ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАЗУЫН ФЛЕКТИВ ӘЛІПБИЛЕРДЕН ҚҰТҚАРУ ҚАЖЕТ
Мен ақиқатты меншіктене алмаймын, тек қисындар схемасын ғана ұсына аламын.
– Серікбол Қондыбай
Қазақ емлесінің дертіне дауа кирилше жазуда табыла қойған емес. Емле дертін "жауырды жаба тоқып", лекерлеп келе жатқанымыз рас. Сол себепті жазу реформасы шынында да өзекті. Бірақ... Ал енді жаңа латынша қаріп емлені «сол дерттен» айықтыра ала ма?! Бұл жайындағы тартыс лайық шешімге апара ма, әлде оны бұрынғыдан да өршіте ме?
Бұл дау-дамай емес, шындығында емледегі бұл «дертті емдеу» айналасындағы ғылыми талас және ол керек тартыс, онсыз алға баса алмаймыз, сәйкес шешім табыла қоймайды.
Өткен ғасырдың 90-жылдарын ескермегенде, берісі 2006 жылдардан басталған әліпбиді латыншалау науқаны мен шаралары әлі күнге күн тәртібіндегі емле мәселесін шешуге қабылеті барын байқата алмай келеді. Бұған басты себеп: әліпбиді жаңғыртудағы нақты тұжырымның жоқтығынан, болған тұжырым толық ғылыми сараптан өте алмай, әркім өз көзқарасын тұжырымға балауға тырысатындықтан; ақыры жаңа әліпби жасақтау үдерісі оны айналып өтіп, саясиланған тұжырымға маңдай тірегенінен болып жатыр. Бұл – бір. Екінші назар аударғымыз келетін жайт: басында латынша-26 нұсқасымен қазақы әліпби жасағысы келетіндер, қазақ тілін термекілге/клавиатура бағындыра жаздағаны; одан кейінгі нұсқалардың нені неге бағындырғысы келетіні, болмаса не нәрсеге басымдық беретіні беймәлім болып жатқандығы. Қысқасы, қазақ тілі өзіне тән әліпби мен емлеге ие болу мәселесі барған сайын дау мен таласты өршітіп келеді. Жауаптан гөрі сауал молайды. Шешімнен гөрі мәселе ұлғайды.
Бұның арғы жағында не тұр? Біздің ойымызша, бұның астарында – тіл табиғатының мәнін ескермеуден не білмеуден туындаған қатпар-қатпар мәселе жатыр. Мысалға қазақ тіліне әліпби іздегенде кейбір ғалымдар тарапынан басты қағидаға айналған «бір дыбыс – бір таңба» деген тұжырымның өзі тілімізге қажетті қабілет пен қасиетті айшықтайтын дүние ме еді деген күдігі басым күңкілді балалатты. Агглютинатив сипатты қазақ тіліне сол принцип тән бе? Шын мәнінде бұл принцип бір үнді бірнеше құбылтатын флектив/үншең тілдерге тән қағида еді. Сонда да қазақ тілі үшін «бір дыбыс – бір таңба» талабы орындалмастан келеді. Дұрысы – орындала алмай келеді. Соның орындалуы міндетті ме еді?! Жоқ! Бұл әсіресе, У мен И дыбыстарына қатысты қазақ жазуының атасы Ахмет Байтұрсынұлы төте жазу әліпбиін түзгеннен бері толық шешімін таппай келе жатқан мәселе.
А. Байтұрсынұлы өзінің төте жазу әліпбиін қалыптастыру барысында бірнеше рет сатылап, жетілдірумен айналысты, емлені барынша нығайту мақсатымен реформаны бірте-бірте эвоюциялық жетілдіруге ден қойды. Себебі, араб жазуындағы әріптердің қазақы дауысты дыбысты беруге қабілеті жетіспеді және де тіл табиғатын да, емлесін де ашпады. Өйткені, араб тілі мүлдем өгей тілдік жүйе еді. Сол себепті, әуелде Ахаң ең әуелі 1912-1922 жылдары «төте жазуда» арабша Е таңбаға қазақтың Ы/І, Е, И/Й бес дыбысын арабтың бір таңбасымен беруге мәжбүр еді, яғни басында қазақ емлесі арабтың «бір таңба – бірнеше дыбыс» қағидасына бағынуға мәжбүрленді.
