«Қазақ тілі мұғалімдерінің форумы-2024»: Қарағанды форумында «Тіл-Қазына» ғалымы сөз алды

16.04.2024

2024 жылғы 16 сәуір күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме LAB жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ысқақова «Қазақ тілі мұғалімдерінің форумы-2024» шарасына қатысты.

Тіл жанашырлары мен өңірлік ЖОО ғалымдары, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының қазақ тілі мұғалімдері, сондай-ақ колледж оқытушылары мен тіл оқыту орталықтарының оқытушылары, барлығы алты жүздей адам қатысқан бұл келелі бас қосу, бірінші кезекте, республикалық деңгейдегі үздік əдіскерлермен кездесу ұйымдастырудың нәтижесінде қазақ тілін оқытудағы озық тəжірибелермен өзара бөлісуді көздеген еді.

Сөз жоқ, тіл – адамға берілген баға жетпес байлық, ал бүгінгі тіл майданындағы толассыз ісіміз – ертеңгі ел тағдыры.  Сондықтан, білім берудің барлық сатысында қазақ тілін үйретуге үлкен көңіл бөлу дегеніміз, сайып келгенде, ертеңіміздің кепілі болып шығады.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Өңірлік Тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған форумда тіл үйретудегі өзекті мəселелерді шешудің жолын қарастыру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, қазақ тілін оқытудың заманауи озық технологиялары мен IT жобалар, отандық жəне шетелдік əдіс-тəсілдер төңірегінде сөз болды. Бұдан басқа оқу-əдістемелік өнімдер əзірлеудің талаптары таныстырылды.

Арнайы шақыртумен қатысқан әріптесіміз  Ж.Ысқақова «Қазақ тілін IT жобалар арқылы үйрету» тақырыбында баяндама жасады.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Халықаралық «QAZAQ TILI» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы ордалы отырыстың көрігін қыздыра түссе, өңірдегі қазақ тілінің мұғалімдері өздерінің жылдар бойғы жинақтаған оқыту тәсілдерін ор­таға салып, бү­гін­гі озық технологияларға негізделген әдістемелері жөнінде жан-жақты әңгімелеуімен шараның шырайын асырып тұрды»,– деді Жазира Мақсұтқызы.

 

Комментарии (0)
Оставить комментарий