Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Оның жұмысына ҚР Парламенті депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері және ғалымдар қатысты.
Комиссия отырысында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі даму мәселелері, тіл мәдениетін арттыру және тілдік капиталды нығайтуға бағытталған үйлесімді әрі теңгерімді тіл саясатын жүргізу мәселелері қарастырылды.
Отырыс барысында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асырылу барысы және Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мемлекеттік тілде жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілге қатысты заманауи IT-жобаларды әзірлеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Сондай-ақ ҚР әділет министрі Азамат Есқараевтың мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметі туралы қоғамдық бірлестіктің президенті Рауан Кенжеханұлының баяндамалары тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша Комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Комиссия төрағасы Тамара Дүйсенова мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
Ақпарат көзі: https://primeminister.kz/news/memlekettik-til-sayasatyn-iske-asyru-zhonindegi-komissiyanyn-otyrysy-otti-28506