1923 жылы А.Байтұрсынұлының ұсынуымен «төте жазуға» түрлендіру жасалып, О/Ө, Ұ/Ү, У (жарты дауысты) дауыстыларды таңбалайтын бір таңбаның орнына тәуелсіз үш бірдей таңба таңылды. Бұл да жетістік еді. Сөйтіп жуан-жіңішкелігі ескерілмесе де, қазақтың басты үш дыбысы егемен болды. Аталмыш қадам қазақ лингвистикасындағы айтулы оқиғаның бірі еді. Бұл өзгертімдер А.Байтұрсынұлының белгілі «Тіл-құрал» еңбегінде көрініс тапты.
Қазақ тілінің емлесін алғаш рет ресми реттеу ережесі 1923 жылы 23 наурызда Қазақ-қырғыз Білім комиссиясының №71 қаулысымен қабылданады. Бұл комиссияның төрағасы – Х. Досмұхамедов, мүшелері – М. Жұмабаев пен Ә. Диваев болған. Аталмыш ереже Түркістан Республикасы Халық комиссары С. Қожановтың №43 бұйрығымен сол жылы 23 наурыз күні бекітілген.
Алайда, бұл шешім қазақ тілінің бұлжымас емле ережесі болды деуге келмейді. 1940 жылға дейін талай түзетулер орын алған. Атап айтқанда, бүгінге дейін дауы басылмаған Й/И мен У дыбыстарын Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл - құрал» еңбегінің 1925-1927 жылдарда бірнеше рет басылған нұсқаларында «жарты дауысты» деп танығанмен, оларды дауыссыздар қатарына жатқызған. Бұл дыбыстарға қатысты талас 1925 жылғы тұңғыш Білімпаздар жиынында қаралып, 11 адам - дауыссыз, 4 адам - дауысты деп дауыс беру нәтижесінде дауыссыздар қатарына жатқызылады. Ал бұларға қатысты ережелер өзгеріссіз қалды.
Ахаң өзінің «Тіл жұмсар» кітабында Ұ/Ү дыбыстарына «талғауық дыбысшылар» деп баға береді. Өйткені, бұл дыбыстар сөз ішінде орын талғайды, ал түбір сөздердің басында, басқы буында келеді деп көрсетті.
Алайда, аталмыш дыбыстардың затын тану емледегі мәселені шеше қоймады. Оны шешудің маңызды бір жолын қазақтың тұңғыш тілбілім профессоры Құдайберген Жұбанов, мына қосар дыбыстарды – ЫЙ/ІЙ, ҰУ/ҮУбір таңбамен И, У түрінде жазуды ұсынып, барынша тиімді шешім шығарған еді. Бірақ ол іс жүзінде кейінірек І.Кеңесбаев пен М.Балақаевтар тұсында ғана іске асты. Ал бұл шын мәнінде үндес/сингармо әліпби түзудегі бір қадам болатын. Және де бұл қадам әлгі флектив тілдерге тән «бір дыбыс – бір таңба» қағидатына қайшы, себебі қазақтың тұңғыш кәсіби лингвисі бұл қағидаттың агглютинатив тілдердің табиғасына жат екенін сәтті байқаған болатын.
Қазақтың төл емлесі қолға алынғалы басталған қосар әріп әуресі сол кезден-ақ дауға айналып, одан кейінгі ХХ ғасырдағы латын әліпбиін қабылдаған жылдарда жалғасты. Латын жазуындағы қатенің төрттен біріИ мен У-ды таратып қос әріппен жазудан деп дабыл қаққан Құдайберген Жұбанов: «Мұнымен есептеспеске болар ма екен? Қосар әріптің жазудағы қиыншылығымен санаспай болмайды» деп арнайы мақала да жариялаған (Қосар ма, дара ма?, 1935 ж.). 1929-1940 жылдар аралығында қолданыста болған латын әліпбиіндегі қиындық пен ала-құлалық та осы И мен У-ды қосар таңбамен беру мәселесінде орын алғандықтан, 1938 жылы ол дыбыстарды барлық жерде бір ғана таңбамен жазу туралы шешім шығарған.
