ТАҒЫЛЫМДАМАДА ДӘРІС ОҚЫДЫ
2023 жылы 27 сәуірде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО Терминология басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақ пен орталықтың ғылыми қызметкері Оразгүл Мақсұт Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған Аумақтық ішкі істер органдары мен ІІМ-нің оқу орындарының ішкі коммуникациялар бөліністері қызметкерлеріне арналған тағылымдама жұмысына қатысып, дәріс оқыды.
«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен ана тілімізді толыққанды ғылым тіліне айналдырудың бір үлкен салалы бағыты – салалық терминдер. Бұл мәселе бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналды. Сондықтан, бүгінгідей сала мамандармен жүздесіп, олармен терминдерді біріздендіру, сонымен қатар сандық та, сапалық та деңгейін арттыру туралы сөз қозғау нақты нәтижеге апаратыны сөзсіз. Осы орайда, «Терминологиялық ресурстар, оларды қолдану» тақырыбында дәріс оқыдым. Әріптесім Оразгүл Жәдігерқызы «Termincom.kz сайты және оның құрылымы» төңірегінде терең әңгіме қозғады»,– дейді Бақытгүл Дәуітбекқызы.
Тағылымдама барысында заңтану, құқық, әскери іс салаларының терминдерін біріздендіру жәйі жан-жақты талқыланды.