МІНБЕРДЕ ЖАС ҒАЛЫМДАР

21.04.2023

2023 жылғы 21 сәуір күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Тіл-Қазына оқулары аясындағы дәрістер циклын жас ғалымдардың «Лингвистика жас ғалымдар зерттеулерінде: дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбындағы ой түйіндеулерімен қорытындылады.

Орталықтың Ғалым хатшысы Нұрлыхан Нұроллақызы атап көрсеткендей, отандық лигвистика ғылымының қандай бағытқа бет бұрғанын, нендей талаптар қойып отырғанын аңдау үшін жастардың әлеуетін бағалап, жаңа лебіне құлақ түрген өте маңызды.

«Бір қарағанда үш спикердің қозғайтын тақырыбының өзара едәуір айырмасы болғанымен, оларды біріктіретін ортақ жақсы қасиеттері бар. Атап айтқанда, талантты ізденуші екенімен қоса, көп тілді меңгерген. Осының арқасында бүгінгі мультилингвальды жаһандық жағдайда қазақ тіл ғылымының функциональдық жағдайынан бөлек, іргелі фундаментальды жағын терең меңгеріп келеді. Талаптарына нұр жаусын!» – деді ол.

Алғашқы боп мінбеге көтерілген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының ғылыми қызметкері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Дана Оспанова «Тіл және эмоция: тілдесімдегі эмотивтілік» тақырыбы бойынша дәріс оқыды.

«Эмоциялар – жалпыадамзаттық универсалия, десек те оның тілде көрініс табуы ұлттық негізбен астарласып жатыр, сондықтан да тіл семантикасының эмотивті компоненті сол тілдің мәдениеттану аспектісіпен құрамында қарастырылады. Осы тұста белгілі бір мәдениетке тән сөздің табиғатын, мәнін түсіну үшін оның эмотивті кодтық мәніне назар аудару керек».

Осылай деп бастаған жас ғалым әрі қарай бір мағынаны білдіретін бірнеше сөз болуымен бірге, олардың бір-бірінен негізді айырмашылығы да болатынына тоқталып, біз толық, семіз деген екі сөзді бір эмоцияны білдіру үшін тең қолдана алмаймыз деді. «Сен толық екенсің» мен «Сен семіз екенсің» дегенде екі сөз де эмотивті болғанымен, бұл сөздерді қолданушы адам өз эмоциясын нақты білдіру үшін бірін таңдайды екен.

Дананың айтуынша, қабылдаушы айтушы ойын интерпретациялау арқылы оның эмоциялық күйін түсінетін көрінеді. осындай синонимдік қатардың құрамындағы сөздер бір-бірінен жалғыз лексикалық мағынасымен ғана емес, сондай-ақ эмоциялық бояу-реңкімен де ажыратылады. Осындай қызықты мысалдарға құрылған дәріс шараға қатысушылар тарапынан үлкен белсенділік тудырды.

Бұдан кейін сөз алған Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Филология факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессор ассистенті, PhD Болат Хасеновтің «Серікбол Қондыбай және тіл философиясы» бойынша тамаша ой толғауы ғылыми бас қосудың көрігін одан әрі қыздыра түсті.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология және ономастика басқармасының ғылыми қызметкері, Орду университетінің докторанты Қарлығаш Қабайдың «Тәуелдік жалғау және 3 жақ категориясы жайлы бір тұжырым» атты дәрісі тыңдаушыларын тарих қойнауына сүңгітіп, ықылым замандардан бір-ақ шығарды.

Бұл дәрістердің қай-қайсысынан да жастықтың жігерлі лебі мен ғылым жолында жүрген жас талаптылардың жылдар бойғы тынымсыз терең ізденісі айқын сезіліп тұрғаны соншалықты, шараға онлайн-оффлайн қатысушылардың бәрі де Нұрлыхан Нұроллақызының жоғарыдағы тілегіне бірауыздан қосылып, жамыраса: «Қадамдарыңызға гүл бітсін!» деп жатты.

Комментарии (0)
Оставить комментарий