Қ. Жұбановтың өзі ұсынған сингармо әліпби жасау мәселесін толық шешуге репрессиялық сүргіннен мүмкіндігі болмады. Бірақ бұл мәселе әлі күнге басы ашылмаған күйі қалып отыр. Қазақ тіл білімінде бұл тақырып қозғалмаған күйі өзектелмеген қалпы қалды. Әйтпесе көп мәселеге шешім табылар еді. Себебі неде? Бұған жауапты тағы да сол тілдің жазу табиғасының (табиға – Серікбол Қондыбай термині) толық танылмағанынан, тілбілім нысанына айналмағандығынан деп бір қайтара тұралық. Осының кесірінен қазақ тілі өзіне тән, өз табиғатына қажет жазу құрылымын әлі тапқан жоқ!
Алайда, жоғарыда келтірілген бірнеше жылдарды қамтыған ұлы білімпаздарымыздың еңбегі еш емес, керісінше, сол еңбектер арқылы тілдің табиғасы бірте-бірте ашыла түсті. Бірақ, оның төл келбетін советтік лингвистика толық ашуға мүмкіндік бермеді. Өйткені, қазақ тілінің өз келбеті болуын сұрқия саясат қаламады, оған қазақ тілі қайткенде де, орыс тіліне тәуелді болуы керек сценарий жол бермеді. Міне сол қитұрқылық инерциясымен әлі келеміз, соның кесірінен дауға дау, таласқа талас қосып алдық. Бірақ шешімнің қарасы көрінбейді.
Дауы шешілмеген У мен И әріптерімен таңбаланған қосар дыбыстардың әлі күнге тиянақты емлесі бар дей алмаймыз. Ұу/Үу қосар дыбыстарын бір таңбамен У-мен белгілеу машығы шын мәнінде қазақ тілінің төл табиғасынан туындайды. Бірақ сол табиғаны тап басып лингвистикалық қағидамен ашып бере алмағанның кесірінен, бұл прецедент теориялық жағынан басы ашық күйінде қалып, жұрттың көкейіне көп сауалды саулатып отыр. Бұның теориялық әрі практикалық ілімі ашылмағандықтан, қазақ емлесіндегі бұл көріністің қағидасы жұмбақ, ережесі нақтыланбаған. «Бұуұу» сөзін буу түрінде жазу ақтаулы болғанмен, бұл жазбаны «Бүуүу» түрінде де оқуға болады ғой. Сол секілді су, бу, ту сөздерін неліктен сұу, бұу, тұу түрінде оқуымыз керегін нақтылайтын емле жоқ, прецедентті зорлап сіңірудеміз. Бұны жан-жақтан алуан тілдің түрлі ықпалына қалған жас буын да, тілді үйренуші де сүу, бүу, түу түрінде оқуға қақы тағы бар... Солай етіп те жүр! Басы ашылмаған дүмбілез дүние. Бұл емле тілдегі ерекшелікті аша алмай тұр! Сөйтіп, жазарманы мен оқырманын шатастыратын бірден бір жасанды әрі шикі, бір қайнауы жетіспеген «жартыкеш дауыстылар» қағидасының мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Ал енді Й/И әріптерінің әуселесіне келейік. Бұл таңбалар әріп ретінде қазақтілді ортаны әуелден шатастырып келе жатыр. Қараңыз: жиын, жинақ, жина секілді сөздердің түбірі – «жый» сөзі. «Тиін» сөзінің түбір буыны - «тій». «Тиын» сөзінің түбір буыны – «тый». Екі буынның да жуан-жіңішкелігі әртүрлі бола тұра, бір формант болып тұр: ТИ. «Егер де соңғы буындары жуан/жіңішке болып келсе, И әрпі сәйкесінше жуан ЫЙ, не жіңішке ІЙ қосар дыбыстарын таңбалайды» деген нақты ереже болса, онда бұл сингармо әліпбиінің қағидасы болып шыға келер еді және соған сұранып та тұр! Осындай ый/ій қосар дыбыстардың бір таңбамен жазылуын нақтылайтын тиянақтыемле ережесі бар ма? Жоқ! Болса да, жазарманды сендіре алмайды. Яғни алуан ахуалды ажырататын қағида жоқ. Бар болғаны авторитетке негізделген догмаға ұқсас ереже.
