АПТАЛЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ

19.04.2023

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Тіл-Қазына» оқулары» апталығын өткізуді қолға алға болатын. Шара шымылдығын «Termin talqyLike» қызықты интеллектуалды ойыны ашты.

Орталық Бас директорының міндетін атқарушы Л.Есбосын шараға қатысуға тілек білдірген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранттары мен студенттеріне қош келдің айтып, ойын мазмұнына тоқталды.

«Халқымызда «Жас келсе, іске» деген тамаша сөз тіркесі бар. Жердің иесі екенін ұғынатын, тілдің киесін сезінетін жалынды жастар легі өсіп келе жатқаны қуантады. Қазіргі ғылым жаңалықтары өмірімізге көз ілеспес шапшаңдықпен дендеп еніп жатса, олармен бірге сантүрлі термин де ілесе келеді. Оларға ана тілімізде лайықты балама табу оңай шаруа емес. Ғылыми мәні өз алдына, жалпы бұқараның қолдануына айналып кетуі аса маңызды. «Талаптыға нұр жауар» деген, Сіздердің белсенді өмір позицияларыңыз ұлтымыз үшін, Тәуелсіз еліміз үшін өте қажет», – деді Лиза Қожаққызы.

 

Айтса айтқандай, жиналған жастар әлекедей жаланып-ақ тұр екен. Ойын шартына сай дереу екі топқа бөлініп, табан астында «Алаш», «Азат» деген атты иемденіп алды. Интеллектуалды ойын үш кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылардың ұялы телефондарына алдын ала дайындалған сұрақтар жіберіліп, бар-жоғы сегіз минуттың ішінде жауап беру талап етілді. Ойынның келесі кезеңінде шеттілдерден енген терминдерге қазақ тілінде балама табу қажет еді. Жалындаған жігерлі жастар бұл сынақтан да мүдірмей өтті. Қорытындылау кезінде белгілі ғалымдардан құралған қазылар алқасының таңырқау білдіргеніндей, республикалық терминологиялық комиссияға ұсына алатындай «просрочка» – «кеш төлем», «час пик» – «қауырт, қарбалас шақ», «игнор» – «әдейі елемеу» деген сияқты әдемі сөздер пайда бола кетті. Шынында, әр қазақ жасы өзінің ана тілінің тазалығы үшін осындай орамды сөз тіркестерін тауып жатса, мемлекеттік тілдің мәртебесі одан сайын асқақтай түспей ме.

Соңғы айналым – ребус негізінде құрастырылған терминді табу.

Жас адамға жарасымды әдемі әзіл де ұшыраспай қалған жоқ.

Мысалы, тәж пен тақ, медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек бейнеленген суретті «Тәжді тажал» деп бірауыздан шешіп жатса, ол бар болғаны «Бас дәрігер» болып шықты.

Ұпай санымен айқын басымдық танытқан «Азат» тобы жеңімпаз деп танылды. Ойынға қатысушылар Орталықтың Алғысхатымен және ойынның арнайы медалімен марапатталды.

Апталық ертең жалғасады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий