«Қазақ тілін технологиялар арқылы оқыту мәселелері: теориядан тәжірибеге дейін» республикалық онлайн-семинары

26.03.2024

Қазіргі заманда ғылыми-техникалық прогрестің дамуына байланысты оқытудың дәстүрлі формасынан интерактивті, мобильді формасына ауысқанымызға пандемия өз әсерін тигізді. Қашықтықтан оқыту түрлі платформалар арқылы жүзеге асырылып, бүгінде оқытудың гибридті түрлері де кеңінен қолданылады. Онлайн және офлайн оқыту жаппай ашық білім беру платформалары және түрлі мобильді қосымшалар арқылы іске асып жатыр. Соның ішінде тілді мобильдік қосымшалар арқылы оқыту алғашқылардың бірі болды десек жаңылыспаспыз.

Мобильді телефондардың мүмкіндіктері мен күн сайын жаңарып жатқан функциялары тіл үйренушіге электронды ресурстар арқылы өзіне қажет әдебиеттерді, контентті, мобильді қосымшаларды жүктеуге өте ыңғайлы және пайдалы. Осы орайда 2024 жылдың 28-29 наурыз аралығында өтетін семинарда қазақ тілін өзге тілді аудиторияға оқытуда ғаламтордың мүмкіндіктері мен жаңа технологияларды тиімді қолданудың тәжірибесі ұсынылады.

Семинардың спикерлері отандастарымыз бен шетелдік азаматтарға қазақ тілін оқытып жүрген әрі бірнеше тілді меңгерген тәжірибелі мамандар болып табылады. Шара SDU University мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығының бірлесуімен «Ғылым күніне» орай ұйымдастырылады.

Комментарии (0)
Оставить комментарий