Ал енді мына қызықты қараңыз: «жый» түбірі секілді «сый» формантынан құралатын сөздердегі қосар дыбыстарды бір емес екі әріппен жазып жүргеніміз қалай?«Сый», «сыйақы», «сыйлық», «сыйтабақ»... Бұларды да неге жина, жиналыс, жинақ секілді«си», «сиақы», «силық», «ситабақ» түрінде жазбасқа?! Оның есесіне «сыйпат» сөзін СИПАТ түрінде жазамыз – логика болсайшы!Әлде С дауыссызының құбылатын бір сыйқыры бар ма?!Қазақ тілбіліміндегі бұндай әртекті қағида мен қайшылықты қандай ережемен де арашалай алмайсың. Мәселе емледегі шешімін таппаған дүниелерде болып тұр!
Енді «бір дыбыс – бір таңба» қағидасына бағындырып, жазу реформасын жүргізуді мақұлдаушы топтардың әрекетіне келейік. Аталмыш қағида агглютинатив/буыншаң сипатты қазақ тіліне емес, орыс тілі секілді флектив тілдерге тән қағида екенін басында атап өткенбіз. Флектив сөздер таңбамен әр дыбысын түгендемесе жазуға да, оқуға да шорқақ. Өйткені, флектив/үншең тілдер үшін сөзөзгерім құбылысы флексилердің сүйемелімен жүзеге асады: флексилер дегеніміз – бойына бірнеше мәнді жинақтаған форманттар. Сөйтіп, флектив тілдер әрбір қыңқ еткен дыбысты дұрыс таңбалауға мәжбүр болады. Соның өзінде ол тілдерде «ит деп жазылып, шошқа деп оқылу» мәселесі сол күйінде шешілместен келе жатыр. Флектив тілдер жазу жүйесіне кіріккен біздің агглютинатив тіліміз де соның жолын құшып келеді: көкөніс деп жазып, көгөнүс деп айтамыз. Орфография мен орпоэфияны «күндес» етіп қойғанбыз. Міне осы қайшылықтан құтылғысы келетіндер «бір дыбыс – бір таңба» принципіне жүгінгісі келеді.
Агглютинатив/буыншаң, жалғамалы қазақ тілі ондай ұсақтықты жаратпайды, өйткені ол бүтін бір буынды не буыншақты/микробуынды бір таңбамен де жазып кетуге кеңпейілді тіл. Бұны 1923 жылғы бекітілген алғашқы ресми емле ережесінің өзі «бір дыбыс – бір таңба» емес, «бірнеше дыбыс – бір таңба» принципімен жазылғанын да аңғарайық. Бұл ереже үзігін зерттеуші Е. Маралбек мырза өзінің «Қазақ емле ережелерінің қалыптасу тарихы» мақаласында «Ескерту: мәтін емле ережелері болғандықтан ережелердің нақты сипатын көрсету үшін түп нұсқаға дәлме-дәл транскрипция жасалды» деген маңызды ескертуін құп ала отырып, мына сөздердің сол кездегі жазылуына мән берелік:
- даусты – дауысты
- ноқатсз – ноқатсыз
- қойылб – қойылып
- бұунда – буында
- жазлмайды – жазылмайды
- бұун – буын
- ашқ – ашық
- сөздң – сөздің
- соңнда – соңында
- астнда – астында
- болмағандқтан – болмағандықтан
- әзрге – әзірге
- ұтрлы - ұтырлы
- тк – тік
- әлпбійінен – әліпбиінен
- мұнң – мұның
- үшкл – үшкіл
- қалбты – қалыпты
- бұуыннда – буынында.
