Сөзімізді түзейік
1. «Қажет», «тиіс», «керек» деген модальдық сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы, «баруға тиіспін, баруға тиіссің, баруға тиіс». Ал «қажет», «керек» жіктелмейді. Қазір екінің бірі «бару керекпін», «баруыңыз керексіздер», т.б. деп сөйлейді. Бұл – қате.
2. «-Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе» сұрау есімдіктері жалғанғанда оның алдындағы етістік аяқталмай, көсемшенің «-а, -е, -й» жұрнағымен бітуге тиіс. Мысалы, «бола ма, келе ме, қарай ма», т.б. Ал біздің журналистер «болады ма?» дегенді сәнге айналдырып алған. Бұл – сауатсыздық.
3. Қазақ тілінде үш шақ бар екенін бәріміз де мектепте оқыдық. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ. Осы шақ: оқып жатырмыз. Өткен шақ: оқыдық немесе оқығанбыз. Келер шақ: оқимыз. Біз «оқитын боламыз» деп жүрміз. Бұл орыстың «будем читать» дегенінің тікелей аудармасы.
4. Соңғы кезде «сәйкесінше» деген бір сөз шықты. Бұл да орыстың «соответственно» деген сөзінің тікелей аудармасы.
5. «Ойымен, пікірімен бөлісті». Дұрыс емес. «Ой бөлісті, пікір алысты» деу керек.
6. Ас+паз. «Паз» – зат есімнен зат есім тудыратын жұрнақ. «Ас» түбіріне «паз» жалғанған соң сөздің мағынасы өзгеріп, «ас пісіретін адам» деген мағына беріп тұр. Ал біз «аспазшы» деп жүрміз.
7. Қазір әйелдер «нәзік жандыларға» «айналып» кетті. Бұл да – калька, орыстың «представители слабого пола» дегенінен шығарып алған сөзіміз. Қазақтың әп-әдемі «қыз-келіншектер», «бойжеткендер», «әйелдер» деген сөздері бар ғой.
8. «Сәттілік!». Бұл да – орыстың «удачи!» деген сөзінің тікелей аудармасы. «Сәттілік тілеймін!» деу керек.
9. «Орын алды». Соңғы кезде «болды» деген сөздің орнын осы тіркес «тартып алды». Бұл да орыстың «имеет место» деген сөз тіркесінің сәтсіз аудармасы.
10. «Менің үлесім осы қаржының ..... пайызын құрайды». Бұл да – орыстың «составляет ... процентов» деген тіркесінің көшірмесі. Мұны «Осы қаржының... пайызы – менің үлесім» десе, қазақы, өте сауатты сөйлем болар еді.
11. «Баруда, келуде». Қазақ тілінде «жатыр, отыр, тұр» деген сияқты көмекші етістіктер бар. Біз қазір сөзді азайтқымыз келе ме, «-уда», «-уденің» көмегімен жаппай осы етістіктерге «байкот» жарияладық. «Мен мақала жазып жатырмын» дегеннің орнына «Мен мақала жазудамын» дейміз. Осы «аурудан» құтылуымыз керек.
12. Біз «алғыс» деген сөздің салмағын тым жеңілдетіп жібердік. Ұсақ-түйек нәрселердің бәріне алғыс айтамыз. Алғыс сөзінің жүгі ауыр. «Алғыс» сөзінің мағынасы орыстың «благодарить» деген сөзінен гөрі «благославить» деген сөзіне жақындау. Бұл – «ризашылық білдіруден» гөрі «батаға» жақын сөз. Сондықтан көп жағдайда «ризашылық білдірді» , «рақмет айтты» деген сияқты сөздерді қолданған дұрыс болар еді.
13. «Үлкен рақмет» деген тіркес бар. Қазақ «көп рақмет» дейді. Бұл да орыстың «большое спасибосының» көшірмесі.
14. «Осы көзқарас қаншалықты дұрыс?». Біз қазір сұрау есімдіктерін ұмытып барамыз. «Дұрыс па?» деудің орнына «қаншалықты дұрыс?» дейміз. Бұл да орыстың «насколько правильно?» дегенінің аудармасы.
15. «Жұмыс жасайды». Күрделі етістіктердің қалыптасқан нақтылы жасалу үлгісі бар. Мысалы, «жұмыс істейді, қызмет етеді, еңбек етеді», т.б. Біз қазір «жұмыс жасайды» дегенді шығарып алдық. Негізі әдеби тіл нормасында «жасау» деген сөз шын мәнінде бірдеңе жасаған кезде қолданылады. Мысалы, «жаттығу жасау» деген сияқты.
16. «Барғалы бері», «айтқалы бері». «-бері» сөзі жалғану үшін «бар» түбіріне «-қан, -кен, -ған, -ген» деген септік жалғаулары жалғануы керек. «Барғалы, келгелі» деген сөз онсыз да толық мағынаға ие болып тұр. Мысалы, «мен осында келгелі жақсы ұйықтап жүрмін». Немесе былай болуы керек: «мен осында келгеннен бері жақсы ұйықтап жүрмін».
17. «Таңдау жасады». Қазір осы сөз де әбден «сәнге» айналды. Қазақ «таңдады» демей ме?
18. Сөйлемдегі барлық сөздерді бір әріптен бастап, ассонансты шамадан тыс қолдану арқылы мәнсіз дыбыс қуалаушылық. Журналистер осылай сөйлесек, тілді керемет білетінімізді көрсетеміз деп ойлайтын болса керек. Мысалы, мына сөйлемге назар аударыңыздаршы: «Бүлдіршіндердің етектеріне емінген есерсоқтардың ессіздігі етек алып барады». Ең алдымен, мағынасына, ойды дұрыс жеткізуге көңіл бөлуіміз керек.
19. Көптік жалғау орынсыз қолданылып жүр. Мысалы «шаш, су, ұн» деген сияқты сөздер көптелмейді. Сонымен қатар, жанды, жансыз заттың мөлшері, көлемі көрсетілсе, көптік жалғау жалғанбайды. Мысалы, біз «бір топ адамдар» дейміз. Адамның көп екені «бір топ» деген тіркестен-ақ белгілі болып тұр ғой.
20. Орыс тілінің сәтсіз калькасына тағы да бір мысал. Мысалы, «Тұмаудың белең алуы күннің суытуымен түсіндіріледі» дейміз. Орыстың «обьясняется похолоданием» дегені ғой. Ал дұрысы – «Күн суытқандықтан, тұмау белең алып кетті» болуы керек.
Гүлнар САЛЫҚБАЙ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты
дереккөз: anatili.kazgazeta.kz