«Бекітілген терминдерге мониторинг» жобасының онлайн семинары
2024 жылғы 10 сәуірде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Бекітілген терминдерге мониторинг» жобасын ұйымдастырудың онлайн семинары өтті.
Семинарды кіріспе сөзбен аталған ұйымның атқарушы директоры Лиза Есбосын ашып, үшінші жыл жүзеге асырылып жатқан жобаның маңыздылығы мен жаңа міндеттеріне тоқталды. Жоба жетекшісі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы Қарлығаш Айдарбек ауқымды ғылыми жұмысты жүргізудің биылғы жылғы ерекшеліктеріне тоқталды. Атап айтқанда, жаратылыстану-техникалық бағыт салаларының терминдеріне мониторинг жүргізудің күрделі мәселесі – терминдердің дефинициясын айқындау, метабелгісін анықтау. Бұл мәселеде сала мамандарының да кеңесі де ескерілетінін атап өтті. Сондай-ақ жұмыс тобының мүшесі, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к. Бауыржан Жөнкешов, Тіл саясаты комитеті Лингвистикалық жұмыстар басқармасының бас сарапшысы Жанар Асанова, жобаның үйлестірушісі, терминолог ғалым Бақытгүл Ысқақ жұмысты ұйымдастыруға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.