«ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ТАҒЫЛЫМЫ» атты дөңгелек үстел өтті

29.05.2024

29 мамыр күні Елордада қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін қалаушы, қоғам және мәдениет қайраткері, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 125 жылдығына орай «ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ТАҒЫЛЫМЫ» атты дөңгелек үстел өтті.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырған ғылыми жиында, қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуы барысында бар өмірін, күш-жігерін отандық ғылымға сарп еткен ірі ғалымының еңбектері талданып, бір турар тұлғаның өмірі туралы естеліктер айтылды.

Іс-шараның кіріспе сөзін сөйлеген «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы атқарушы директорының орынбасары Әділбек Қаба: «Тіл біліміне сіңірген өлшеусіз еңбегінен бөлек, ұлы ғалым ұлттық руханияттың қорғаны да бола білді. Қ.Жұбановтың сонау өткен ғасырдың 20-жылдардың ортасынан бастап, 30-жылдардың соңғы ширегіне дейін тындырып кеткен істері бұл күнде терең де өрісті ғылыми ойларға өзек», деді.

Құдайберген Қуанұлының ұлттық өнер, мәдениет, тіл, ғылым, дін салаларын зерделеу арқылы қазақ халқының жалпы руханиятына қосқан үлесін баяндаған ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Абдуллаұлы: «Құдайберген Жұбановтың тiкелей мамандығы тіл ғалымы болғандығына қарамастан, ол сондай-ақ ұлттық мәдениетiмiздiң, өнерiмiздiң үлкен жанашыры болды. Ол кісіні абайтану ғылымының бастауы болған тұлғалардың бірі деуге болады. Оған «Абай - қазақ әдебиетінің классигі» деген аяқталмаған терең мазмұнды, орасан зор еңбегі дәлел», деді өз баяндамасында.

Сонымен қатар, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары филология ғылымдарының кандидаты Нұрзия Əбдікəрімқызы мен жиынға модераторлық жасаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлназ Төкенқызы Қ.Жұбановтың өміріне, еңбек жолына қатысты тың деректер айтып, ана тілімізге сіңірген ұшан-теңіз еңбегін қатысушыларға кеңінен баяндап берді.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында оффлайн және онлайн форматта өткен дөңгелек үстелге еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен тіл мамандары ЖОО студенттері қатысты.

Комментарии (0)
Оставить комментарий