Бірінші бағандағы Ақаңның жазуы бүгінгі кирилше жазумен «бір дыбыс – бір таңба» талабына сәйкесе қоймайтын, оның орнына қысаң І/Ы дыбыстарының таңбаланбау үлгісін көріп отырмыз. Бұл шын мәнінде агглютинативтілге тән жазудың бір көрінісі болатын! Ұлт ұстазы сол тіл қағидатына бағынған адам! Ал біз керісінше тілді бағындырып келеміз.
Егер де аталмыш жазу үлгісін одан әрі жетілдіргенде, қағидалау барысында қазақ орфографиясы мен фонемаграфиясының барынша тиімді де оңтайлы шешімі табылар еді. Бірақ тарихи ахуал бізді ондай мүмкіндікке қол жеткізбеді.
Өкінішке қарай, бүгінде жазу арқылы қазақ дыбыстарын түгендеу технологиясын қолға алған ғалымдар қазақ емлесін шұлғаудай шұбалыңқы қалыпқа түсіретінін аңғармай қалып жүр. Агглютинатив тіл үшін «бір дыбыс – бір таңба» принципі жазуды барынша қиындатып, оқуды ежіктеуге мәжбүр ететін орашолақ емлені тудырады. Орфоэпиялық транскрипцияны фонемаграфияға айналдыру тілге ғана емес тілбілім саласына обал. Және де жалғанбалы тілдің жазба сипатын шұбалаңқылыққа айналдыратыны сондай, қазақ тілінің жазба көлемі кемінде 25-30 пайызға ұлғаяды. Бұл жазарманды да шошытады, жазу жұмысы мен шығынының да көлемін енапат етеді. Бұндай жазуы бар тілден тілдік орта тұйыққа тіреледі; жазу мүмкін болмайды; тілдік қауым ондай тілден бас тартады. Бұл тілдің табиғасын тұтынушылар мен үйренушілерге күрделі етіп көрсетеді.
Мысал үшін «бір дыбыс – бір таңба» принципіне бағындырып, тіл білім ғылымының ақсақалы Нұргелді Уәлидің «Орфографияға оңтайлы әліпби керек» атты сұхбатына сүйене отырып, мына сөздерді қарастырайық:
Бүліну – бүлүнүу
Ұрыну – ұрұнұу
Суыну – сұуұнұу
Жылыну – жылынұу
Сұрқия – сұрқыйа
Сусылдық – сұусылдақ
Қиюластыруы - қыйұуластырұуұ
Оңтайлы әліпби орфографияға да емес, орфоэпияға да емес, ең алдымен тілдің үндестік заңын паш ететін және соны орфография мен орфоэпияға қызмет еткізу қажет!
Шын мәнінде қазақ тілінің емле теориясын сингармологияға икемдеуге батылдықпен кірісетін реформа қажет, бұл реформа жаңаша ойлауға ғана бағынады. Бұл жөнінде белгілі фонолог, сингармонист ғалым Әлімхан Жүніспбектің«Сингормология или неизвестный сингармонизм» еңбегі бұл ойымызды одан әрі өзектендіре түседі: Тюркская (казахская) транскрипция имеет уникальную особенность – орфография равна орфоэпии – т.е. орфоэпическая от природы структура тюркской (казахской) речи не требует специального транкрипционного обеспечения при фонетическом анализе тюркского текста...
«Тюркоцентризм», это – методы и принципы анализа казахского (более шире тюркских, еще шире урало-алтайских языков) языка, где теоретической основой анализа фонетики является сингармология. Сингармология – раздел тюркологии, изучающий структуру звукового строя казахского (тюркских языков) языка и функционирование звуков в казахской (тюркской) языковой системе. Основной единицей сингармологии является сингема...В результате сингармологических исследований устройство казахского (тюркских) языка предстанет в совершенно новом, непривычном для индоевропеистики, виде. Это будет реальная фонетическая картина органично присущая звуковому строю казахского (тюркских языков) языка. «Европоцентристский», навязанный ко всем типологически различным языкам мира термин «фонология» показывает свою несостоятельность.» Бұдан әрі ойды өрбітудің өзі артық. Осы бағытта іске кірісу қажет.
Серік Ерғали, лингвист