ТІЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ОЙЛАНАТЫН БІР МӘСЕЛЕ БАР
Аятжан Ахметжанұлының «Ютуб» арнасындағы сұқбатымен танысып,ойға ой қосуды жөн көрдім. Түсінікті болу үшін айта кетейін. Бұл сұқбатта Қытайдан келген балалардың біздің жазуымызды тани алмай, оқу барысында қиналатыны туралы мәселе қозғалады.
Мектепте істеп жүрген кезімде мұндай оқиға өз басымнан да өткен. Ұмытпасам,сегізінші сыныпқа ғой деймін,қыс ортасында Бағдат деген бала келді. Қытайдан келген қандас екен. Әлгі оқушыны математик апай мен ағылшын тілінің мұғалімі алғыр деп мақтап жүрді. Өзге пәннен сабақ беретін мұғалімдер ұната қойған жоқ. Олай болатыны, кирилше жазуды,біздің жазуды тани алмайтындықтан,оқи да, жаза да алмайтын.
Түстен кейін алып қалып,қазақ әліпбиін үйретіп жүрдім.Өзі – біртоға,жақсы бала. Ауызша айтқаныңды тез қағып алады.Содан әріп танып оқи бастады, ал диктантқа келгенде қатты қиналатын. "Мен төте жазумен жазып берейінші", -деп өтінетін.Әкейден үйренгенім бар,университетте бір семестр оқығаным бар,төтені ептеп білуші едім. Алайда өз әліпбиіміз тұрғанда қайтіп төтемен жазғызып қоймақсың? "Жоқ,олай жазуға болмайды", - деп, кей уақытта сабақ соңында алып қалып,диктантты жеке жазғызған кездер де болды. Сол жылы қызмет бабымен тіл саласына біржола ауысып кеттім де,әрі қарай ол оқушымен байланыс үзіліп қалды.
Жыл сайын Қазақстанға шетелден қандастарымыз келеді. Келушілердің географиясы қандай болса,хат тану деңгейі де түрліше.Жалпы,әлем қазақтары үш графикада – латынмен,кирилмен,төте жазумен жазатыны белгілі. Алдыңғы екеуіне өз әліпбиімізді үйрету қатты қиын болмас.Ал Иран,Ауғанстан,Қытайдан келген,төтемен жазатындар үшін хат тану деген – өте күрделі мәселе.
Қолымызда тың мәлімет жоқ. Дегенмен 2014 жылы Түркия үкіметі жариялаған шетел қазақтарының саны туралы дерекке сүйенсек, Қытайда 2 миллионнан аса, Иранда 53 мыңнан аса, Ауғанстанда 45 мың қазақ тұрады екен. Енді осының жоқ дегенде бір пайызы елге келсе, әжептәуір дөңгелек санды құрайтыны анық.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 124,9 мың этникалық қазақ оралыпты. Ал 2023 жылдың өзінде 1 қарашадағы жағдай бойынша 17 903 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған екен. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27%), Маңғыстау (16,6%), Түркістан (7,1%) және Жамбыл (3,6%) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,5%), Алматы (7,6%) және Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанған көрінеді.
Рас, сырттан келген қандастарымызға үкімет тарапынан материалдық көмек көрсетіліп, тағы басқа мәселелері шешімін тауып жатады. Алайда оларды жеке оқыту, хат таныту мәселесі әлі ескерілмей келеді. Ой қосуға арқау болған мәселе туралы айтар болсам, республика бойынша жүздеген тіл оқыту орталығы бар. Ендігі кезекте оқыту орталықтарында шеттен келген қандастар үшін хат танытуға арналған курстар қолға алынуы керек. Әсіресе, төте жазумен ғана жазатын қандастарымыз үшін осындай курстар олар жиі қоныстанған жоғарыда атап кеткен өңірлерде ұйымдастырылар болса, еліміздегі тіл саясатын жүзеге асырудың олқы соғып тұрған бір бөлігі шешімін тапқан болар еді.
Жұпар Жақан,
Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м.