылдан бастап қолға алып келеді. Сол жылы екі бірдей әдістемелік құрал жарық көріпті. Біріншісі, тіл үйренушілер курсының бастауыш тобына арналған «Қазақ тілін үйренушілерге арналған әдістемелік құрал» деп аталады. Екіншісі, ресми құжатты жазудағы қазақ тілінің стильдік ерекшеліктеріне түсінік берілген және іс-қағаздарын әзірлеуде қойылатын талаптар, ережелер баяндалған «Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу» курсына арналған көмекші оқу құралы».

Содан бері қарқын төмендесе, қане?! Бүгін таңда аттай жиырма тоғыз оқулықты оқырманымен қауыштырып отыр.

Әлбетте, оқу-әдістемелік құралдар да тәжірибеде сыналып, уақыт тезінен өтеді. Бірден айту керек, жоғарыда айтылған құралдардың бәрі де тіл үйренушілер тарапынан жылы қабылданып, кәдеге жарауда. Жыл сайынғы тіл үйренушілердің санына да, сапасына да қарай отырып, нәтиже көңіл көншітеді деп ой түюге болады. Соның ішінде айрықша сұранысқа ие болып жатқандары да бар екен. Мәселен, ісқағаз жүргізу курсы бойынша және «Тілашар» сөздігі бірнеше рет толықтырылып, қайта басылып шығарылыпты.

Бір ғана былтырдың өзінде бес оқу-әдістемелік құрал жарық көрді.

Ағылшын тіліндегі әріптер мен дыбыстардың оқылу орфоэпиясын оқып үйрету және оларды күнделікті өмірде қолдануға арналған «Ағылшын тіліндегі әріптер мен дыбыстардың орфоэпиялық ережелері», сонымен қатар ағылшын тілі грамматикасы бойынша қызықты мысалдар, сызбалар, кестелер, көрнекіліктер бойынша жұмыс істеуге арналған «10 NECESSARY THEMES FOR BEGINNERS» – орталықтың үлкен олжасы болды деуге тұрарлық.

Бұдан басқа ана тілімізді оқытып-үйретудің үздік оқу-құралдары қатарын тыңдаушыларға тапсырмалар мен жаттығу жұмыстарын орындауғаарналған «Қазақ тілі А1 деңгей», «Қазақ тілі В1 деңгей» жұмыс дәптерлері толықтырды.

Оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес тыңдаушылардың тіл үйренуіне тиімді әдістер қолданылған «The theme: Parts of speech» те болашақта өз лайықты бағасын алары анық.

Біз әріптестерімізге тек табыс тілейміз!

Комментарии (0)
Оставить комментарий