ӘДІСТЕМЕЛІК КӨМЕК КӨРСЕТТІ

26.05.2023

2023 жылғы 26 мамыр күні Тіл саясаты комитеті Әдістемелік қамтамасыз ету және лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкен, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Лиза Есбосын, Әдістеме басқармасының ғылыми қызметкері Айгүл Әділбекқызы Атырау облыстық тіл оқыту әдістемелік орталығының іс-тәжірибесімен танысып, әдістемелік көмек көрсетті.

 

Бұл орталық осыдан үш жыл бұрын құрылған болатын. Ұрыста тұрыс жоқ, қысқа мерзімнің ішінде біраз істің басын қайырып тастады. Биыл 900 адамды оқытуға бел буып отыр. Күні бүгін мемлекеттік тілді оқыту курсы бойынша – 39, ағылшын тілі бойынша – 124, орыс тілі бойынша – 15 тыңдаушы сертификат алып шықты. Бұдан басқа іс-шаралар, әдістемелік жұмыстар, біліктілік арттыру семинарлары ұдайы өтіп тұрады.

 

«Біз келген сәтте тіл үйренушілер Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін ағылшын тілінде тамылжыта шырқап жатыр екен. Оқыту үрдісінде сан мәрте тыңдап жүрсек те, біртүрлі жанға жылы, құлаққа жұмсақ тиеді екен. Әрі қарай әдістемелік көмек көрсетуге кірістік», – дейді сапар барысынан хабарласқан Лиза Қожаққызы.

Мұның облыс тұрғындарына мемлекеттік тілді еркін меңгерту, сонымен қатар өзге этнос және шет тілдерін үйретуде мол септігі болары сөзсіз.

Комментарии (0)
Оставить комментарий